Basty bet
“Айкүмістің” берекелі тірлігі
Жаңаталаптылық азамат Сейсен Жұмаханұлы құрған “Айкүміс” шаруа қожалығы бүгінде отбасылық кәсіпке айналған.
Шаруа қожалықтың иелігінде 100 гектар суармалы жер бар. Шаруа отбасы оның 20 гектарына түрік күнбағысын, 20 гектарына жоңышқаның “Клевер” тұқымын, қалған жеріне арпа-бидай еккен.
Шаруа қожалық биыл арпаның канадалық “Эльвин” деп аталатын тұқымын егіп, Жамбыл облысы бойынша өте жақсы өнім алды. Яғни, гектарына 50 центнерден арпа жинап, мол табысқа кенелді. 10 гектардан жинаған 50 тонна арпаны тұқымдыққа сақтауда.
Жаңашыл шаруа қожалық былтыр канадалық І репродукциялы “Эльвин” тұқымын алып еккен болатын. Биыл осы ІІ репродукциялы тұқымнан алған өнімі рекорттық көрсеткішке жетіп отыр.
Сонымен бірге Алматыдағы Тұқым шаруашылығы институтынан алып еккен “Киз” атты бидай тұқымынан да өте жоғары көрсеткіш, яғни гектарына 54 центнерден өнім жинады.
Шаруа қожалықтың тыныс-тіршілігі туралы жұмыстың басы-қасында жүрген Сейсен ағаның ұлы Ұлан айтып берді.
-“Түрік күнбағысын” өсірумен айналысқанымызға биыл қателеспесем 10 жылдан аса уақыт болды.
Түрік компаниясы “Түрік күнбағысы” тұқымын өздері береді. Сосын жинаған өнімді күзде өздері келіп алып кетеді. Естуімше, бұл күнбағыстан олар шоколадқа нуга жасайды екен.
Күнбағыстан алатын өніміміз де жоғары. Яғни, гектарына 1,5-2 тоннадай өнім жинап аламыз. Бұл – өте тиімді өнім. Себебі, жыл сайын күнбағыстың бағасы да өсіп келеді.
Біз Жуалыда күнбағыс егетін аз ғана шаруа қожалықтың біріміз.
Күнбағыс егуге Түркиядан “Курт” деген фирмадан арнайы күнбағыс тұқымын егуге арналған селка алғанбыз. Себебі, алған өніміміз талапқа сай болуы үшін мәселе оның дұрыс себілуінен басталады. Бұл техника облыс бойынша біз де ғана бар,- дейді Ұлан Айхожаев.
Шаруа қожалықтың иелегінде ауыл шаруашылығына қажетті жеті түрлі техникасы бар. Атап айтқанда, екі трактор, “Курт” атты селка, шөп тайлағыш, соқа, картоп қазуға арналған қосалқы агрегаттар.
Заман талабына сай шаруа қожалық қай кезде де жаңа, сапалы тұқымды егуге тырысуда. Ұлан Сейсенұлы жақында ғана облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек мырзамен бірге Түркияға арнайы іссапармен барып қайтты. Ондағы мақсат – өнімдерді экспорттау, импорттау, тәжірибе алмасу, нәтижелі жұмысқа келісім жасау.
-Менімен бірге біздің ауылдық округтен Сұлтан Ахметов деген кісі бірге барды. Ол азамат “Ахмет” шаруа қожалығының жетекшісі. “Ахмет” шаруа қожалығының сүт тауарлы фермасы бар. Сондықтан ол кісі фермасына қажетті жабдықтар алу мәселесі бойынша барған болатын. Ал, мен “Турсел тұқым” деген үлкен түрік компаниясында болдым. Алдағы уақытта компаниямен байланыс орнатып, тұқым мәселесі бойынша Түркиямен серіктес болып жұмыс істеу жоспарда бар. Яғни әзірге 50 гектар жерге келіссөз жүргізудеміз. Сонымен қатар қант қызылшасын егуді де жоспарлаудамыз.
Шаруа қожалық төрт кісіні тұрақты жұмыспен қамтуда. Науқан кезінде мәселен, күнбағыс жинауға 20 шақты адам жұмысқа тартылады,- дейді Ұлан Сейсенұлы.
Шаруа қожалықтың алмабағы да бар. Онда жаздық, күздік, қыстық алманың түр-түрі өсіріледі. Жақында ғана жаздық алмаларын жинап алды.
Аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев аудандағы мәселелерді де көтеріп, олардың оң шешімін табуына өз үлесін қосып жүреді. Ұланды шаруалардың мәселесі де ойландырмай қоймайды.
-Қазіргі таңда шаруалардың мәселесі шаш етектен. Ұсақ шаруаларға ауыл шаруашылығымен айналысу тиімсіз болып келе жатыр. Себебі, еккен өнімін өткізе алмайды. Өткізсе де өте төмен бағада өткізеді. Онысы оның шығынын да өтемейді.
Мәселен, дәнді дақылдар Өзбекстан шекарасынан өткізілмейді. Сондықтан үлкен проблемалар пайда болуда. Шаруалар жинаған өнімін уақтылы өткізе алмайды.
Одан кейінгі мәселе қажетті техниканың жоқтығы. Ауданда техникалардың көбі ескі. Байқасақ, бірде-бір Германия, Американың жаңа қуатты, мықты комбайны жоқ.
Жаңа техника жыл сайын қымбаттауда. Оның үстіне қайта өңдеу жинағы (утильсбор) деген шаруаларға қатты әсер етуде. Жалпы, салада осындай мәселелер өте көп,- дейді Ұлан Сейсенұлы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»