Basty bet
ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ ӨТТІ
Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары, қаламгер, этнограф, «Шуақты күндер», «Күретамыр», «Бабалар аманаты» кітаптарының авторы, қазақ келіндерінің символына айналған жан Зейнеп Ахметова биыл 80 жасқа толып отыр.
Өткен аптаның соңында Зейнеп Ахметованың мерейтойы Алматы қаласында зиялы қауым өкілдерімен аталып өтті. Рухани кешке Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза арнайы барып қатысып, мерейтой иесіне барша жуалылықтардың атынан игі тілегін жеткізді.
Той шымылдығын жуалылық өнерпаздар – Салтанат Мейіржанқызы, Мадина Свамбаева, Назерке Ахмет, Қуаныш Сүйінбай және Нұрдәулет Мейірхан халық әні «Тойға шашу» әнімен ашты.
Осы тұста Зейнеп апамыз әдетте қазақтың тойы әнмен басталатыны, осыған орай «Тойбастар» рәсімі жасалатынын, алайда соңғы жылдары «Тойбастарды» тойдың соңына таман әкеліп жүргенін және мұның дұрыс емес екендігін жеткізді. Сонымен қатар, қонақтарға «Тойбастар» сый-кәдесін таратты.
Тойдың ашылуынан кейін бір топ қонақтармен бірге аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы да игі тілегін білдіріп, Зейнеп Ахметоваға сый-сияпатын тапсырды.
Тағылымды кеште қазақтың бірқатар игі жақсылары жылы лебіздерін білдіріп, эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Салтанат Жолболдиева,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары