Basty bet

Күн тәртібінде – баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігі

Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында бірінші жазғы каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру, демалысын ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы мәселе қаралды.
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Сонымен қатар, жазғы демалыс – балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады.
Баяндамашы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбековтың баяндауынша, жазғы каникул кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бүгінгі күні аудан бойынша 39 білім мекемесінде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер 2 кезең бойынша өз жұмыстарын жалғастыруда.
-Биылғы жылы мектеп жанындағы лагерьде мемлекеттік емтихан тапсыратын 9,11 сыныптардан басқа1-4,5-8,10 сынып оқушыларына – спорттық «футбол», «дебат» үйірмесі, еңбек, көгалдандыру отрядтары ұйымдастырылған.
Мектеп айналасын көгалдандыру және жөндеу жұмыстары бойынша бригадаға топтастырылған оқушылар өздеріне бекітілген жерлерді абаттандыру және мектеп ғимаратының, жиһаздарының жөндеу жұмысымен айналысуда.
Еңбек балаларды экологиялық мәдениетін көтеріп, тындырымды жұмыс атқаруға дағдыландырып, сонымен қоса оларды ынтымақтастықта жұмыс атқаруға тәрбиелейді.
Мектеп жанындағы лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін бала саны – 2395, тамақтандырусыз 6000-ға жуық бала әртүрлі үйірмелер мен мектеп өндірістік бригадаларға тартылды.
Аудан орталығында жазғы уақытта орталық саябақтар, кітапханалар, қосымша үйірмелер өз жұмыстарын жалғастырады. Үйірмелерде, секцияларда әр баланың жеке басын дамытуға, оның қабілеттерін ашуға, қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеуге көп көңіл бөлінеді. Білім бөліміне қарасты қосымша білім беру мекемелерінде жаз бойы үйірмелер өз жалғасын табады. Қазіргі таңда 2 маусымнан бастап №1 Балалар өнер мектебі мен «Аула клубы» орталық саябақта оқушылармен күнделікті сабақ өткізуде. Сонымен қатар, жалпы қосымша білім беру мекемелері бойынша маусым айында 240 бала, шілде айында 125 бала, тамыз айында 160 баланы жазғы сауықтырумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, биылғы жылы қала сыртындағы лагерьлерде 377 бала сауықтырылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, биылғы жылы білім беру ұйымдарының белсенді және үздік 180 оқушысы “Қазақстан халқына” қорының атынан сауықтырылады деп жоспарлануда. Яғни бүгінгі таңда осы мақсатпен 22 оқушы “Жас өркен” лагерінде демалуда. Бүгінгі таңда лагерьдегі балалардың жағдайы жақсы, ауылға қайтқан бала жоқ,- деді Нұрмахан Аманбайұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы, ата-анасынан бөлек тұратын, заңды өкілдері анықталмаған (нотариалды келісім рәсімделмеген), баланың заңды өкілдеріне қайтарылуы бойынша атқарылған жұмыстар және мобильді топтардың атқарған жұмыстары туралы №2 Мыңбұлақ орта мектебі, №5 М.Ломоносов атындағы, №17 Ы.Алтынсарин атындағы, №18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектептердің директорлары есеп берді.
Мыңбұлақ орта мектебінің директоры Н.Қожагелдин мектеп ұжымы оқушылармен тығыз байланыс орнату мақсатында “бір мұғалімге алты оқушы” әдісін қолға алғанын және оның жақсы нәтиже беріп жатқанына тоқталды. Анар Садыққызы мектеп ұжымының құптарлық әдісін саралап, алдағы уақытта тәжірибеге енгізуге болатынын айтып өтті.
Сонымен бірге А.Ахметова мектеп директорларына бала тәрбиесіне қатысты мәселеде болған, байқаған жағдайды жауып, жасырмай, дер кезінде дабыл қағып, нақты фактімен жұмыс істеу керектігін ескертті. Сондай-ақ, мектеп басшыларын ата-аналардың бала тәрбиесінде жауапкершілігін көтеруде талапқа сай жұмыс істеуге шақырды.

Таңдаулы материалдар

Close