Basty bet
Елордамен бірге еңсе тіктеген ғалым
Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Уақыттан оза шапқан бүгінгі бас қала – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Арманы мен тілегінің кепілі. Ал, біз жас ұрпақ баянды болашаққа жол ашқан Астананың мәртебесіне сай болуға тиіспіз.
Жуалы өңірінен шыққан, бірақ елордада елдің гүлденуі жолында талмай еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік. Сондай жандардың бірі – Зерекбай Әліқұлов. Ол 1950 жылы Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Қайрат ауылындағы Октябрдің 40 жылдығы атындағы мектепте оқуын әрі қарай жалғастырады.
Зерекбай Әліқұлов Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы (қазір Әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетін аяқтаған соң, Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы педагогикалық институтына мұғалім ретінде жолдама алады.
1973 жылы дүние жүзіне белгілі ғалым, академик А.Опариннен арнайы шақырту алып, Мәскеудегі ССРО ғылымдар академиясының А.Н.Бах атындағы биохимия институтына 1975 жылға дейін ғылыми мамандану курсынан өтеді.
Алматыдағы Қазақ ССР ғылымдар академиясына кіші ғылыми қызметкері болып қабылданып, 1976 жылы жоғарыда айтылған институтқа нысаналы аспирантураға түсіп, академик В.Л.Кретовичтің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
З.Әліқұловтың ғылыми жетістіктерін бағалаған Германияның ғалымдары сол 1980 жылы Гатерслебен қаласындағы генетика институтында өсімдіктердегі молибденді ферменттерін зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырды. Германиядағы зерттеулердің нәтижелері дүние жүзінде ең жоғары деңгейде саналатын “Molecular and general genetics”, “Plant science letters” секілді ғылыми журналдарында жарияланып, З.Әліқұловтың зерттеулері биохимия саласында танымал болды.
1989 жылы дүние жүзіне беделді Германияның Александер-фон-Гумболдт атындағы ғылыми стипендиясын жеңіп алып, 1990-1992 жылдары ФРГ-нің Бавариядағы Байройт университетінде ғылыми зерттеулер жүргізіп, молибденді ферменттер туралы дәріс беріп отырды. 1990 жылдардан бастап, 1998 жылдарға дейін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бұрынғы ССРО-да ғылым өте қатты құлдырап, зерттеулер тоқталып қалды деуге болады. Сол қиын кезеңдерде 1994 жылы З.Әліқұлов Израильдің Беер-Шева қаласындағы Бен-Гурион атындағы университеттен арнайы шақыру алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сол университетте зерттеу жүргізе отырып, З.Әліқұлов бірнеше жаңа ғылыми жобалар дайындап, халықаралық ғылыми қорлар қаржыландыратын бес ғылыми зерттеу жобаларына жетекшілік жүргізді. З.Әліқұловтың төрт жобасын АҚШ-тың USAID қоры қаржыландырғандықтан ол АҚШ-тың өсімдіктер биохимиктерінің Одағының мүшесі болып қабылданады.
Сол зерттеулердің нәтижелері бойынша Израильдің Негевтегі Бен-Гурион университетінде биология бойынша философия докторы деген ғылыми дәреже алады.
1998 жылы Израильдің университетімен жасалған келісім шарттың уақтысы аяқталып, Испанияның Севилья университетіне үш айға зерттеу жұмысын жүргізуге шақырылды. 1999 жылдың басында Оңтүстік Африка Республикасының Пиетерсбург қаласындағы Натал университетінің арнайы шақыртуымен ол жерде зерттеулер жүргізіп, дәрістер берді.
– 1998 жылы үлкен ұлым Бекжан Қазақ радио-телевидениесінің дикторы ретінде Астанаға көшкен соң, сол қалаға барғанда Л.Н.Гумилев атындағы университетте қызмет істейтін достарым жұмысқа шақырды, – деп бастады сөзін З.Әліқұлов. – Африкада жүрген жерімнен мені шақырып алып 1999 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биология және экология кафедрасының меңгерушісі болдым, – дейді ол.
Ал, бүгінде Зерекбай Әліқұловтың Елордада қызмет етіп жүргеніне 23 жылдың жүзі болды. Оның айтуынша, Қазақстанға жаңа астана берілгені барлық жағынан өте дұрыс шешім. «Мен Ақмола кезінде барғанда қаланың 80 пайыздан астамы басқа ұлттар болатын. Әсіресе, өзімізге бауыр болып кеткен орыс халқы еді. Қазір қаланың басым көпшілігі – өз ұлтымыз. Мен келгеннен бері қаладағы соншама көп атаулар қазақтың дәстүріне, тарихына және беделді азаматтарына сай аталды. Ол өте қуантарлық өзгерістер. Оның үстіне, Елорда нағыз қазіргі замануи қала болып отыр. Астанадағы қандай да бір ғимарат немесе тұрғын үй болсын олар бір-біріне ұқсамайды – олар да Елорданың бір ерекшелігі. Мен шет елдің көптеген қаларында болып, ондағы аспанмен тірескен зәулім үйлердің архитектурасына таң қалатынмын. Енді олар өз астанамыздың жаңа көрінісі болып отыр.
Шет елден қонақтар да астананың қазіргі мәнерде салынған қалалар қатарына жатқызады. Ал, астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Алматыдағы Әл-Фараби атындағы университетпен бірге халықаралық рейтинг бойынша дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы оқу орнындарының қатарынан орын алып отыр» дейді ол.
Көп жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері 230-жуық мақалалар мен ғылыми тезистер түрінде жарияланды. Олардың 25-тен астамы шет елдердегі халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған. «Беймаза биомолекула» атты ғылыми-көпшілік кітап шығарды. Академик Рақметқажы Берсімбаймен бірге «Қазіргі биохимия және молекулалық биологияның әдістері» атты оқулықты (197 бет) жариялаған. Ал, 2014 жылы өзінің жеке авторлығымен орыс тілінде «Биохимия животных» атты оқулығы (338 бет) жарық көрді. Қазір соңғы ғылыми мәліметтермен толықтырылған осы оқулықтар қазақ тілінде «Ландар Треид» және «Эвери» баспаларында басылу үстінде. 2006 жылы Қазақстандағы «Жоғары оқу орнының үздігі» деген атақты ғалымдар арасында бірінші болып жеңіп алған. Өткен жылы осы атаққа екінші рет ие болды.
Қазір Зерекбай Әліқұлов Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универстиетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің биотехнология және микробиология кафедрасының профессоры. Ол аталған университетте Қазақстан Білім және ғылым минситрлігі қаржыландыратын бесінші және алтыншы ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, «Жануарлар биохимиясы» пәні бойынша студенттерге дәріс беруде. Сонымен қатар, магистранттар мен докторанттардың диссертациялық жұмыстарына да жетекшілік етеді.
«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің хабаршысы» журналының редакция алқасының және университеттегі докторлық диссертация бойынша Ғылыми Кеңестің мүшесі. 1999 жылдан бері жаратылыстану факультетінің биология мамандығы бойынша Мемлекеттік Аттестация Комиссиясының тұрақты мүшесі болып келеді. Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің төрт ғылыми жобаларына жетекшілік етіп, оның нәтижелері импакт-факторы жоғары халықаралық және республикалық журналдарда жарияланды.
Кейіпкеріміз бір қыз, үш ұл тәрбиелеп, өсірді. Олардың барлығы жоғары білімді азаматтар. Ұл-қыздарынан 15 немере және бір шөбере сүйіп отыр.
Бос уақытын ең кішкентай немерелерін тәрбиелеуге бөледі. Сонымен қатар, көркемсурет және мүсін өнерімен айналысады. Оның жасаған мүсіндері Германияда, ал боуямен салған суреттері Израильде қалалық көрмелерге қойылған.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»