Basty bet

Отбасының қолдауы мен жылулығы аса маңызды

Аудандық аурухананың перзентхана бөлімі қаншама ата-анаға қуаныш, бақыт сыйлаған киелі шаңырақ.
Перзентхана дегенде біз тек қуанышты сезімді ғана сезінеміз. Бірақ сол үлкен қуаныштың артында үлкен еңбек тұрғанын біле бермейміз. Дәрігерлер мен акушерлер әйелдің баласын өмірге әкелудегі бар жан қиналысын көріп, екеуінің де амандығы үшін қаншама тер төгеді. Анамен бірге толғатып, қиналып, бірге қуанып, дүниеге келген баланы қарсы алып, кіндігін кесіп, ана құшағына бергенде бар қиындықты ұмытып кетеді. Перзентхана қызметкерлері міне, осындай қайсар әрі бақытты жандар.

Аудандық перзентханаға бүгінде білікті акушер-гинеколог Ашилова Зәмира Құдайбергенқызы басшылық етеді. 40 жылға жуық осы салада еңбек еткен абыройлы жан қаншама жас мамандарға ұстаздық етіп келеді. Ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білген дәрігердің бергенінен әлі де берері көп.
Зәмира Құдайбергенқызымен перзентхананың бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.
-Перзентханада 16 кісі қызмет етеді. Оның екеуі акушер-гинеколог, біреуі неонатолог дәрігер, бес акушер, бір балалар медбикесі, қалғаны тазалықшы, тамақ таратушы қызметкерлер.
Құрметті ардагеріміз Эсмира Мамедова бір басқосуымызда перзентхана құдды бір періштехана сияқты дегені бар еді. Яғни, біз періштелерге қызмет ететін жанбыз. Сондықтан мұнда қызмет ететін жандар мейірімді, жүрегі таза, мәдениетті, жүріс-тұрысы дұрыс, тәрбиелі, әдепті жандар болуы керек. Мейірімді жанның қашанда мерейі үстем. Ол жанның отбасының да берекесі болады. Адамның қандай болуына қоршаған ортасының әсері үлкен,- дейді Зәмира Құдайбергенқызы. – Жұмыста менің әріптестерімнен талап ететін қасиеттер – жұмысына деген адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік, тазалық, жандүниесінің тазалығы.
Біздің ұжымда қызмет ететін қыз-келіншектердің барлығы өз жұмысына берілген жандар. Атап айтқанда акушер-гинеколог дәрігер Ғазиза Егізбаева, неонатолог дәрігер Диляра Мырзахметова, акушерлер: Гүлнар Сыдықова, Тамара Цепкова, Гүлшат Қанаева, Шолпан Беркалиева, Ирина Ларина, балалар медбикесі Гүлмира Дербісалиева, тазалықшылар Нағима Панеева, Айжан Қыстаубаева, Майра Мадимарова, Айкенже Сариева, Айнұр Рахманқұлова, Гүлмира Бархыбаева, тағы да басқалар.
Аудандық перзентхана негізінен І деңгейдегі яғни, денсаулығы жақсы физиологиялық жолмен босана алатын әйелдерге арналған. Көп босанатын, мезгілінен ерте босанатын әйелдер денсаулығына қарай ІІ деңгейлі қалалық, ІІІ деңгейлі облыстық перинаталдық көмек көрсету орталықтарында босанады. Ал, әйелдің өміріне қауіп төндіретін ауруы бар, мүлдем тууға болмайтын әйелдер республикалық “Ана мен бала орталығында” босанады. Елімізде перзентханалар мүмкіндігіне қарай осылай төрт деңгейге бөліп, жабыдықталған.
Алайда бізге тек денсаулығы жақсы әйелдерді ғана босандырамыз деп басқаны қабылдамай отыруға болмайды. Толғатып келіп тұрған, жоғары деңгейлі орталықтарға тасымалдауды денсаулығы көтермейтін әйелді біз кері қайтара алмаймыз. Босану үстінде түрлі жағдайлар орын алады. Бала іштен тұншығып туылуы немесе бала үлкен салмақта болуы мүмкін. Әйелге шұғыл көмек керек болады. Сондықтан барлық жағдайға дайын болуымыз керек.
Көпсалалы ауруханада бірнеше дәрігер бірлесіп жұмыс істейді. Яғни, бірі диагноз қойса, бірі емдейді дегендей. Ал, аудандық деңгейде бір маман көпсалалы дәрігер болуы керек. Яғни барлық жұмысты өзі атқарады.
Өткен жылы ауданда 1000-ға жуық бала дүниеге келсе, соның 50 пайызы бізде босанды.
Жақында денсаулығына байланысты перинаталдық көмектің төртінші деңгейінде босануы қажет болған әйел біздің ауданымыздағы І деңгейлі перзентханада босанды. Әйел біздің ауданға қонаққа келген екен. Толғақ қысып, бізге келді. Бар мүмкіндікті пайдаланып, аман-есен босандырып, өз дәрігерлеріне қолма-қол тапсырдық.
Халықтың денсаулық туралы білім деңгейі көтеріліп, денсаулығына деген көзқарасы өзгерген сайын туу азайып келе жатыр. Яғни, әйелдер денсаулығын күтіп, балаларының арасын үш-төрт жыл етіп барып босануда. Бұл әрине дұрыс. Әйелдің денсаулығы жақсы болса, бала да сау болады. Бір жағы бұл акушер-гинекологтардың ғана емес, емхана дәрігерлерінің ұжым болып отбасын жоспарлауға үлес қосуының нәтижесі. Отбасын жоспарлау – отбасылық маңызды мәселе.
Жалпы дәрігерлер уақытқа жұмыс істейміз. Яғни, жедел көмек көрсету уақытпен шектелген. Мысалы, біздің салада толғақ, одан кейін сәбидің өмірге келуі, баланың жолдасының ажырауы, кесір тілігі барлығының өз уақыты бар. Стандартқа сәйкес біріне он минут берілсе, ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұрғанда бір-екі минут, тіпті 30 секундтың маңызы үлкен. Біз сол уақытты тиімді ұйымдастыра білмесек, ана мен баланы жоғалтып алуымыз мүмкін. Адамның өмірін бір минут, кейде секунд шешіп кетуі мүмкін. Бұл өте ауыр жұмыс. Оны сол жағдаймен бетпе-бет келген адам ғана түсінеді.
Бір жылда 365 күн болса, 365 күн бойы аудан аумағынан тыс жерге шыға алмайтын дәрігерлер болады. Шыққан күннің өзінде өзін алмастыратын адаммен келісе отырып ғана шығуына болады. Яғни, дәрігердің жұмысы ештеңемен өлшенбейді. Қиындықты тек өз жұмысын шын сүйетін дәрігер ғана жеңе алады. Бірақ, жұмысыңның нәтижесін көргенде ерекше сезімге бөленесің, шабыттанып, ашыла түсесің. Бұл сәттегі жұмысыңнан алған ләззатты сезіну біз үшін үлкен бақыт.
2024 жылы ауданнан көпбейінді жаңа аурухананың ғимараты соғылады деп жоспарлануда. Жаңа ғимараттың бір үлкен блогы перзентханаға беріледі деген жоспар бар.
Бүгінгі таңда перзентханада өкпе жетіспеушілігіне арналған бір “Сипат” аппараты бар. Бұл, өкпенің көлеміне байланысты оттегі жеткізетін аппарат.
Сонымен бірге екі “Кувез”, яғни инкубатор мезгілінен ерте туылған балаға арналған аппарат бар. Оның біреуі транспортты. Жеке босану бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен 89 пайызға қамтылған. Алдағы уақытта екі дана “Сипат” аппаратын алуды жоспарлаудамыз. Тапсырыс берілген. Себебі, кейде бала егіз тууылуы мүмкін.
Өмір болған соң жұмыс барысында қиын жағдайлар да орын алып тұрады. Әртүрлі мерзімде бала іштен өлі туылатын жағдайларда болады. Оның себебі әйелдің денсаулығына, түрлі инфекцияларға, қоршаған ортасына, әлеуметтік жағдайына, дұрыс құнарлы тамақтануына байланысты болуы мүмкін. Сонымен бірге ұрықтың іштен пайда болған ақауы, дұрыс дамымауы, дұрыс бітпеуі, іштен тұншығуы, өзінің кіндігіне оралып қалуы да себеп болуы мүмкін.
Бұл жағдай бойынша 2021 жылы жалпы алты жағдай, 2022 жылы бес жағдай орын алған. Оның ішінде біздің перзентханада өткен жылы бір әйелде, биылғы жылы бір әйелде орын алды.
Перзентхана дәрігерлері кесте бойынша арнайы курстарға қатысып, білімін жетілдіріп отырады. Бұл мәселе тұрғысынан облыстағы перинаталды орталықтың бас неонатологы Талғат Толықбаев біздің дәрігерлермен көп жұмыс жасады.
Алдағы жоспарымыз перзентханамызды ІІ деңгейге қызмет көрсетуге көшіру. Оған аурухана, емхана гинеколог дәрігерлерінің жұмыс күші жетеді. Алайда тағы да бір неонатолог дәрігер керек.
Ерекше айтып өтетін мәселе – гинекология саласы бойынша үлкен жетістікке қол жеткізудеміз. Ол – емдеу барысында ота жасау қажет болған жағдайда лапароскопиялық аппараттарды қолданудамыз. Яғни, ауруханамыз жаңа лапароскопиялық аппаратпен қамтамасыз етілген. Оны хирургтар, гинекологтар қолдануда. Аталған әдіспен ота жасау үшін акушер-гинеколог дәрігер Ғазиза Серғазықызы қалалық көпсалалы аурухананың мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, арнайы оқып, үйреніп бүгінге дейін он шақты ота жасады. Оталар гинекологиялық ауру түрлері киста, миома, жатырдан тыс жүктіліктің асқынбаған түрлеріне жоспарлы түрде жасалды. Оталар сәтті шықты. Гинекология қыздарымыз бен әйел-аналардың жыныс жүйесінде кездесетін ауруларды емдейтін сала. Яғни, жүктілік, бала көтеру, босану әйелдің жыныс жүйесінің саулығына да тікелей байланысты. Сондықтан бұл да гинекология саласының үлкен жетістігі деп білеміз. Осы саланы дамыту үшін басқа жас мамандарымыз да ізденіп, оған атсалысуда.
Аудандық аурухананың қабылдау бөлімін үштік жүйе бойынша жабдықтау жоспарлануда. Яғни, ауруларды жеңіл, орта, ауыр деп үшке бөліп көмек көрсетеді. Бұл уақытты жоғалтпау үшін, жұмыс сапасын арттыру үшін қажет. Бұл жүйе жасалып, іске қосылса, біздің де жұмысымызға оң әсер ететін болады.
Барлық мәселе бірінші білікті дәрігерге, көлікке, құрал-жабдыққа, дәрі-дәрмекке, жұмысты ұйымдастыра білуге байланысты. Барлығы бір-біріне сайма-сай болғанда ғана өлім-жітімнің алдын ала аламыз.
Акушер-гинеколог ретінде жас аналарға айтарым – өз денсаулықтарын үлкен жауапкершілікпен күтіп, дәрігерлермен тығыз байланыста болуы керек.
Ана мен баланың денсаулығына бүкіл отбасы жауапты. Оларға көмек, қолдау, жылулық керек.
Сонымен бірге жүкті әйел аяғы ауыр кезде өтетін скринингтердің өз уақытымен өтуі керек. Ол көптеген қиын жағдайлардың алдын алады,- дейді Зәмира Құдайбергенқызы.
Ана мен бала денсаулығы, саулығы – ұлт саулығы. Сондықтан перзентханадағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрбір ананың, шаңырақтың қуанышы мен амандағы үшін ғана емес, қоғамның, ұлттың саулығына арналады.
Осы орайда аудандық періштеханадағы әрбір абзал жанның еңбегіне алғыс білдіріп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақыт, жұмыстарына сәттілік пен абырой тілейміз!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

 

Таңдаулы материалдар

Close