Basty bet

Өз ісінің маманы

Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы табысты қызмет етіп келе жатқан өзге ұлт өкілдерінің бірі – Фирюза Омарова.
Әзірбайжан қызы. 1991 жылы Ресей Федерациясының Оренбург қаласында дүниеге келген. Бір жасына дейін тұрақтап, кейіннен отбасымен Қазақстанға қоныс аударған. Ата-анасы Қазақстанда туған, әкесі – әзірбайжан, ал анасы – қазақ.
Көлбастау ауылындағы қазіргі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте орыс сыныбында білім алған. Тоғызыншы сыныптан кейін Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжіне оқуға түседі.
2010 жылы Алим есімді жігітпен шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда Фирюза Михайлқызы екі баланың анасы. Жолдасы Алим Омаров жеке кәсіпкер.
– Бала күнімнен медицина саласына деген қызығушылығым жоғары болатын. Ақ халатты абзал жандарды көргенде, болашақта мен де осылай жүремін деп армандаушы едім. Шүкір, арманым орындалып, зор ықыласпен, сүйіспеншілікпен халыққа қызмет етіп келемін. Медицинаға деген қызығушылығым адамдардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қоса аламын деген терең сенімнен туындады.
Еңбек жолым 2012 жылы аудандық емханада медбике болудан басталды. Кейін Ынтымақ ауылындағы медпунктте фельдшер қызметін атқардым. Ал 2017 жылдан бері аудандық емханада ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) дәрігері жанында медбике болып жұмыс жасап келемін.
Жолдасымның қолдауымен біліктілігімді арттыру мақсатында Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне 2023 жылы түстім.
Мейірбике ісі бакалавры бағдарламасы екі жылдық оқудан кейін (төрт семестр) кәсіби біліктілікті беретін күндізгі бөлімдегі бакалавриат бағдарламасы болып табылады. Қабылдау талаптарын орындаған және бағдарламаны сәтті аяқтаған медбикелер «Мейірбике ісі бакалавры» академиялық дәрежесін алады. Мендегі мақсаттың бірі – осы академиялық дәрежені алу.
Жалпы, мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өз бойындағы бейімділігін тануы тиіс. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы керек деп ойлаймын. Оның ішінде медицина саласын таңдайтын адамның бойында ерекше жауапкершілік қасиеті болуы қажет, – дейді Фирюза Омарова.

Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close