Basty bet

жер және ауыл шаруашылығы мәселелері талқыланды

Өткен аптада аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рақымғазы Құниязов ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Отырыстың күн тәртібіне Жуалы ауданы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің 2025 жылы және 2026 жылдың II тоқсанында атқарған жұмыстары, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабының 2-тармақшасына сәйкес «Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелеріне қорытынды беру» туралы хатқа келісім беру, Көкбастау ауылдық округі аппаратының 2026 жылы атқарған жұмыстары және Ақтөбе ауылдық округінде 2026 жылы атқарылған жұмыстар туралы мәселелер енгізілді.Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жуалы ауданы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің директоры Дәурен Тастанбеков баяндама жасады. Баяндамашыға қоғамдық кеңестің мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Сонымен қатар, баяндамашыға Қоянды-Мойынқұм өңіріндегі жайылымдық жерлердің басым бөлігі келісімшарт негізінде басқа өңірлердің азаматтарына берілгені айтылды. Осыған байланысты аталған жерлер бойынша келісімшарт мерзімі аяқталған жағдайда және жерді пайдалану кезінде заң талаптары сақталмағаны анықталса, жер учаскелерін заңнамаға сәйкес мемлекет меншігіне қайтарып, сұранысқа ие болған жағдайда мал шаруашылығымен айналысатын Жуалы ауданының шаруашылықтарына беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Көкбастау ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтаев хабарлама жасады. Ауыл әкімі алдымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алған кәсіпкер азаматтар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, ауылдық округте «Көктөбе–2026» кооперативі құрылып, оның құрамындағы 12 кооператив мүшесі жалпы сомасы 106,5 млн теңге несие алған. Қаражат негізінен сүт бағытындағы мал сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар, кооператив өз қаражаты есебінен бір дана сүт тасымалдайтын автокөлік сатып алған. Кооперативтің негізгі мақсаты – кооператив мүшелерінен сүт жинап, оны сүт өңдеу зауыттарына өткізу.
Сондай-ақ Мәлік Сейтаев Көкбастау ауылдық округіндегі жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның мәліметінше, ауылдық округтегі шаруа қожалықтарына тұрғындарды тұрақты әрі заңды түрде жұмысқа орналастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Зерделеу барысында ауыл тұрғындарының сұраныстары ескеріліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, қосымша кооперативтер құру, олардың құрамындағы мүшелер санын арттыру және ауыл тұрғындарын жеңілдетілген несие алуға тарту жөнінде ұсыныс берілді.
Одан кейін Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ғалым Жақыпбеков ауылдық округте 2026 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндамадан кейін аудандық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ауыл әкімі тиісті жауаптарын берді. Зерделеу барысында мектеп ұжымының өтініші назарға алынып, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің жылу жүйесін жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты мәселе көтерілді. Осыған байланысты мердігер ұйым өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, анықталған кемшіліктерді талқылау және оларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабының 2-тармақшасына сәйкес «Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелеріне қорытынды беру» туралы хатқа келісім беру мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша А.Төлегенов баяндама жасады. Талқылау барысында конкурсқа шығарылатын жайылымдық жер учаскелерінің тізбесін қайта қарау, сондай-ақ конкурс комиссиясының отырысында жаңадан құрылып, жұмысын бастап жатқан кооперативтерге қолдау көрсету және оларға заңнамада көзделген мүмкіндіктер шеңберінде басымдық беру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Отырыстың соңында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарды талқылап, дауысқа салды. Нәтижесінде, тиісті шешімдер қабылданып, ұсыныстар жолданды.
Аудандық қоғамдық кеңес

Таңдаулы материалдар

Close