Basty bet

Дәстүрлі дін – тұрақтылық пен бірліктің негізі

Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның рухани тұтастығын сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыда дәстүрлі дін қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтатын басты құндылықтардың қатарында ерекше орын алады. Ол ұлттың тарихи жадын, мәдени болмысын және адамгершілік негіздерін сақтауға қызмет етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», деген болатын.
Бізді ғасырлар бойы бірлікке, татулыққа және парасатқа жетелеген дәстүрлі дін болашақта да елдегі рухани тұрақтылықтың кепілі болары анық. Себебі, мұнда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен біртұтас мәдениеті бар. Олай дейтініміз, дәстүрлі дін құлшылық қана емес, ол – күнделікті өмір мәдениеті. Себебі, халқымыздың тұрмыс-салтындағы қазақтың ас беруі, қариялардың бата беруі, жеті атаға дейін қыз алыспау секілді дәстүрлер дінмен үйлесім тауып, өміршең сипатқа ие болған.
Қоғамдық тұрақтылықтың негізі – ортақ құндылықтар. Дәстүрлі дін адамды адалдыққа, әділдікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді. Мұндай қағидалар отбасы институтының беріктігін арттырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қоғамда сенім мен жауапкершілік қалыптасады.
Сонымен қатар, дәстүрлі дін радикалды және теріс ағымдарға қарсы маңызды рухани қорған. Діннің шынайы, гуманистік мазмұнын түсінген адам жат идеологияларға ермейді. Бұл – жастардың санасын сақтауда, ел болашағын қамтамасыз етуде аса маңызды фактор.
Бірлік – кез келген мемлекет дамуының кепілі. Дәстүрлі дін ұлтты бөлмей, керісінше, ортақ мақсат пен мүддеге біріктіреді. Ол дінаралық және ұлтаралық татулықты сақтауға, қоғамда келісім мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, дәстүрлі дін – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің берік тірегі. Оны құрметтеу, дұрыс түсіну және насихаттау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Рухани құндылықтары мықты ел ғана болашаққа сенімді қадам баса алады.

Еркебұлан Қамбарбеков,
Билікөл ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close