Basty bet

Өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге

Жомарттық қасиеті бар тұлғалар адамдармен тек материалдық құндылықтарымен ғана емес, сонымен бірге жандүниесінің байлығымен де бөліседі. Жомарт адам жақсы істерді көпшіліктің алғысын алу үшін жасамайды. Ол мұқтаж жандарды кішкене болса да бақытты еткісі келеді. Қолында тұрған зат өзіне қажет болғанымен, оны артық сөз айтпай, басқаға бере салады. Біз осындай керемет жандардан үлгі алуға тиіспіз. Сондай жандардың бірі – аудандағы кәсіпкер азаматша Нүрила Мәлібекова.
«Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жомарт түлек» жобасы аясында №2 Мыңбұлақ орта мектебінде «Болашақ өзіңнен басталады» тақырыбында мектебіміздің түлегі, жеке кәсіпкер, аудандық ата-аналар комитетінің және аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Топжарған» білім орталығының директоры Нүрила Мәлібековамен кездесу өтті.
Жоба аясында өткен кездесудің мақсаты – сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектердің жетістікке жету тәжірибесімен және өмір жолы, туған ауылы, мектебі туралы естеліктерімен бөлісу.
Туған жеріне, мектебіне деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге септігін тигізетіні анық.
Оқушылар кездесу барысында өз жүректерінен шыққан арнауларын оқып, күй ойнап, ән-биден шашу шашты. Көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кеш қонағымен пікір алмасты.
Мектеп директоры Нарбек Қожагелдин кездесуге келген Нүрила Эдіханқызына білім алған мектебіне, аяулы ұстаздарына құрмет көрсеткеніне, жас жерлестерімен ой бөлісіп, оларды үлкен жетістіктерге ынталандырғандары үшін алғыс білдірді. Осынау ұрпақтар сабақтастығы әрі қарай да жалғасуы тиіс екенін баса айтты.
Іс-шара соңында мектебіміздің жомарт түлегіне құрмет ретінде естелік сыйлық табысталды.
Танымал түлектің жүріп өткен жолы, еңбегі оқушыларға көздеген биіктеріне қол жеткізуге деген талпынысы оқушыларға да сенімділік ұялатады. Ең бастысы – талмай адал еңбек ету, туған жерін, мектебін естен шығармай, мүмкіндігінше оның өркендеуіне өз үлесін қосуды мақсат тұтуымыз қажет. Өйткені сол туған мекеніміз бізді өсірді, тәрбиеледі, арманымызға қанат бітірді.
Жомарт түлектеріміздің еңбегі өскелең ұрпаққа да өнеге болатыны сөзсіз.

Роза МҰРАТАЕВА,
№2 Мыңбұлақ орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close