Basty bet
СЫЙЛАСТЫҚ ОРНАП, ЫНТЫМАҒЫ ЖА-РАСҚАН…
«Отанды сүю – отбасынан басталады» дегенді санамызға сіңіргелі қашан? Отанға деген махаббат – отбасыңа деген мейірім, анаға деген махаббат – ана тіліңе деген құрмет секілді. Ал, мерейі тасыған отбасы – әр күні мерекеге ұласқан тірлігі бар, береке мен бірлігі бар, өзгеге үлгі болар шағын мемлекет емес пе?!
Қазақ отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Яғни, ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауында отбасы рөлі бірінші орында. Осындай өнегелі отбасының бірі – Сағындықовтар әулеті.
Бұл әулет Шақпақ ауылдық округіне қарасты Амансай ауылының байырғы тұрғындары. Әулеттің асқар тауы Дүйсеналы Сағындықов, өкінішке орай, 2004 жылы қайтыс болған. Совхозда механизатор болып жұмыс жасаған. Ал отанасы Сәулекүл Сағындықова – ардақты ана, зейнеткер. Бүгінде ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып, өсіп-өнген үлкен әулеттің ұйытқысы болып отыр. Қазіргі таңда ауылдағы қара шаңырақта отбасындағы ортаншы ұл Мадияр тұрады. Ол жолдасы Анар Айтқұловамен отандасқан 18 жыл ішінде бес бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіруде.
Қара шаңырақтың иесі Мадияр ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнауда. Мұғалім болу арманымен, жүрегі алып-ұшып тұрған жас жігіт мектеп бітірісімен бұрынғы ОҚО-ның Шымкент университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығымен тамамдайды. Оқуда озат, белсенді студент бос уақытында жұмыс істеп, ауылдағы отбасына жәрдем беруді бір сәтке де естен шығарған емес. Ал отанасы Анар аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келіп, сонда оқып, тіпті, алғашқы еңбек жолында туған ауылында бастаған. Негізгі мамандығы программист болғанымен ауыл мектебінде зертханашы болып еңбек етуде.
– Мерейлі отбасы болудың үш діңгегі бар. Қандай қиын жағдай болса да шаңырақты шайқалтпай, балаға жақсы тәлім-тәрбие беру. Біз жұбайым екеуміз өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көріп келеміз. Екіншіден, ешқашан еңбектен қол үзбеу керек, ұдайы ізденісте болу, алға ұмтылу маңызды. Кез келген жағдайда қолдан келетін істен қашпау керек.
Қазір шүкір, көмекшілеріміз балаларымыз. Анасының тілін алып, қолғабыс етіп, жолдасымның жанында үй шаруашылығына көмектеседі. Әр бала әртүрлі. Мінез-құлқы, қызығушылығы, болмысы бір-біріне ұқсамайды. Тұңғышымыз Үміт бесінші сынып оқыса, кенжеміз Жахангер екі жасқа аяқ басқалы отыр. Балалардың арасында Айерке мен Айзере қолөнерге жақын, ал ең кіші қыз Ұлпан балабақша бүлдіршіні,- дейді отағасы Мадияр Дүйсеналыұлы.
Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған отанасы Анармен әңгімелесу барысында оның енесін сыйлап, құрметтейтіні әр сөзінен айқын аңғарылып тұрды. Мұндай ұяңдық әрбір қазақ шаңырағындағы келіндердің бойынан табылса игі.
– Енем жақсы болғандықтан ана деп атап кетуім тез болды. Тіпті, ертесі-ақ сәлемімді салып, жаңа отбасыма сіңісе бастадым. Дегенмен, қолымнан бәрі келіп, барлық тірлікті бірден істей алған жоқпын. Себебі, қыз күнінде көбі еркелеп өсетіні анық. Тұрмыс құрған соң енемнің жөн сілтеуімен бәрін үйреніп кеттім. Тіпті, қазір балаларыма енем қарасып, мен өз жұмысымды алаңсыз істеудемін. Осының бәрі сол кісінің қолдауы жақсы болғаннан,- дейді келіні Анар Мұратқызы.
Ақ жаулықты Сәулекүл әже қазір 71 жаста. Ол немерелерінің бабын тауып, балалардың екінші анасы атанған жан. Кіші немересінің қалай тәй-тәй басып, тілі былдырлап шыққанын қалт жібермей отыратыны бар. «Өз балаңды өскенше, немерені өлгенше бағасың» деген осы шығар…
Үлкендердің үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқаны көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ, ашық жарқын, қарапайым отбасы татулығымен, сыпайылығымен әрі еңбекқорлығымен ауыл тұрғындарына да сыйлы.
Айта кетерлігі, елде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігімен көпке үлгі болып жүрген отбасылар баршылық. Осындай үлгілі жанұяларды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Отбасындағы құндылықтарды жаңғыртуға, ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірін насихаттауға және шығармашылығын шыңдауға бағытталған байқау биыл да өз жалғасын таппақ. Біз сөз етіп отырған Сағындықовтар отбасы да осы аталмыш байқауға қатысуға өтініш берген екен.
Сөз соңында айтпағымыз, ұл-қызына лайықты тәрбие беріп, ауыл-аймаққа үлгі болып отырған мерейлі отбасының бүгінгі жетістігі – әлбетте өткен шақтардағы қиындықтарды жұмыла көтергеннің, сынақтарға сынбай, алға ұмтылған қайсарлықтың белгісі екендігі айқын. Олай болса, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, келешек жас ұрпаққа және енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасыға үлгі ете алсақ, біздің де еңбегіміздің еш кетпегені.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»