Basty bet
“Өзімді басқа салада елестете алмаймын”
“Кітапхана – білім көзі, кітапханашы – оның тірегі” деген. Шынында да, кітапхананың адам ғана емес, тұтас адамзаттың өркениетті қоғамға қадам басуындағы рөлі орасан. Осы орайда кітапханашылардың да еселі еңбегін айтып өткеніміз жөн.
Аудандық орталық кітапханада 30 жылдан астам уақыт абыроймен қызмет етіп, оқырманның ризашылығына бөленген өз ісінің нағыз шебері Мәрзия Ермекбаевамен кітапхана әлемі төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
-Мәрзия Сатыбалдықызы, кітапханашы болуды бала кезден армандадыңыз ба?
-Бала кезімде әкем менің кітапханашы болғанымды қалап, үнемі кітапханашы қыз балаға лайықты мамандық деп айтып отыратын.
Содан мектеп бітірген соң Тараз қаласындағы Мәдени ағарту училищесіне сырттай кітапхана бөліміне оқуға түстім. Еңбек жолымды осы жылы Көлтоған ауылындағы ауылдық кітапханадан бастадым. Кейін Рысбек батыр ауылында еңбек еттім. 1987 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының кітапханатану факультетіне оқуға түсіп, 1991 жылы аяқтадым. Арада біраз жыл аудандық мәдениет үйінде, білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс атқардым. 2012 жылы қайтадан өзімнің мамандығым бойынша еңбек етудемін. Бүгінгі күні бірыңғай қорларды пайдалану және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісімін.
-Бүгінгі мен бұрынғы оқырмандардың арасында қандай өзгерістер бар?
-Бұрын адамдар кітап, газет-журналдарды көп оқитын. Оқырмандар “Жұлдыз”, “Жалын”, “Парасат” деген журналдарды, көркем әдебиеттерді іздеп оқушы еді.
Колхоз, совхоздарда егін ору, қой қырқу науқандарында қырманға, қойшыларға барып “қызыл бұрыш” ұйымдастыратынбыз. Яғни, қызу науқандық еңбектің ортасына көркем әдебиеттер мен жаңа кітаптарды, газет-журналдарды алып барамыз. Медицина саласының қызметкерлері жұмысшыларға өз тарапынан көмек көрсетсе, бізден жұмысшылар демалғанда келіп кітап, газет-журналдар алып оқитын. Оқырмандарға қажетті басылымдары мен кітаптарын жазып беріп, оқуға тастап кететінбіз. Қазір жас оқырмандар негізінен мотивациялық кітаптарды іздейді.
Оқырманның, заманның талабына сай кітапхана жұмысында да көп өзгерістер болды. Цифрландырылған орталықтар ашылды. Электронды кітаптар шықты. Коворкинг орталықтары ашылды. Қысқасы, оқырмандарды кітап оқуға тарту үшін бар мүмкіндіктер жасалды. Қазір адамдар мүлдем кітап оқымайды деп айта алмаймын. Кітапты сүйіп, үздіксіз оқитындар бар. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда әрине аз оқиды.
-Кітапхананың ауасы ерекше, жалпы жұмыста қандай сезімде боласыз? Жұмыс барысында есте қалған қызықты оқиға немесе кітапханашы ретінде ұйымдастырған іс-шараңыз.
-Иә, кітапхананың аурасы деген керемет. Кітаптың исінің өзі неге тұрады.
Кітапханашы түрлі оқырмандармен жұмыс жасайды. Сондықтан жұмыс барысында қызықты жағдайлар да орын алып тұрады. Кітапты сүйіп оқитын жандардың қызығушылығы жұмысқа деген құштарлығыңды арттыра түседі.
Жас кезімізде ауыл жастары бірігіп түрлі іс-шаралар ұйымдастыратынбыз. Бірде әр саладағы жастар, оқушылар болып Сәкен Жүнісовтың “Ажар мен ажал” пьессасын сахналадық. Қойылымды трактормен Қошқаратаға барып қойдық. Көлтоғанда да сахналадық. Халық көп жиналды. Мен Қатан байдың бәйбішесі болып ойнадым. Қазіргі “Мыңбұлақ” театрының белді әртісі Талғат Батыров ол кезде жас маман. Ол Қатанның қол шоқпары Қатайдың рөлін сомадады. Осы бір іс-шарамыз ерекше болып еді. Көрермен де риза, біз де риза.
– Жас оқырмандарға көңіліңіз тола ма?
-Жастардың кітап оқуына мұғалімдердің де ықпалы зор. №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиядан Самал Қадырова, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептен Камшат Құрматаева сынды мұғалімдер оқушыларын кітапханаға ертіп келіп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Яғни, өздеріне қажетті түрлі кітаптарды іздейді. Одан бөлек, мұғалімдерінің тапсырма беруімен Мұхтар Әуезовтың “Абай жолын”, Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” кітабын алып оқитын оқушылар бар. Электронды оқулық та жақсы. Бірақ, кітапты қолыңа алып оқығандай болмайды. Әрі десе, компьютер мен телефонның көзге де зияны көп. Сондықтан меніңше, қазір жастар да оның зиянын түсініп, кітап оқуға бет бұрып келе жатқан сияқты.
-Сіз жақсы көретін авторлар.
-Мен Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айшасын”, “Бір кем дүниесін”, Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұясын”, “Мұхтар Әуезовтың “Абай жолын”, Оралхан Бөкейдің “Кербұғысын” жақсы көремін. Кітап оқығысы келген оқырмандарға да осы кітаптарды ұсынғым келеді.
-Кітапхана мамандығы Сізге не берді?
-Мен өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Жұмысқа асығып келемін. Өзімді басқа салада елестете алмаймын.
Кітапханашы сыпайы, еңбекқор, ізденімпаз, мәдениетті, тазалықты жаны сүйетін жан болуы керек. Сондықтан осылай болуға өзімді тәрбиеледім.
Кейбір адамдар кітапханаға кітап оқығысы келіп келеді. Бірақ, өзіне қандай кітап керек екенін білмейді немесе жеткізе аламайды. Сондықтан кітапханашы психолог болуы керек. Оқырманмен тіл табысып, қайткенде де оның сұранысын қанағаттандырып жібере алуы тиіс.
-Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға тек сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”