Basty bet

Ынтымақ түбі – игілік!

әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде атқарушы органдармен қатар тұрғындардың да жанашырлығы қажет

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері өңірде көптеген мәселелердің дер кезінде көтеріліп, оның шешілуіне де оң әсерін тигізіп отырғаны анық. Бұл біріншіден жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тұрғындарға жақын болып, олармен жиі-жиі кездесуіне мүмкіндік берсе, екіншіден жергілікті жерлерде туындаған кейбір мәселелермен жақынырақ танысуға да мүмкіндік мол. Әкімдердің жергілікті халыққа жақындығы осыдан басталса керек.

Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірге қарасты Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Өңір басшысы Жалғас Әлижанұлы тұрғындармен кездесуін Жетітөбе ауылдық округінен бастады. Айта кету керек, биыл жыл басынан аталған округте Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бағытында қолға алынған пилоттық жобаның жалғасы болып табылатын «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Соңғы мәліметке сәйкес, бағдарламамен барлығы 180-нен астам аула қамтылып, оның ішінде, нақты 147 аула несие қаражатына қол жеткізіп, отбасылық кәсіптерін жүргізуде. Тиісінше, округтегі төрт түліктің де басы 3 141 басқа өсіп отыр. Оның ішінде, бағдарламаның аясында барлығы 750 бас сауынды сиыр, 319 бас жылқы және 2 067 бас қой сырттан сатып әкелінген. Малдардың дені Түркістан облысының мал базарларынан, Тараз, Меркі, Ұзынағаштағы базарлардан және шаруашылықтардан сатып алынып отыр. Айта кету керек, ауылдық округте мал жайылымы мүмкіндікке қарай ішінара шешілу үстінде.
Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылында әкімшіліктің ауласында өткізілген жиынға округке қарасты ауылдардың тұрғындары белсене қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды. Аудан басшысы Жалғас Мұртаза ең алдымен жалпы өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын айта келіп, Жетітөбеге қатысты мәселелерге де тоқталды.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл жыл басынан бері Жетітөбе ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен пилоттық жобаның аясында жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру болса, екіншіден пилоттық жоба жүзеге асырылған ауылдық округте барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беріледі. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалады. Биыл бұл Сіздердің округтеріңізге қарасты ауылдарда бірқатар көше жолдары жөнделіп, ауызсу құбыры тартылуда. Орталықтан спорт зал салынуда. Міне мұның барлығы тұрғындардың игілігі үшін атқарылып жатқан игі тірліктер.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы тағы бір айта кететін мәселе бар. Жобаға қатысушы тұрғындар малды сырттан сатып алып келулері қажет. Бұл – бағдарламаның ең басты талабы. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Бұл ретте малды және етті заңсыз тасымалдауға жол беруге болмайды. Мал сырттан сатып алынбаса, округте төрт түліктің басы көбеймейді.
Ендігі бір маңызды мәселеге тоқталуды әрі бұл туралы сіздерге түсіндіріп өтуді жөн санап отырмын. Қазір ауданда сүтті бағасы төмен түсіп кетті. Сүттің бағасы бірде көтеріледі, бірде түседі. Бұл нарықтың талабы. Дегенмен, негізгі еңбек сүтті өндіріп отырған ауылдағы ағайынға, оның ішінде, әпке-жеңгелерімізге тиесілі. Еңбектеніп өндірген сүтіне лайықты баға болмаған соң олар да наразы болады әрине. Сондықтан бұл маңызды мәселе қазіргі таңда облыстағы сүт өндірушілер мен сүт өңдеушілерді қатты алаңдатып отыр. Сүт бағасы және шаруаларға қолдау, оның ішінде, сүт өндірісіне жасалатын қолдаулар, сырт елдерден ағылып жатқан сүт өнімдеріне тосқауыл қою мәселесі алдағы уақытта Үкімет деңгейінде қаралады деп күтілуде. Бұған сүт өңдеуші кәсіпорындардың басшылары бастамашы болып отыр. Үкіметте бұл мәселе оңынан шешіледі деп сенеміз.
Сүт өндірісіне қатысты тағы бір мәселені айта кетсем, субсидия төлеудің бұрынғы ережесіне сәйкес, мемлекеттік қолдау өндірілген дайын өнімге берілетін болса, жаңа ережеде бұл талап өткерілген өнімге ғана субсидия беріледі деп көрсетілген. Қазір аудандағы бірнеше сүт өңдеуші кәсіпорын өндірген дайын өнімдерін өткере алмай отыр. Өңірдегі сүт өңдеуші ең үлкен кәсіпорын – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС сүт тасымалдаушылардың алдында бірнеше миллион теңге қарыз болып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, қазір сүт өндірісі өте күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Мәселенің оңынан шешілетініне сенеміз. Өйткені, бұл мәселе Үкімет басшыларының бақылауында тұр. Сондықтан, ауылдағы сүт өндірушілер сүт өндірісінде болып жатқан уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарайды деп сенемін,- деді Жалғас Мұртаза.
Кездесу ары қарай тұрғындардың сұрақ-ұсыныстарына ұласып, онда округтің тұрғындары шаштараз ашу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысудың талаптарын сұраса, енді бірі ауылдан дәріхана ашылса деген тілегін жеткізсе, округке қарасты Шыңбұлақ ауылының кіреберіс жолының және Қосмұрат ауылына да барар жолдың сын көтермейтінін жеткізді. Жалпы ауылдық округте электр жарығына қатысты мәселелер бар. Тұрғындар қатты жел және боран күндері жарықтың жиі-жиі сөнетінін айтады.
Бұл мәселелерді назарға алған аудан басшысы аудандық электр желілерін таратушы мекеменің басшылығына электр жарығына қатысты орын алып отырған олқылықтарды жоюды тапсырды.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза Жетітөбе ауылдық округіне келген сапарында Кәріқорған ауылында салынып жатқан спорт залдың құрылысын және №7 Т.Әкімов атындағы орта мектеп шатырының құрылысын аралап көріп, мердігер мекеме басшыларының ұсыныстарын назарға алып, оларға жұмысты уақтылы ұйымдастыруды, сонымен қатар сапаға да мән беруді тапсырды.
***
Күреңбелде ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылады
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза Күреңбел ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, жергілікті жұртшылықтың мұң-мұқтажына назар аударды. Өңір басшысы тұрғындарға сүт бағасына қатысты ауданда қалыптасып отырған жағдайларды айта келіп, тұрғындардың негізгі кәсібі болған сүт өндірісіне қатысты ой-пікірін де ортаға салды.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар негізінен көп жылдан бері өзекті болып келе жатқан ауызсуға қатысты сұрақтарын қойды. Қосымша айта кететін болсақ, ауылда ауызсу мәселесі бұрыннан бар. Бұл ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтылған елдімекендердің тізімінде тұр. Бірақ, шын мәнінде жағдай олай емес. Сол үшін ауызсу жүйесі қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Күреңбел ауызсуды екі көзден алып отыр. Оның біріншісіның бастауы «Датқаның сазы» деп аталатын сазда жатса, ендігісі ауыл мектебінің жанындағы сусорғы стансасы. Бұл стансадан ауызсу алатын тұрғындар үшін проблема туындап отыр. Судың көлемі аз ба, не болмаса суға жуапты мамандардың кемшілігі ме, бұл жағы белгісіз. Бұл стансадан су беру әлі күнге жолға қойылмай келеді. Мұны жиын барысында тұрғындар айтты.
Ауылдағы ауызсу тапшылығы мәселесіне байланысты ауыл қариялары да ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Аталған мәселенің мәнісіне қаныққан аудан әкімі Жалғас Мұртаза «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевқа нақты тапсырма берді. Аудан басшысы өз сөзінде, келер жылы Күреңбел ауылындағы ауызсу жүйелерінің қайта жаңғыртудан өтетінін жеткізді.
Одан бөлек, ауыл тұрғындарымен болған кездесу барысында ағынсу мәселесіне қатысты арық тазалау, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру жайы сөз болып, басқа да ой-пікірлер ортаға салынды.
Аудан әкімі Ж.Мұртазаның Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтерінің тұрғындарымен болған кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та қатысты.
Қосымша айта кететін болсақ, тұрғындармен болған кездесулерде аудан басшысы жергілікті жұртшылыққа ынтымақ-бірлікпен, ауызбіршілікпен еңбек ету арқылы ғана игілікке жетуге болатынын, кейбір мәселелерді шешу ісіне жергілікті атқарушы органның басшыларымен қатар, ауыл тұрғындарының да бастамашылдығы және әрбір іске жанашырлығы қажет екені айтылды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close