Basty bet

Сала жұмысы ширатуды қажет етеді

Өткен аптаның басында аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен өңірдің әлеуметтік саласына қатысты алқа мәжілісі өтіп, онда аталған саланың жұмысын ілгерілету, тиісті мамандардың тарапынан кеткен кемшіліктер мен жіберілген олқылықтардың орын толтыру, жалпы бір сөзбен айтқанда, саланың жұмысын ширату жөнінде мәселелер қаралды.
Жиынға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылары мен жауапты мамандары, сонымен қатар, ХЖҚО-ның ауылдық округтердегі ассистенттері және барлық ауылдық округтер әкімі аппаратының әлеуметтік сала жұмысына жауапты мамандары шақырылды.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмектер көрсету бағытындағы және әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік, еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссиясының, дағдарысқа қарсы жұмысшы топтың 2022 жылы атқарылған жұмыстары туралы алқа мәжілісінің отырысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмектер көрсету бағытында 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Налекова баяндады.
Баяндамашы ең алдымен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ретіне тоқталды.
-Биылғы жылдың 1 қаңтарына – аудандағы халық саны 54 542 адамды құраса, оның ішінде, өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны жыл соңында 3 839 адам болып қалыптасты, яғни үлесі- 7,0% (облыстық орташа көрсеткіш- 4,3%,).
2022 жылдың 12 айында 3 839 адамы бар 715 отбасына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Оның ішінде, шартсыз ақшалай көмекке- 379 адамы бар 93 отбасы, шартты ақшалай көмекке- 3 542 адамы бар 640 отбасы ие болды. 2021 жылы 950 отбасы (5 065 адамы бар) АӘК тағайындалған. 2021 жылмен салыстырғанда, АӘК алушы отбасылар саны- 235 отбасына азайып отыр.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын ауылдық округтердің бөлінісі бойынша айтатын болсақ, Б.Момышұлы ауылында 554 адамға, Нұрлыкент ауылдық округінде 292 адамға, Көкбастауда 85 адамға, Шақпақта 63 адамға, Мыңбұлақта 102 отбасына кеміген. Жалпы көрсеткіштер бойынша барлық ауылдық округтерде кему байқалса, тек Ақсай ауылдық округінде 18 адамға, Билікөлде 18 адамға, Боралдайда 26 адамға көбейген. Аудан бойынша АӘК алушылар саны жалпы халық санының 7,0 % пайызын құрап отыр. Бүгінгі таңда, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасыларға жан-жақты мемлекеттік қолдау шараларын көрсету арқылы олардың санын азайту бағытында тиісті шаралар қабылдануда,- деді бөлім басшысы.
Баяндамашы өз сөзінде, облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеровтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарында жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейді деп тіркелген жұмысқа орналасудың жалған фактілерін анықтау бойынша 2023 жылдың басынан аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алудың шарты бойынша жұмысқа орналасқан 340 адамның тізімі нақтыланып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына тиісті шаралар қабылдау мақсатында жолданғанын, осыған орай, мемлекеттік кірістер басқармасының жауабына сәйкес, анықтау жұмыстары жасалатынын жеткізді.
Бөлім басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар санының арту себебі, 2022 жылдың I тоқсаны мен IV тоқсанды салыстырғанда, кедейлік шегінің 4 597 теңгеге күрт өсуіне байланысты, сонымен қатар Отбасының цифрлық картасының іске асырылуы (АӘК-ге үміткер отбасының мәліметі өзектендірілген жағдайда өтініш иесінің қатысуынсыз проактивті түрде өтініш «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесінде автоматты түрде жасақталады) және алдыңғы тоқсанда АӘК алушы ақпараттық жүйеде тіркелген жағдайда СМС хабарлама арқылы өтініш автоматты түрде келесі тоқсанға жасақталуына байланысты АӘК алушылардың саны артып отырған көрінеді.
Былтыр жыл басында орын алған Қаңтар оқиғасына байланысты 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК алушылар үшін 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша автоматты түрде ұзартылды. Бір сөзбен айтқанда, АӘК тағайындау барысында орташа есеппен тоқсан сайын 30-40 отбасынан жаңа өтініштер тіркелуде.
-2022 жылдың I тоқсанында атаулы әлеуметтік төлем алушылардың саны 575 отбасын құраған болса, IV тоқсанда 425 отбасын құрап, яғни 150 отбасына АӘК төлемі тоқтатылған. Оның ішінен, 122 отбасының табысы көбейген, сонымен бірге, ауылдық округтердегі учаскелік комиссиялардың тексеру қорытындысы негізінде 27 отбасы, бір отбасына әлеуметтік келісім-шарт орындалмағанына байланысты және екі отбасынан өтініш берушілердің қайтыс болу себебімен тағайындаудан бас тартылғын.
Сондықтан, биыл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына және барлық ауылдық округтерге, жұмыспен қамтылған АӘК алушылардың еңбек шарттарын тексеріп, құжат қабылдау бойынша тапсырмалар берілді. 2023 жылдың I тоқсанына АӘК алуға 381 отбасы өтініш білдіріп, оның ішінен, 301 адамға көмек тағайындау туралы шешім қабылданды,- дейді аудандық ЖҚ және ӘБ бөлімінің басшысы А.Налекова.
Алқа мәжілісінде күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссиясының және дағдарысқа қарсы жұмысшы топтың (штабтың) 12 айда атқарған жұмыстары тыңдалды. Бұл туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлшат Наурызова баяндады.
Алқа мәжілісін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылап, өңірдің әлеуметтік сала жұмысына жауапты басшылар мен қызметкерлердің жұмысын сын тезіне алып, аталған салада орын алған олқылықтарды түзету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
-Жұмыспен қамту мәселелері бойынша біздің аудан облыстық көрсеткіштен төмен нәтиже көрсетіп отыр. Былтыр ауданда жүргізілген бірқатар құрылыс нысандарында жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту жұмысы өз деңгейінде орындалған жоқ. Одан бөлек, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне отбасылардың қоныс аудару бойынша жұмыстар да жоспардан төмен болып отыр. Ұлттық жобаның аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың міндетті аударымдары толық аударылмаған. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың көрсеткіші өңірде 7 пайызды көрсетіп отыр. Бұл – облыстық көрсеткіштен жоғары.
Мен Сіздерге жұмыспен қамту және әлеуметтік сала жұмысында кеткен осындай бірқатар кемшіліктерді түзетіп, орын алған олқылықтарды тездетіп жоюды тапсырамын. Бұл бағытта сала мамандары жұмысты жүйелеп, жауапкершілік жүгін сезінулері қажет,- деді Анар Садыққызы.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close