Basty bet

Жастар кәсіпкерлігін қолдау – мемлекетті қолдау

Бәйтеректік талапты жас Ағзам Расылхан құлпынай өсіруді қолға алды
«Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көрген жоқпын» деп жас ұрпаққа өлмейтін өсиет қалдырған екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Иә, еңбек етпеген жанның өмірлік асыл мұратына жетуі де екіталай нәрсе. Ал еңбек ету арқылы тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сәрсенбінің сәтінде ауданның күнгейінде орын тепкен әрі көршілес Қырғыз Республикасындағы айыр қалпақты ағайынмен көршілес жатқан Ақтөбе ауылдық округіне іссапармен барып, сондағы шаруақор ағайынның тыныс-тіршілігімен танысқан жайымыз бар-тын. Жалпы ақтөбеліктерді бір сөзбен «еңбекқор жандар» деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі, мұнда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін шамасы келген жұмыспен және белгілі кәсіп түрлерімен айналысып жатқан жандар жетерлік. Күнгей өңірдегі еңбек майданындағы сарбаздармен бір сапта еңбек етіп, жемісті жұмыс жасап жатқан жандардың арасынан талапты жас Ағзам Расылханды жазбай танығандаймыз. «Тұлпар болар құлынды тұрысынан танимын» дегендейін, онымен жақынырақ сөйлесе келе, қазақтың ер азаматына тән қасиеттерімен қоса жан-жақтылығын да байқағандай болғанымыз рас…
Ағзам Талғатұлы – Ақтөбе ауылдық округіндегі білімді әрі талапты жастардың бірі. Өніп-өскен әулетте тәрбие алған ол бүгінде елордасы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Ұлттық агротехникалық университетінде ветеринария және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің технологиясы факультетінде жоғары білім алу үстінде. Ал қазіргі таңда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы «Әулиеата-Феникс» ЖШС құс фабрикасында өндірістік тәжірибеден өту. Ағзам тәжірибеден қолы қалт еткен кездерде ауылына келіп, ата-анасы мен бауырларына жәрдем бергенді жөн көреді екен. Ол қазір отбасы мүшелерімен бірге шаруашылықтағы көктемгі дала жұмыстарын аяқтап болып, ендігі кезекте шағын алқапқа құлпынай егуді қолға алып отыр.
Біз онымен ауыл маңындағы құлпынай плантациясының басында жолығып, сұхбаттастық. Ол ауылдастарымен бірге құлпынай егетін 30 соттық алқапты өңдеу үстінде екен. Жұмысшылармен бірге Ағзамның өзі де тірлікке қызу кірісіп кеткен.
-Біз негізінен отбасымызбен бірге мал және егін шаруашылығымен бұрыннан айналысамыз. Құлпынай дақылын егу ісін биыл ғана бастап отырмыз. Малды қарау мен оның жемшөбін дайындауды білгенімізбен, құлпынай өсіру кәсібі бізге өте таңсық. Биыл құлпынайды алғаш рет қызығушылықпен егіп, баптап көрейін деген ниетпен жұмысқа жаңа кірісіп отырмын. Жұмысыма ата-анам мен бауырларым қолдау көрсетуде. Әзірге құлпынай егілетін алқапты дайындау үстіндеміз. Әрине, аталған дақылды егу үшін жер жақсы болу қажет. Ол үшін алдын ала таңдалған алқапты тыңайтқыш себу арқылы аударып, ендігі кезекте арықшаларын жасап, көшетті қондыруға дайындық жасап жатырмыз,- дейді жас кәсіпкер.
Құлпынай өсіру – шынында жуалылықтар үшін таңсық кәсіп. Былтырлары аталған бақша дақылын аудан орталығымен іргелес жатқан Көктөбе ауылындағы Қалдыбековтар отбасы үлкен көлемде егіп, баптап, нәтижесінде жаз мезгілінде уылжып піскен құлпынай өнімін орталық базарға шығарып саудалағанын өз көзімізбен көргенбіз. Сондағы «Құлпынай егуді аудандағы басқа отбасылар неге қолға алмайды?» деген ойымызды биыл бәйтеректік жас кәсіпкер ары қарай сабақтай түскендей болды. Оған қуаныштымыз. Олай болатыны, жас кәсіпкер құлпынай егу арқылы табыс табуға ниеттеніп отырса, сонымен қоса жаз мезгілінде сол арқылы үш-төрт ауылдасын жұмыспен қамтымақ ниетте.
-Құлпынай өсіру кәсібін бұрын Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы достарымнан естігенім бар. Былтыр сонда барып, аталған бақша дақылының қалай егіліп, қалай бапталатынын өз көзіммен көріп, қазығұрттық диқандардан біршама тәжірибе жинап келдім. Аталған ауданда құлпынайды молынан өсіріп, ішкі нарықты таза өніммен қамтамасыз етіп отырған жандар жетерлік. Диқандардың айтуынша, егер бабы келіссе, бір гектар жерге еккен өнімнен, жылына 15-20 тоннаға дейін құлпынай жинауға болатын көрінеді. Әлбетте, жақсы өнім алу үшін алқаптың құнарлығымен қоса дақылды баптауға да баса көңіл бөлу керек,- дейді еңбекқор жас.
Жас кәсіпкер 30 соттық алқапқа құлпынайдың «Альба», «Альбион» және «Клери» аталатын тұқымдарынан өндірілген көшеттерді қондырмақшы. Шамамен 30 соттыққа 20 мыңдай көшет керек. Оны да Түркістан облысынан алдыруды көздеп отыр. Айта кету керек, құлпынайдың аталған сортынан алынған өнімдер үлкен әрі тәтті және ұзақ сақталады.
Өндіріске жаңа технологияны енгізу тиісінше, өнімділікті де бірнеше есеге ұлғайтатыны белгілі. Осы ретте құлпынай өсіруді енді ғана бастаған жас кәсіпкер аталған бақша дақылын тамшылатып суғару технологиясы арқылы баптамақшы. Оған қажетті жұмсақ пластиктен жасалған су құбырлары және дақылдың жақсы өніп, жетілуі үшін құлпынай көшетін қондыратын топыраққа арнайы қара клеенканы да дайындап қойған. Ендігі кезекте көшетті қондыру жұмысы ғана қалды.
-Жақын күндері құлпынай көшеттерін осында алып келіп, алқапқа қондырамыз. Ары қарай дақылды баптау жұмыстары атқарылады. Қай тірлікті де бастау оңай емес. Биыл өнімділік жақсы болса, келер жылы алқапты ұлғайтып, жаңа технологияларды (арнайы қондырғылары бар тракторды) қолдану арқылы жұмыс істеуді ойластырып жатырмын. Дақылды суғару жағынан да проблема жоқ. Алқаптың басына ағын су келіп тұр. Оны сүзгіден өткізу арқылы құбырға жеткіземіз,- деген ойын да жеткізді ол.
Құс өсіруді де хоббиіне айналдырған
Жас кәсіпкер Ағзам Талғатұлының талапты әрі жігерлі, жан-жақты жас екенін жоғарыда атап өттік. Енді осыған тоқталайық. Халқымыздың ұғымында жігітке жеті өнер де аздық етсе, ал жетпіс өнердің де көптік етпейтіні айтылады. Оның жан-жақтылығы өзіне жарасып тұрғандай.
Талаптың тұлпарын ерте тізгіндеген жігерлі жас бастауыш сыныпты аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда оқыған. Кейіннен өзінің туған ауылындағы мектепте оқып бітіреді. Ол бүгінде жоғары оқу орнында ауыл шаруашылығы, оның ішінде, ветеринариямен қоса технолог мамандығының қыр-сырын игеріп жатқан жас білімгер. Жастайынан еркін күреспен айналысқан оның бұл салада да бірқатар жетістіктері бар. Одан бөлек, жүйрік баптап, көкпар додасына қатысқанды да жаны сүйеді. Бұл да оның батыр халықтың ержүрек ұрпағы екенін дәлелдесе керек.
Ал оның біз байқаған бір қыры, хоббиі деп айтса да болады, ол үйінде тауықтың бірнеше түрін өсіріп, оны сүйікті кәсібіне айналдырған. Қазір оның қорасында тауықтың «Брама», «Амрокс», «Адлер» тағы басқа тұқымдары бағылуда. Бұлардың барлығы негізінен етті тұқым және жұмыртқаны да жай тауықтан қарағанда көбірек береді. Әр тұқым әр қорада бөлек-бөлек ұсталады. Оның да тиісті күтімдері бар. Жақсылап күтім жасағаннан болар, аналық тауықтан жұмыртқаны молынан жинап, оны да сұраныспен жан-жаққа саудалайды. Тауықтың ерекше түрлеріне қызығатын әуесқойлар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп алып кететін көрінеді. Жас кәсіпкер тауық асыраумен қатар, инкубатордан балапан шығару ісін де қолға алған.
-Негізінде, адам өзінің сүйген ісімен айналысса, одан рахат алады. Мен де сондай жанның бірімін. Отбасында тете өскен бауырлар жастайымыздан ата-анамызға қолғабыс етіп, еңбекпен өсіп келеміз. Жалпы құр босқа жүрмей, бір іспен айналысқанды жаным сүйеді. Бұл бір жағынан дене қимылына және өмір жасын ұзартуға жақсы әсер етсе, бір жағынан күнкөріс пен табыстың да көзі. Өзімнің қолға алған кәсібім өзіме қатты ұнайды. Ауылда мал ұстап, егін егеміз. Оған қараудың өзі де үлкен еңбек пен күшті талап ететіні белгілі. Одан кейінгі кәсібім әрі хоббиім – тауықтың түрлерін асырау. Оған да бап керек. Уақтылы жемдеп, дәрілерін де уақтылы егіп, витаминдерін беріп отыруың қажет. Әсіресе, жұмыртқадан жаңа шыққан балапандарға көп күтім қажет. Балапанға жөргектегі балаға қарағандай күтім жасамасаң болмайды,- дейді ол.
Ағзамның тауықтың тұқымын көбейтуді шындап қолға алғаны соншалық, жұмыртқадан балапан басып шығарататын арнайы инкубаторды да өзінің қомақты қаражатына сатып алыпты. Инкубатордың қуаттылығына келсек, бұл қондырғымен бір бастырғанда 1 056 бас балапанға дейін шығаруға болады. Әрине, жұмыртқаның сапасына қарай балапан жұмыртқаны 21 күнде жарып шыға алады екен. Биыл жас кәсіпкер жұмыртқадан балапан шығарып, қазір 12 және 17 күндік балапандарды өсіріп, оған тиісті күтім жасау үстінде.
Ерінбесең ғана, еңбегіңнің жемісі тәтті болатыны белгілі. Биыл алғаш рет ауыл маңында құлпынай өсіруді қолға алған еңбексүйгіш жастың болашаққа деген талпынысы көңілімізді сүйсіндірді. Хоббиі да ерекше. Жас кәсіпкер ендігі кезекте қолға алған кәсіптерінің өнімділігін арттыруды ойластырып, сүйікті кәсібін жандандыра бермек.
«Бас көтеріп елден сұрағанша, бас иіп жерден сұра» деген осы болар. Жас кәсіпкердің қолға алған ісіне риза болғанымыз соншалық, кәсібінің жемісін көруге тілектестігімізді білдіріп, қимай қоштастық…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close