Basty bet
Көп тіл білу – өз-өзіңе көп мүмкіндік жасау
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі. Бұған дейін 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, 2017 жылғы үкімет басшысы болған Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған.
Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Бүгін барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор.
Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын.
«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай.
Еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстар атап өтеді. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Қазақстанда 100-ден асатын ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларда мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Осыған орай, біздің ауданымызда да көп тіл білетін жастардың қатары көп-ақ. Сондай полиглот жастардың бірі – Ақерке Оңғар. Ол 1999 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда оқып, «Алтын белгі» төсбелгісімен тамамдаған.
2016-2020 жылдары Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің шетел филологиясы: қытай және ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен аяқтайды. Сонымен қатар, 2018-2019 жылдары Қытай Халық Республикасы, Ланчжоу Университетінде Конфуций Институтының стипендиялық бағдарламасымен білім алмасып қайтады. Бүгінде Еуропа елдерінде магистратуралық білім алуға қызу дайындық үстінде.
Ақерке Оңғар қазіргі таңда аудан орталығында орналасқан №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
– Қазақ даналығында «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің», деп айтқандай, өз ана тілім қазақ тілінен бөлек, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгердім және итальян тілін үйренудемін. Кез келген тілді үйрену үшін алдымен сол тілге, елге, мәдениетіне деген қызығушылық болу керек. Көп тілді білу арқылы өзіңнің рухани қажеттіліктеріңді де өтей аласың. Сондықтан қанша тіл білсеңіз де аздық етпейді.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, әр адамның сан алуан арманы бар. Менің арман-мақсаттарымның бірі – өз елімізге еңбегімді сіңіріп, жастардың білім алуына, әсіресе өз туған жерімнің жастары шет мемлекетте білім алуына үлес қосу. Қазіргі таңда осы мақсатымды жүзеге асыру барысындамын. Болашақта үлкен білім ордасының негізін қалап, әрбір қазақстандықтың білімін арттыруына септігімді тигізсем деймін. Бірақ тек армандап қана қоймай, сол арманға мақсатпен жету дұрыс деп санаймын, – дейді Ақерке Алтынбекқызы.
Әр адамның жұмысынан бөлек өзінің сүйікті ісі, қызығушылығы болады. Сол сияқты жалынды жас Ақерке Қытай, Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия елдерінде болып, тілімен, мәдениетімен, өмір салтымен танысып қайтқан. «Шет елге шығу арқылы адамның көзқарасы, дүниетанымы, ой-өрісі жақсы жаққа қарай өзгеруіне септігін тигізеді. Әлемнің барлық жерлерін өз көзіммен көру арманым. Көп тіл білу – бұл менің өмірлік ұстанымым» дейді полиглот жас.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»