Basty bet
Грант иеленіп, қой бордақылауда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ» – деген еді.
Жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында экономика мен шағын және орта бизнестің дамуына, кәсіппен айналысамын деген азаматтардың аз уақытта іс бастауына айрықша әсер етіп отырған мемлекеттік қолдау тетіктері елімізде баршылық. Соның бірі – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Баянды бағдарлама жұрттың кәсіпкерлікке бет бұруына өз септігін тигізіп қана қоймай, халықтың жұмыспен қамтылуына да оң әсер етті. Бағдарлама шарапатын сезініп, бизнеске бет бұрған халық саны Жуалы ауданында да жыл санап артып келеді. Аталған тұрғындар арасында Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылының тұрғыны Дәмеш Жолдасбаева да бар.
Дәмеш Анарбекқызы 1982 жылы Қарақалпақстан мемлекеті Мойнақ қаласында туған. Сол жақта білім алып, 2012 жылы отбасымен Көлбастау ауылына қоныс аударады.
– Өзім көпбалалы анамын. Үйде бала күтімімен отырмын. Жолдасым қарапайым жұмысшы. Ауылдық жерде тұрған соң мал ұстамасаң болмайды. Содан жолдасым екеуміз ойлана келе, мал ұстап, өсіреміз деп шештік. Жолдасым осылай құжаттар өткізіп, грантқа қатысып қаражат алуға болатынын жолдастарынан естіпті. Солай 2020 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткізіп, бір ай оқып сертификат алдым. Арада екі-үш ай өткен соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына сертификатымды өткізіп, конкурсқа қатысып, қой бордақылау негізінде 555 мың 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Алған қаражатыма 10 бас қой алып, бағып, бордақылап, сататындарды саттық, олардың орнына тағы да бордақылайтын, аналық қойлар алып қойдық.
Мынадай қымбатшылық заманда мал баққан оңай шаруа емес. Олардың жем-шөбінің өзі қыруар ақша. Өзіңнің жерің болмаса, төрт түлікті қарағанның пайдасы жоқ. Бағып отырған қойларымыздың жартысын сатып, жем-шөп дайындадық. Қазіргі таңда үйдегі қойлар төлдеп, басы көбеюде. Жағдай болып жатса, үйдегі қойларға ешкі алып қоссақ деген ниетте отырмыз, – дейді көпбалалы ана.
Дәмеш Анарбекқызы өмірлік жары екеуі бес перзент тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Павлодар қаласындағы жоғарғы оқу орында білім алуда. Қалған үшеуі мектеп жасындағы балалар.
Ол өзінің болашаққа қойған жоспарларымен де бөлісе кетті. Ол болашақта тігінші болғысы келетінін, егер мүмкіндік болса қайта дайындау курсына құжаттар өткізіп, грантқа қатысу ниеті бар екенін жеткізді.
Мемлекет еңбек етемін деген адамға бар мүмкіндікті жасап отыр. Әсіресе, жастарға қолдау көп-ақ. Кәсіпкерлік тәуекелді талап ететін тірлік болса да, бел шеше кіріскен адам ғана нәсібін көретіні анық.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»