Basty bet
ЖАСАМПАЗДЫҚҚА БАСТАҒАН ЖОЛДАУ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл Жолдауда қазіргі таңда қордаланған біраз мәселе көтерілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының барша үндеулері ұлттың тағдырын, елдің болашақтағы даму бағытын, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етіп, қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін бастапқы орынға қойып келгендігі баршамызды қуантады.
Қазіргідей жаһандану жағдайында, дамыған мемлекеттің межесі тек сарабдал сыртқы саясатымен, тегеурінді экономикасымен ғана өлшенбесе керек. Табысты ел болудың кепілі әлеуметтік жағдайлармен де сараланады.
Осы кезге дейінгі ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, тарих сахнасында өзгелер тамсанатын жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік.
Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған және қазіргі таңда өзекті әрі халқымызды алаңдататын күрмеуі қиын мәселелерді шешудің кілті болды – деп айтуға толық негіз бар.
Жасыратыны жоқ, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономиканы дамыту — еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ел экономикасы дамыған кезде ғана халықтың табысы артып, әлеуметтік жағдайлары жақсарады. Бұл үшін елімізде бірқатар жобалар жүзеге асып, мемлекет тарапынан біршама қолдаулар болып келеді.
Жолдауды тыңдап отырып ондағы халықтың 30 жылдан бері қордаланып, шешілмей келе жатқан өте өзекті мәселелерінің шешімін тауып жатқанына қарап, Президенттің сайлау бағдарламасына сай Жолдау екен деп ойлап қалғанымыз жасырын емес. Бағамдауымыз алдамапты, расында да солай болып шықты! Биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Қоғамды толғандырып тұрған Мәжіліс сайлауы да шешілді. Келесі жылы көктемде Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы болады.
Мемлекет тарапынан тосын сый саясатта ғана емес, халықтың жағдайын жақсартуда да жасалды. Бұрынғы кездері армандап қана қоятын, бірақ орындалуы мүмкін еместей көрінген елдің Ұлттық байлығын әрбір отбасының пайдалануы енді іс жүзінде жүзеге аспақ. Ұлттық қордағы кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аударылады.
Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар арасында шешілмей келе жатқан мәселелер жеткілікті. Жұмыспен қамту, баспана мәселесі, жоғары оқу бағасының қымбат болуы т.б. Сондықтан жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі бола бермек.
Сонымен бірге төменгі жалақыны өсіру, тұрмыс әлеуетін жақсарту, қазіргі қоғамға ең қажетті өмір сүруге жайлы ортаны қалыптастыру, өңірлік саясатты жетілдіру әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалға берілген нақты жауап десек қателеспейміз.
Бұдан бөлек, Жолдауда Президентіміз Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар.Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек», деді Мемлекет басшысы.
Сол секілді биылдан бастап, бірінші сынып оқушыларының тек мемлекеттік тілде оқуын ел қатты қолдап, қуана қарсы алды. Жолдауда бұл мәселе де ұмыт қалған жоқ.
Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет.
Алдағы жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Бұл дегеніміз – алдағы уақытта бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда қажетті факторлар.
Жолдауда көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен орындалып, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, баспана мәселесін шешу сынды тегеурінді басымдықтар жүзеге асқан жағдайда еліміздің тұрмыс жағдайы артып, болашаққа нық сеніммен қадам басары даусыз.
Дамыған ұлт болудың негізі халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты десек, өмір сүру деңгейінің артуы мен денсаулық сақтау саласы, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігін басты назарда ұстау әрбіріміз үшін аса маңызды. Сондықтан да аталған Жолдауда көрсетілген тапсырмалар мен міндеттер толағай табыстарға жетелейтін басты күш деп білеміз.
Раушан ӘБДІҚАСЫМОВА,
№7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің кітапханашысы