Basty bet
Қоғамдық көліктің қатынауы – тұрғындар үшін тиімді
Такси бағасының қымбаттауы наразылық тудыруда
Сәрсенбі күні аудан орталығында жүретін таксилердің қызметі 400 теңгеден 500 теңгеге қымбаттады деген хабар Whatsapp желісіндегі чаттарда тарап, оған тұрғындар наразылық білдірді.
Осыған байланысты “AMANAT” партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Зейнеп Дәуренова мен Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов және тұрғындар атынан келген қоғам белсенділері аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевқа барып, мәселені шешу жолдарын өзара талқылады.
Такси қызметі бағасының қымбаттауы, Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау ауылдарының арасында автобус жүргізу мәселесі бұған дейін де көтеріліп, шешу жолдары қарастырылған. Алайда барлығы сөз жүзінде қалған. Сондықтан депутат Мұхамеджан Әсемов мәселені нақты шешімін табуды алға тартты.
“Нәркес-Строй маркет” ЖШС директоры Уалихан Сексенбаев аудан орталығында нақты бағытта, нақты уақытпен автобус жүргізу үшін Үкіметтен субсидия қажеттігін, ол үшін аталған бөлім тарапынан аудан әкімдігінің қаулысы шығарылып, құжат тиісті орынға жіберілуі қажеттігін, субсидия бойынша мәселені үш айдан бері шеше алмай келе жатқанын, субсидиясыз тек шығынмен жұмыс жасайтынын, сонымен бірге 150 мың теңге айлықпен жүргізуші таппай отырғанын жеткізді.
Мұхамеджан Әсемов таксилермен бәсекелестікте автобус қана мәселені шешетінін, автобус тұрақты түрде жүретін болса, жарнаманы халық өзі-ақ жасайтынын айтты.
-Кез келген кәсіпкер жұмысын бастағанда клиент тарту үшін жарнама жасауы керек. Әрі басында шығынға жұмыс жасайды. Нарықта бәсекелестермен күреседі. Сондықтан егер сіздердің тараптан талапқа сай қызмет болса, біз Сізге көмектесуге дайынбыз. Яғни, көлігіңіз таза, жүргізушіңіз мәдениетті, талапқа сай қызмет ететіндей болуы қажет. Сонымен берге көлігіңіз бекітілген кестеге сай жүрсе, халық оған үйренеді. Егер бірде жүріп, бірде жүрмей сенімсіздік тудырса, халық сіздің көлігіңізге мінбейді, күтпейді.
Көлігіңізді жарнамалау, оған қажетті логотиптерді жабыстырып беруге біз депутаттар көмектесеміз.
Сіздердің жолақы құндарыңыз 100 теңге болса, халық үшін тиімді болар еді. Себебі, аудан орталығы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Тұрғындар әрі-бері жүріп жатыр. Таксидің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Ал, субсидия мәселесіне депутаттар тарапынан көмек қажет болса, біз көмектесуге дайынбыз,- деді М.Әсемов.
Жиынға келген Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, әйел азамат та денсаулығына байланысты барар жеріне күнделікті таксиге 1500-2000 теңге жұмсайтынын ал алатын зейнетақысы 65 000 теңге екенін, сондықтан автобустар уақытпен жүрсе деген өтінішін жеткізді.
Бөлім басшысы мекеме тарапынан тиісті көмектерін көрсетуге дайын екенін айтты.
Уалихан Сексенбаев та жүргізуші тапса, автобусты жүргізуге уәде беріп тарқасты.
Автобустың жүргені қарапайым халық үшін тиімді. Кез келген нарықта бәсекелестік болса ғана даму болады. Бәсекелес тараптар халыққа мейлінше қолайлы жағдай туғызу арқылы өзі де пайда табады. Сондықтан қоғамдық көлікті жүргізуге ниетті кәсіпкерге заң талаптарына сай тиісті көмек көрсетілсе, мәселе өз шешімін табады деген ойдамыз…
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»