Basty bet

Отаншыл азамат – мемлекеттің мықты тірегі

Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, елін-жерін сүюге, Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқаруға тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, ел шебін күзетіп, Отан қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жас сарбаздардың бойына патриоттық рух, жауапкершілік, қайсарлық пен елжандылық қасиеттерді сіңірудің маңызы зор.
Осы мақсатта Жасөркен шекара бөлімшесінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлтымыздың ұлттық мүддесі» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өтті.
Іс-шараға Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Дамира Сүгірбай және бөлім басшысы Қымбат Нұрманалиева арнайы шақырылды.
Кездесуде орталық директоры Дамира Маратқызы жас сарбаздарға «Ұлттық рухы биік ер азамат – елдің қорғаны» тақырыбында ой қозғап, ел қорғаны болар азаматтың бойындағы қайсарлық, жауапкершілік, намыс пен отансүйгіштік қасиеттердің маңызына тоқталды. Жас сарбаздарға Отан алдындағы азаматтық борышты абыроймен атқарудың мәні мен елге қызмет етудің жауапкершілігі туралы тағылымды әңгіме өрбітті.
«Ел қорғаны болу – тек шекараны күзету ғана емес, ол – Отанға деген адалдықты жүрекпен сезіну, өзіңе жүктелген міндетті абыроймен орындау, қиындыққа мойымай, жауапкершілікті сезіне білу» деген мазмұнда ой сабақтаған Дамира Маратқызы әскери қызметтің жас азаматтың өміріндегі үлкен мектеп екенін атап өтті.
Өз кезегінде Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Сержан Абеуғалиев те ел қорғау жолындағы әскери қызметтің маңызына тоқталып, сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеретін ойларымен бөлісті. Ол жас сарбаздарды бірлікке, тәртіпке, өзара сыйластық пен жауапкершілікке шақырып, әскери ортада қалыптасқан достық пен бауырластықтың адам өміріндегі орны ерекше екеніне тоқталды.
Іс-шараның жалғасында «Анаға тағзым» орталығының бөлім басшысы Қымбат Қаржауқызы сарбаздармен «Кім екенін таны» атты сергіту ойынын ұйымдастырды. Қызықты әрі еркін форматта өткен ойын жас жауынгерлердің көңілін көтеріп қана қоймай, олардың бір-бірін жақынырақ танып, еркін қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.
Кездесу соңында Қымбат Қаржауқызы жас сарбаздарға әскери қызметтегі әр күннің өзіндік мәні бар екенін айтып, бүгінгі достық пен бірге өткізген сәттердің болашақта жарқын естелікке айналатынын жеткізді. Сондай-ақ, Отан алдындағы әскери борыштарын абыроймен атқарып, елге адал қызмет етулеріне тілектестігін білдірді.
Осындай кездесулердің басты мақсаты – жас сарбаздарға ақыл айту ғана емес, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мен Отан алдындағы жауапкершілікті терең түсіндіру.
Ұлттық рух – ел беріктігінің негізі. Ал, ұлттық рухы мықты, Отанын сүйетін, отбасын қадірлейтін, өз міндетіне адал азамат – мемлекеттің ең үлкен тірегі.
Кездесу соңында «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының өкілдері Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып жүрген жас сарбаздарға ел тыныштығын күзетудегі қызметтеріне сәттілік тілеп, әрқайсысына амандық, мықты денсаулық, қажымас қайрат пен елге адал қызмет тіледі.
Камила Әбсеметова,
кітапханашы

Таңдаулы материалдар

Close