Basty bet
Қаратау – адамзаттың алтын бесігі!
Берікқара шатқалының құт қойнауы аң-құстарға, ағаш пен өсімдіктер дүниесіне бай
Жуалы. Алатау. Қойнауы қазынаға толы қарт Қаратаудың сілемдері. Өңірдің батысында көсіліп жатқан Құлантау жоталары.
Жан-жағын биік таулар қоршап жатқан Жуалы өңіріне жолы түсіп келген адам қойнауына талай сырды бүгіп жатқан осынау қасиетті топырақтың киесін, ондағы тау жайлаған батыр халықтың өмір сүру дәстүрін танып, сыйластығын мәңгілік ұмытпайтыны анық. Табиғаты қатал болғанымен, Жуалы халқының дүниетанымы да, досқа деген ілтипаты мен сыйластығы тым ерекше, бөлек екенін баса айтуға тиіспіз.
Жуалының топырағы қасиетті болмаса, қиын-қыстау жаугершілік заманда халқына қорған болған батырлардың бірнеше шоғыры, кейіннен әлемге қазақ халқының қаһармандығын танытқан даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, стратег Бауыржан Момышұлындай бірегей тұлғаларды тудырмас еді ғой?! Бір сөзбен айтқанда, жері де, суы да, ауасы да дуалы, қасиетті Жуалы жерінің әлемге жайылған асқақ даңқын, ешбір өңірге ұқсамайтын дара табиғатын, тиісінше, осынау өлкеден түлеп, қияға қанат қаққан қайраткер азаматтары туралы әңгімені таңнан таңға айтып тауыса алмаспыз-ау…
Ал танымал журналист-жазушы, ауданның Құрметті азаматы Мақұлбек Рысдәулет туған жер туралы: «…Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды. Жуалы-Мыңбұлақ аты орта ғасыр тарихында, саяхатшылар мен жиһангерлердің жазбаларында жиі айтылады. Ұлы Жібек жолының алтын арқауында жатқан Жуалы жері талай тарихшылар мен саяхатшыларды да қызықтырған»,- деп жазады.
Расында да, әрбір адам үшін туған жерден қадірлі, ыстық мекен жоқ. Дана халқымыз «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаса керек. Ал туған жердің табиғатын танытып, қадірлеу әр азаматқа парыз нәрсе.
Бабалардың сөзімен айтқанда, «Бақ қонып, Қыдыр дарыған» қасиетті өлке ретінде қойнауы құтқа толы, табиғаты тамылжыған қасиетті Жуалы өңірін айтуымызға болады. Ғажайып аңыздарға толы абыз далада таңғажайып мекендер аз емес. Олардың әрқайсысы бір-бір туристік орынға сұранып-ақ тұр. Жұлдызы биік өлкедегі сондай жер жұмағының бірі – Берікқара шатқалы.
Берікқара өңірінің төл тумасы, өңірге белгілі ғалым, ұстаз, тарихшы болған азамат Әбдіқадір Жүргенов өзінің «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын» атты кітабында сол төңіректің тамылжыған табиғатын, өр мінезін өзінше өрнектей келе, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары әр сайдың бойын ата-бабалары қоныс етіп, аң-құсын қорғап, тал-дарағын аялап, өсіріп, күн кешкен еді деп жазады.
Иә, Қаратаудың қойнауындағы құтты мекен, жұмақ мекен – Берікқара шатқалынан тұмса табиғатты көруге болады. Сайдың суы мөп-мөлдір. Шатқалдың іші сыңсыған ағашқа, аң-құсқа бай. Жалпы бұл шатқалда әлемде сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі бар. Шатқалдың 19 шақырымының өн бойында ағаштың сирек түрінен ақ шаған ағашы кездеседі. Табиғат жанашырларының айтуынша, шатқал ішінде мұндай ағаштың түрі тек Американың Колорадо аймағында ғана кездеседі екен.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң тиісінше, Берікқара аймағы да түрленіп келеді. Бұл маңдағы тау аңғарынан демалыс орындары ашылған. Мұнда мыңғыртып мал өсіріп, жайқалтып жеміс-жидек егіп, оның өнімін сатып пайда табушылар да аз емес.
– Қарт Қаратау қойнауының туризмін дамыту үшін кешенді бизнес-жоспар жасап, оны саяхатшылардың игілігіне айналдыратын кез жетті. Сонау Күйік асуынан бастап Созақ ауданының аумағына дейінгі алып аймақта, адам баласы сүйсінер небір ғажайып асулар, өсімдіктер, аңдар кезігеді. Оларды қырып-жоюға емес, тамашалауға жағдай жасау керек. Адамзаттың алтын бесігі – Қаратау екендігін бүкіл әлем білуі тиіс, – дейді табиғат жанашыры, осы аймақтың қорықшысы Рүстембек Назарбеков.
Ендігі кезекте Берікқара шатқалының тарихына аз-кем тоқталып өтсек. Иә, бұл жердің негізгі көркі – табиғаттың байлығы. Шатқал ішіндегі сыңсыған ағаштары мен еліміздің басқа аймақтарында кездесе бермейтін өсімдіктер дүниесі. Тауды еркін жайлаған аң-құстар дүниесі да өз алдына бір бөлек әлем. Бұл маңнан 40 жылдай уақыт бұрын табиғи қорық құрылған. Берікқара шатқалының аумағынан республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорықша жұмыс істейді. Оның аумағы 17,5 мың гектарды алып жатыр.
Берікқара шатқалы Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, согдиана шағаны (ақ шаған ағашы) т.б. өседі. Мұнда әсіресе, кейінгі жылдары белгілі болған Берікқара терегіне ерекше мән берілген. Өйткені қазір теректің бұл түрі тек Қазақстанда (оның ішінде, Берікқара шатқалында) ғана сақталып қалған. Реликт түр болғандықтан Берікқара терегіне Канада ботаниктері үлкен көңіл бөлуде. Олар төрт жыл сайын осында келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеп отырады. Өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қорықшада торғайдың сирек кездесетін, қауырсындары құлпырып тұратын түрі – жұмақ шыбыншысы (суретте)деп аталатын құс ерекше қорғалады.
Әлем ғалымдары ерекше назар аударып отырған Берікқара терегі туралы айтар болсақ, Берікқара терегі (лат. Populus caspica, Populus berkarensis)– талдар тұқымдасының терек туысына жататын ағаш. Қаратау жотасындағы Берікқара шатқалының солтүстік беткейінде 1000-1200 метр биіктікте топтана өскен кішкене тоғайы белгілі. Теректің биіктігі 10-12 метрге дейін жетеді. Бұталары жайыла өскен. Берікқара терегі қос үйлі өсімдік болғандықтан, тұқымынан және вегетативті (өсімді) жолмен көбейеді. Сәуірде гүлдейді, маусымда жемістенеді. Берікқара терегі – сирек кездесетін, жойылып бара жатқан эндемик түр болғандықтан, Қазақстанның «Қызыл кітабына” енгізілген. 1970 жылдан Берікқара ботаникалық қорықшасында қорғалады.
«Тау самалынан» ескен самал желдің лебі
Иә, сан ғасырлық тарихы бар біздің қазақ жерінде ел туралы да, жер туралы да аңыз-әпсаналар өте көп. Жер туралы аңыздың бірі дәл осы Берікқара шатқалына қатысты айтылған. Жергілікті халық арасындағы аңыз-әңгімелерде жаугершілік заманда жұртты бастап жауға қарсы қол бастаған, бейбіт заманда тау аңғарында елді егіншілікке, отырықшылыққа үндеп, арық қаздырып елге шарапаты тиген Берік есімді кедей жігіттің есімімен қойылған атау делінсе, осы Билікөл өңірінен шыққан жазушы Кәрім Баялиев «Жаңарған Жамбыл өлкесі» атты кітабында жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл шатқалда берік қамал болған деп көрсетеді. Сондықтан елді жаудан аман алып қалған осы қамалды «Берікқара» атаған деп көрсетеді. Берікқара атауына байланысты осы өңірде көктем, күз айларында тұратын алапат желдің атын да жұрт осылай «Берікқара желі» деп атайды.
Берікқара шатқалында Қызыл кітапқа енгізілген ағаш-бұта және шөптердің сирек тұқымдары кездеседі. Жабайы алманың сирек түрі, зерафшан аршасы, жіңішке штубендорфия, речель алмұрты, кәдімгі пісте, рауғаш, Тянь-Шань жоңышқасы, кәдімгі таусағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы мен Берікқара терегі бар. Өлкетанушылардың айтуынша, сирек кездесетін терек шатқалдың терең түкпірінде өседі. Оның өзі төрт-бес түп қана. Бір айта кетерлігі, мұндай терек тек Американың бір шатқалында ғана кездеседі екен.
Қалай десек те, сан ғасырлық тарихы бар қасиетті Қаратау адамзат жаратылғаннан бұрын болған. Адамзат эволюциясының көзі тірі көне куәгері қарт Қаратаудың тасын түртсең болды, тарихтан сыр шертіп қоя береді. Тау қойнаулары мен сілемдерінен табылып жатқан тарихи ескерткіштер мен құнды жәдігерлердің бірқатары бүгінде облыстық және аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Қаншама көп зерттесек те, Қаратаудың сырына қаныға алмайтынымыз анық.
Иә, табиғатты көргің келсе, тауға бар деген тәмсіл бар. Қарт Қаратаудың бауырында орналасқан табиғаты көркем әрі жұмбақ сырға, шежіреге толы әйгілі Берікқара шатқалында бұрын кеңестік кезеңде «Ветерок» аталатын балалар лагері жұмыс істеп тұрған. Кейін Одақ ыдырап, еліміз өз алдына егемендік алғаннан кейін ондағы лагерь өз жұмысын тоқтатып, ғимараттарының біразы адамның қолымен қиратылып кетті. Бүлінгеннен бүлдіргідей зат алма дейтін ырымшыл халықтың өкілі болсақ та, тоқырау жылдары бұл лагерьдің де дәурені аяқталып, осындағы ғимараттың құрылыс материалдарын адамдар өз қолымен бұзып алып кетті.
Бәріне адам – кінәлі. Өз қолымен бұзған дүниені өз қолымен жөндеуге әдетте ешкімнің батылы бара бермейді. Бұл шатқал да осылай бей-берекет жата берер ма еді, кім білсін? Егер табиғатқа жанашыр, кәсіпкер азамат Арыстан Тілебаев осында келмегенде…
Бәрін айт та, бірін айт. Сонау ел өміріндегі қиын кезең тоқсаныншы жылдары азаматтарға кәсіп ашу оңай болғанымен, оны аяққа тұрғызу қиынның қиыны еді. Себебі, бизнеске салатын қаражат әркімнің қалтасынан табыла бермейді. Осындай қиын кезеңде тәуекелдің қайығына мінгендердің бірі дәл осы іскер азамат – Арыстан Бейшенұлы болатын.
Ол келгелі Берікқара шатқалы түрленіп сала берді деуге болады. Шатырлары бұзылып, тек ырсиған қабырғалары ғана қалған үш қабатты жатақхана ғимараты жедел қалпына келтіріліп, оның жанынан жаңадан асхана, тамақтанатын орындар, туристер үшін шағын-шағын үйлер, самалжайлар бой көтере бастады.
Ғимарат салумен жұмыс шектелмейді. Туристер мұнда тек тамақ ішіп, ұйқтау үшін келмейтіні анық. Бәрінің қызықтыратыны – Берікқара шатқалының көркем табиғаты. Бүгінде ел аумағына ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де әйгілі осындағы «Тау самалы» демалыс орнында туристерді туған жер табиғатымен етенен таныстыру мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылды. Жұмыстар әлі де жалғасуда. Берікқара шатқалының аймағы қызғалдақтардың отаны десек, бұл жерде «Қызғалдақтар фестивалі» аталатын іс-шара бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылды. Пандемияғы байланысты болу керек, кейінгі жылдары бұл шара өз жалғасын таппай отыр.
2003 жылы шатқал аймағынан ашылған «Тау самалы» демалыс лагері бірнеше адамды жұмыспен қамтып, отандық туризмді дамытуға өз үлестерін қосып отыр. Балалар, оның ішінде, мектеп оқушылары жыл сайын келіп жазғы демалыстарын осында қызықты өткізеді. Бұл балалар үшін бір жағынан қызықты демалыс болғанымен, олар туған жердің табиғатымен етене танысуға зор мүмкіндік алып отырғаны анық. Бір сөзбен айтқанда, балалар Берікқара шатқалында алаңсыз еркін демалып, қарт Қаратаудан ескен самал желдің лебін сезінеді. Сезіне білген жанға туған жердің топырағы, суы мен ауасы да ем емес пе?!
Қасиетті Қаратау. Осынау бай өлкенің тұмса табиғатын, аң-құстары мен өсімдіктер дүниесін көзіміздің қарашығындай сақтасақ қана, елдік мұраттың орындалып, туған жер мен табиғат ананың алдындағы парызымызды ақтаған болар едік…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»