Basty bet

Тірек мектеп-лицейі ашылды

Үстіміздегі оқу жылында ауданымызда білім сапасын арттыру мақсатында аудан орталығындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейі тірек лицейі ретінде қайта жасақталды.

Бұл білім ордасы “Қазақстан халқына” және “Білім беруді дамыту” қайырымдылық қорының “Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасына еніп, алдағы уақытта тірек лицей есебінде өз жұмысын бастайтын болады.
Бұл үшін лицейдің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарды. Атап айтқанда, жаңа модификациялық кабинеттермен, заманауи зертханалармен, ART-студиямен, STEM-лабораториямен, TELE-студиямен жабдықталған.
Өткен аптада Мұғалім күніне орай тірек мектеп-лицейінің салтанатты ашылуы болды. Оған аудан әкімі Жалғас Мұртаза және ауданымыздағы зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мектеп фойесінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы сөз сөйлеп, мектеп-лицей ұжымын Мұғалім күнімен және тірек мектеп-лицейінің ашылуымен құттықтады.
-Лицей магниттік мектептер: Б.Момышұлы, Б.Майлин, Т.Әкімов атындағы орта мектептері және Ынтымақ негізгі мектебінен келген 191 оқушы мектеп-лицей базасында білім алып, түрлі үйірмелерге тартылатын болады. Сонымен қатар мектеп-лицей білім сапасын арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебі және педагогикалық шеберлік орталығымен бірлескен меморандум аясында үш жыл бойы жаңа әдістемелерді енгізу мен біліктілікті арттыру жұмыстарымен айналысатын болады.
Келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа адал қызмет ететін ұрпақ қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ортақ міндетті орындау мақсатында Мемлекет басшысының қолдауымен «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының демеуімен ашылып отырған бүгінгі тірек мектебі тағы да құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, игілікті істеріңізге әрқашан асқақ абырой тілеймін!- деді аудан әкімі.
Мектеп директоры Руслан Сайлаубаев қонақтарды мектептің жаңадан жабдықталған кабинеттерімен таныстырды. Модификациялық кабинеттер мен заманауи зертханаларда білімін тәжірибемен ұштастырып жатқан оқушылар аудан басшысына үйренген тәжірибелерін қуанышпен жеткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close