Basty bet

Өнерім саған – Жуалы!

Ұлан-ғайыр мемлекетіміздің оңтүстігінен орын тепкен жер – Жуалы ауданы. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Қайтпас қайсар ерлік пен қаймықпас батылдықтың жіңішке соқпағы осы жерден бастау алған. Бұл – қазақтың маңдайына біткен Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен «Даңқ» орденінің иегері Тайыр Тастандиев туған қасиетті Жуалы жері.

«Беу, беу, Жуалы,
Жаратқандай шың-құздан,
Бауыржанды туғызған,
Өзің едің маған да
Өлең жолын қуғызған»,- деп ақындар толғанған бұл өлкеден Қазақстанның Халық жазушысы, сөз өнерінің нар тұлғасы – Шерхан Мұртаза да шыққан.
Түгін тартсаң, майы шығатын Жамбыл облысындағы бұл аймақ туралы ел арасында аңыз-әңгіме де көп. Жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыз өзінің желмаясымен «Жерұйықты» іздеп жүріп, шөбі шүйгін, суы тұнық, көркі әсем Жуалыға аялдаған деседі.. Табиғаттың осынау теңдессіз сұлулығына риза болған бабамыз: «Суың бал, топырағың нәр екен, қадіріңді егін салған ел білер»-деп бағасын берсе керек.
Осынау нар тұлғалы азаматы мен жүректі қаһармандарымен белгілі Жуалы ауданының құрылғанына биыл – 95 жыл.
Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінің сахнасында Жуалы ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған «Өнеріміз саған – Жуалы!» атты фестиваль өтті. Фестивальға ауданымыздың барлық ауылынан өнерпаз жастар қатысып, бақтарын сынады. Фестиваль төрт кезеңнен тұрды:
Бірінші кезең: «Поэзия», поэтикалық шығармаларды нақышына келтіріп оқу, екінші кезең: «Ән» вокалды орындау, үшінші кезең: «Би» қазақтың ұлттық билерін билеу, төртінші кезең: «Аспаптық орындау» қазақтың күйлерін орындау. Өнер фестиваліне қатысатын Жуалының болашақ өнер жұлдыздары сахна төрінде әр кезең бойынша жиналған көрерменге тамаша өнерлерін паш етті. Байқау қорытындысы негізінде қазылар алқасы қатысушыларға әділ бағаларын беріп, жеңімпаздарды анықтады. Поэтикалық шығармаларды нақышына келтіріп оқу кезеңінде І орынды Жәнел Серік иеленді. Осы кезең бойынша жүлделі ІІ орынды Тоғжан Өскенбай иеленсе, ал Аршат Ниетбек ІІІ орынға ие болды. Қазақтың ұлттық билерін тал шыбықтай мың бұрала билеген жас өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл кезең бойынша І орынды «Томирис» тобы иеленді. Осы кезең бойынша жүлделі ІІ орынды Әлима Жетпісбай иеленсе, ал «Балдәурен» би тобы ІІІ орынға ие болды. Әсем де әсерлі әнімен көрерменнің жүрегіне жете білген өнер жұлдыздары үлкен қошеметке бөленді.
Бұл кезең бойынша І орынды Сәкен Әмір иеленді. Жүлделі ІІ орынды Еркежан Сайлау иеленсе, ал Торланбай Зере ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар Алғысхат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close