Basty bet
Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жоғары болуы тиіс!
Апта ішінде аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының» ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 31 жыл толуына арналған әдістемелік семинар өткізілді.
Семинарға аудандық білім бөлімінің мамандары және аудан мектептері директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, ауылдық округ әкімі аппараттарының рәміздерге жауапты мамандары қатысты.
Әдістемелік семинар ҚР Мемлекеттік рәміздер саласындағы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген талаптарды орындау, ҚР Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, насихаттау және қолдану тәртіптері туралы әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарда ұлттық орталықтың атқарушы директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, педагог қызметкер, заңгер Руслан Хамза баяндама жасады.
Әдістемелік семинар барысында «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының» атқарушы директоры Руслан Пангеренұлы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық Заңына, Үкіметтің айқындалған ережелер мен қағидаларына тоқталып, соңғы жылдарда Мемлекеттік Туды және Мемлекеттік Елтаңбаны қолдануда бірқатар жағымсыз факторлардың орын алып келе жатқанын да қынжылыспен жеткізді. Баяндамашы сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қолдануда заң талаптарын бұзғандарға қатысты жазаның түрлерін айтып, қатысушыларға Қылмыстық және Әкімшілік Кодекстерінде көрсетілген айыппұлдардың көлемімен таныстыра отырып, тақырыпқа байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіді.
Тыңдаушылар семинар барысында ой-пікір бөлісіп, ал аудиториядан қойылған сұрақтардың барлығына Руслан Хамза жауап берді.
Маңызды жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбақыт Балтабаев қорытып, қатысушыларға және «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының» атқарушы директоры Руслан Пангеренұлына алғыс білдірді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»