Basty bet

Той мәдениеті – ұлт мәдениетінің бастауы

Той мәдениетін жақсарту – ұлт мәдениетін қалыптастырудың бір жолы десек, дәл осы мақсатта биыл жылдың соңына дейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы» мекемесінің бастамасымен облыстың орталығы Тараз қаласында «Ұлттық болмыс және жаңғыру: дәстүр мен тәрбие сабақтастығы» тақырыбында облыстық форум өткізілу жоспарланып отыр.
Осынау маңызды форумның алдында Жамбыл облысының аудандарында жоғарыдағы айтылған жоспарға сәйкес, семинар-кеңестер өткізу жоспарланып, маңызды жиынның бағдарламасы аудандарға алдын ала жолданған. Аптаның сейсенбі күні бағдарламаға сәйкес, Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында «Мерейлі сәт – өмірдің жаңа белесі» атты семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, әкелер кеңесі, аналар алқасы, билер кеңесі, асабалар, ауданда орналасқан тойхана-мейрамхана иелері, аудан әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жауапты қызметкерлері, сонымен қатар, БАҚ өкілдері шақырылды.
Жамбыл облысында той мәдениетін дұрыс қалыптастырып, онда халықтық салт-дәстүрлерді кеңінен қамтып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге бағытталған семинар-кеңестің барысында Жамбыл облыстық ардагерлер орталығының және Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығынан келген спикерлер сөз сөйлеп, тақырыпқа байланысты ой-пікір білдірді.
«Мерейлі сәт – өмірдің жаңа белесі» аталатын маңызды семинар-кеңесті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Сейітхан Шерелханұлы жиынның кіріспе сөзінде, облыс көлемінде той мәдениетін дұрыс қалыптастыру, оның ішінде, тойда ұлттық әдет-ғұрып пен әдепке жатпайтын келеңсіздіктерді болдырмау қажеттігін баса айтып, той тәлім мен тәрбиенің орны екенін ерекше атап өтті.
Алғаш болып сөз сөйлеген облыстық асабалар қоғамының басшысы, облыстық «Асабалар алаңы» ҚБ-ның төрағасы Ринат Нұрақбаев жиналғандарға той мәдениетін дұрыс қалыптастыру туралы ой-пікірімен бөлісті. Ол өз сөзінде, той мәдениетін дұрыс қалыптастыру үшін той иесіне ең алдымен оны басқаратын асабаны дұрыс таңдаудан бастап, той уақытын дұрыс жоспарлау, онда негізінен дәстүрлі әндер мен күйлердің орындалуын қадағалап, одан бөлек, мерейтойларды өткізу кезінде сөз сөйлейтін азаматтарды жүйелеу, қонақты қалай қарсы алудан бастап, мейрамхананы безендіру, той шығынын дұрыс есептеу, басы артық шығындардың орнына аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасау сияқты ұтымды ұсыныстарды ортаға салды.
Иә, айтса айтқандай, көбінесе той жасайтын кейбір қалталы азаматтардың қуаныш кезінде халықтық салт-дәстүрді дәріптеудің орнына мақтан үшін болмашы дүниеге қаражатын оңды-солды шашып, орынсыз мақтанға барып жататынын күнделікті байқап жүрміз. Орынсыз дәстүр опық жегізетінін айтпай-ақ түсінсек болмас па?! Оның орнына мерейтой иелері басы артық қаражаты болса оны қайырымдылық шараларына жұмсаса нұр үстіне нұр болатыны анық…
Той мәдениетін қалыптастыруға бағытталған семинар-кеңес барысында облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек ой-пікір, ұсыныстарын орта салып, той өткізуді дұрыс жоспарлап, оны ел игілігін еселейтін тағылымды жиынға айналдырудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Жиынға қатысқан басқа да азаматтар, оның ішінде, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, қариялар, аудан, облыс көлемінде той басқарып жүрген белгілі асабалар сөз сөйлеп, той мәдениеті – ұлт мәдениетін қалыптастыратын маңызды жиын екенін айта келіп, оның тағылым тұрғысынан өтуіне барлығымыздың жанашырлықпен атсалысу қажет екенін атап өтті.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close