Basty bet
Сұранысқа ие мамандықтардың қатары артып келеді
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Мансап орталығының ұйымдастыруымен «TopJargan» бизнес орталығында ауданның 17 жұмыссыз азаматы үш айлық қысқа мерзімді оқудан өтті. Мұнда олар тәрбиешінің көмекшісі және массажист мамандықтарында оқыды. Қысқа мерзімді оқыту арқылы жұмыссыз үйде отырған аналар мен жастардың еңбекпен қамтылуына зор мүмкіндік туады.
«TopJargan» бизнес орталығында ауданның 17 жұмыссыз азаматы үш айлық қысқа мерзімді оқудан өтті. Мұнда олар тәрбиешінің көмекшісі және массажист мамандықтарында оқыды. Қысқа мерзімді оқыту арқылы жұмыссыз үйде отырған аналар мен жастардың еңбекпен қамтылуына зор мүмкіндік туады.
Өткен аптада оқуға қатысушылар үш айда аталған мамандықтарда оқып-білгені, қысқа мерзімде білікті мамандардан үйренгені сыналып, емтихан тапсырды.
Шараны ашқан жеке кәсіпкер Нүрила Мәлібекова қатысушыларға емтиханнан сүрінбей өтуге тілектестік білдірді. Сонымен қатар, ол ұлттық жобаның шеңберінде оқу орталығынан қысқа мерзімді оқудан өткен жұмыссыздар емтихан тапсырған соң сертификат алатынын атап өтті. Одан бөлек, жеке кәсіпкер өз сөзінде, ұлттық жобаның шарты бойынша оларды тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс немесе өзге жұмыс орнына жолдауы қажет екенін де жеткізіп, өз ісін бастап, кәсіпкерлікке бет бұрамын деген жандарға көмек-қолдау көрсетілетінін де баса айтты.
Жоба аясында 10 азамат тәрбиешінің көмекшісі мамандығында оқыған. Бала қараушы емтиханда теориялық сұрақтарға жауап берді. Ал массаж мамандығы бойынша 7 азамат сынақ тапсырды. Массаж жасау мамандығында оқыған азаматтар сұрақтарға жауап беріп қорғады.
Емтихан барысында Мансап орталығы басшысының м.а. Ерік Сұрамысов қатысушыларға мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін дұрыс пайдаланып, тәуекелге бел буып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды.
Емтихан тапсырған азаматтар Нүрила Мәлібекова әрдайым қолдау көрсетіп отырған оқытушы ғана емес, сырлас болғаны үшін, бар ынтасымен кәсіптің қыр-сырымен бөліскені үшін ризашылықтарын білдірді.
Ұлттық жобаның ауыл тұрғындарына берері мол. Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша арнайы оқу орталығынан білікті мамандардан оның қыр-сырын үйренуге мүмкіндік бар. Аудандағы «Topjargan» оқу орталығы мен «Nurai Plaza» бизнес орталығының басшысы Нүрила Мәлібекованың алға қойған жоспары да көп. Оның бірі – қысқа мерзімді оқудан өткен азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту және оларға қолдау көрсету.
Алдағы уақытта да ұлттық жобаның шеңберінде сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген азаматтар құр қарап отырмай, алға ұмтылуы тиіс. Үйренсем, білсем деп талпынған жанның алар асуы асқақ. Алдына үлкен мақсат қойып, сол жолдан таймаса, биіктерге жетері хақ. Әрине, үш ай деген аз уақыт. Сондықтан азаматтар да оқу орталығынан үйреніп, аз уақытта білгенін әрі қарай жетілдіріп, ізденуден талмаса, өз мамандығының үдесінен шығары сөзсіз…
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»