Basty bet

Зайырлылық – тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі

Қазақстан Республикасы Конституциясында өзін демократиялық, әлеуметтік, құқықтық және зайырлы мемлекет деп бекітті.
Зайырлылық дегеніміз:
– мемлекет дін мен діни ұйымдардан бөлек және олардың жұмысына араласпайды;
– діни көзқарасына қарамастан азаматтар тең құқылы;
– азаматтардың дінді таңдауға, болмаса одан бас тартуы өз еркінде;
– мемлекеттің әлеуметтік және саяси мәселелері діни емес құқықтық негізде қаралуы.
Алайда, қазіргі таңда мемлекеттің біраз діндар азаматтары зайырлылықтың принциптерін толық түсінбеуде.
Бәріміздің ең басты түсіну керектігіміз – зайырлылық дінсіздік немесе дінді жоққа шығару емес, ол – құқықтық ұстаным. Оның мәні – мемлекеттің саяси, әлеуметтік және құқықтық шешімдері діни негізде қаралмайды.
Атап айтқанда, мемлекеттік биліктің діннен бөлінуі, заңдарын дінге негіздемеуі, белгілі бір дінді қолдамауы, барлық дін өкілдеріне тең құқық беруі, білім беру ісінің зайырлы сипатта болуы, Отан мен құқық қорғау, денсаулық және мемлекеттік қызметте зайырлылық талаптарының қатаң сақталуы, дін және мемлекет істерінің ажыратылуы сияқты қағидаттар Заңдарымызда бекітілген.
Осыған орай, мемлекетіміз зайырлы ел болғандықтан, қоғамдағы кез келген мәселе тек заң шеңберінде ғана қарастырылады.
Мемлекетіміздің ұстанымы бойынша мектеп қабырғасындағы жасөспірімдер тек зайырлы білім алуы керек.
Сонымен қатар, мемлекеттің дін істеріне араласпауы – ұлттық қауіпсіздікке немқұрайды қарауы деп түсінуге болады. Кез келген мемлекетте діни білім беру мемлекеттің құзырындағы іс, өйткені не ексең, соны орасың.
Қазіргі таңда діндар азамат үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінәжаттарын жүзеге асыру Жаратқанның бұйрығы және жеке жауапкершілігі. Оны орындамаса – діни тұрғыдан күнә жасаған болып есептеледі. Бірақ, адам қоғамда тек діндар ғана емес, сонымен қатар – азамат. Сондықтан мемлекеттің заңы мен тәртібін мойындап, Конституциясын қабылдап, құрметтеу оның азаматтық борышы, міндеті және құқықтық талабы.
Бұл тұрғыдан бүгінгі діндар тұлға екі міндеттің арасында қалып отыр. Бірі –діни міндеті, екіншісі – қоғам алдындағы міндеті. Азамат ретінде зайырлылық ұстанымын таңдауы – құқық талабы. Егер кез келген азамат заң шарттарын орындап, діннің тыйымдарын жүзеге асыра алмаса немесе заң талаптарын бұзбаймын деп діннің шарттарын орындай алмаса, Жаратушының алдында күнә жасаған боп есептелмейді. Себебі, ол діндар адам әрі азамат ретінде осыны істеуге мәжбүр. Ал мәжбүрлік дінде күнә емес деп айтады кейбір ғалымдар.
Мемлекет азаматтарының бақытты болуына қызмет етеді. Мұраты – азаматтарының ары, намысы, жаны және мүлкінің қауіпсіздігіне, амандығына тағы басқа құқықтарына кепілдік береді. Осыған орай, зайырлылықтың басты мақсаты – мемлекет пен діннің өзара ажыралатуы ғана емес, ол жеке тұлғаны діндердің және діни идеологиялардың қысымынан құтқару.
Жоғарыдағы айтылғандарды қорытындылай келе, Қазақстан үшін зайырлылық – елдің бүгіні мен ертеңі, және тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі, ең басты құндылығымыз!

Б.Атамқұлов,
Жамбыл облысы әкімдігі
“Дін проблемаларын зерттеу орталығының”
инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close