Basty bet

«Баланы ақылмен тәрбиелеу керек»

дейді тәжірибелі жаттықтырушы Тайжан Қозыбеков

Дзюдо күресінен жоғары дәрежелі жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші күреңбелдік Тайжан Қозыбековтың еліміздің спорт саласының дамуына қосқан үлесі зор. Тайжан Мәженұлының ауыл балаларын спорт өнеріне баулып, жаттықтырып, жетістікке жетелеп жүргеніне 35 жылға жуық уақыт болды.

Тәжірибелі жаттықтырушы Күреңбел ауылында туып-өскен. Күреңбел орта мектебін бітіріп, 1984 жылы Луговойдағы мал дәрігерлік техникумына оқуға түседі. 1985-1987 жылдары Белоруссияның астанасы Минск қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден оралған соң отбасылық жағдайына байланысты оқуын әрі қарай жалғастыра алмайды. Алайда өзінің қалауымен 1988 жылы қыркүйек айында спорт мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналасады.
Тайжан Мәженұлы мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап күреске қатысады. Спорттағы жеңісін әскер қатарында да жалғасырып, Спорт шеберіне үміткер атанды.
1996 жылы спорт мектебі жабылып, еңбек жолын Күреңбел орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жалғастырады.
-2000 жылы спорт мектебі қайта ашылып, спорт мектебіне алғаш болып Тұрар Көпжасаров, Имантай Әбеев, мен үшеуміз жұмысқа қабылдандық,- деп еске алды Тайжан Қозыбеков. -Спорт мектебі жабылса да мен ауылда балаларды жаттықтыруды тоқтатқан жоқпын.
Ол кездегі жағдай мен қазіргі жағдайды салыстыруға мүлдем келмейді. Спорт үйірмесі қазіргідей ауылдық әкімдіктің бірінші қабатында орналасқан. Жылу жүйесі істен шыққан. Қыста суық. Басқа жағдайы да мәз емес. Бірақ, соған қарамастан ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы зор болды. Зал балаға толып кететін. Жарысқа ауыл азаматтарының демеушілігімен баратынбыз. Ол кезде ауылда екі колхоз болды. «Күреңбел» колхозының басшысы Жетпіс Көпбаев, «Қаратас» колхозының басшысы Қанат Көсембаев ағамыз және спортшы Дүйсебаев Махамбет ағамыз бізге көп көмектесті. Бұл кісілерге ауыл азаматтарының атынан үнемі алғысымды білдіремін.
Ал, қазір спорт үйірмесінде барлық жағдай бар. Бірақ, жастардың қызығушылығы бұрынғыға қарағанда төмен. Бүгінгі жастар бар қызықты интернеттен іздейді.
Дәл қазір үш топта 30-40 бала бар.
Ауылдағы кішкентай ғана үйірмеден жаттығып бастаған ауыл жастары есейе келе республикалық, тіпті халықаралық жарыстарға қатысып, чемпион атанды. Атап айтсам, 2000 жылдары Ғани Сейділдаев деген шәкіртім болды. Өте талантты жас қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы болды.
Азия чемпиондары ағайынды Мият, Алмат Мұқымовтар, Қазақстан чемпиондары ағайынды Жанайдар, Нұржігіт Шайымқұловтар, Талапбек Жарылқасынов, Сембек Әліби, Әлихан Арман, Нұрбек Байдәулетов, Жандос Жадыраев, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері Шапағат Дәулет сынды ауылдан қанат қаққан спортшылар бар. Ал, қазіргі шәкірттерімнің арасында Едіге Қанатбекұлы, Данайбек Аружан және Сайлау Нұрдәулеттің болашағына үлкен үміт артамын.
Күреске балалар 9-10 жасында келеді. Оларға бір-екі жыл күрестің әдіс-тәсілдерін үйретіп, физикалық, психологиялық тұрғыдан дайындаймын. Баланы ақылмен тәрбиелеу керек. Бала мен жаттықтырушының арасында бір-біріне деген сенім болуы керек. Спортшы ешқашан өтірік айтпауы тиіс. Жаттығуда балаларды бөліп-жаруға болмайды. Бәрін бірдей көріп, бірдей үйретесің. Әр баланың қабілетіне қарай бір бала үйреткен әдісіңді бір-екі аптада үйренсе, бір бала екі айда үйренеді. Жаттыға келіп балалар өздері-ақ іріктеледі.
Мықты спортшыны тәрбиелеу үшін жаттықтырушы мен ата-ананың арасында тығыз байланыс болуы керек. Ата-ана баланы қолдап, қадағалап отырса, жаттықтырушы баланың қызығушылығын оята білсе, еңбекқор болса, нәтиже болады.
Жалпы, күрес – ауырлау спорт түрі. Күресте физикалық дайындық жақсы болуы тиіс. Спортшыға еңбекқорлық, төзімділік керек,- дейді Тайжан Қозыбеков.
Елімізге танымал спортшыларды тәрбиелеп жүрген Тайжан Мәженұлы отбасында жары Жанат Әсембекқызы екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ұлы Асқар да әке жолын қуып, күрестен халықаралық жарыстарға қатысып, Спорт шеберіне үміткер атанған. Бүгінде Асқар Елордамызда Еуразия университетінде дене шынықтыру факультетінде білім алады.
Ал, төрт қарлығашы Салтанаты Москвада оқып, еңбек етіп жүрсе, Кәмшаты Павлодар пединститутын бітіріп, Нұрсұлтанда жұмыс істейді. Ұлжаны Еуразия университетінің гидрология факультетінде білім алып, қазіргі таңда Елордада жұмыс істеп жүрсе, Аружаны Еуразия университетінің география факультетінде ІІІ курста оқиды.
Атақты чемпиондар мен спорт жұлдыздарын тәрбиелеп жүрген спортшы Тайжан Қозыбековты төл мерекесімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, бақыт тілейміз!

 

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close