Basty bet

Темекі тартқаның – өзіңді құртқаның

Темекі шегу – көптеген аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі. Статистика бойынша жыл сайын алты миллионға жуық адам темекіні шегуден көз жұмады. Темекі адам ағзасына өте зиян. Қазіргі таңда қоғамда темекі шегу еркектердің, әйелдердің, сонымен қатар, балалардың да күнделікті әдетіне айналды. Шылым тартатын адамдардың жалпы саны миллиардқа жуық. Никотин тәуелділігі адам ағзасына қауіпті. 20 дана темекіде (шегушілерлің орташа тәуліктік мөлшері) 130 мг никотин бар.

Темекі түтінінің құрамында цианид, мышьяк, гидрокси қышқылы, көміртегі тотығы, полоний, қорғасын, висмут және басқалар бар.
Темекінің ағзаға зияны:
Өкпе ісігімен (рак легких) ауыратын адамдардың 90%-ы шылым шегушілер. Дәрігерлер бронхит пен эффизема ауруының 75%-ы темекінің шегуімен байланысты деп айтуда. Сонымен қатар, жүрек ауруы бар адамдар темекі тартудың нәтижесінде өмірлері едәуір қысқарады. Никотин есту аппаратына кері әсерін тигізеді. Улы заттар құлақтың ішкі құрылымдарының дұрыс жұмысын бұзады. Нәтижесінде бұл – ұйқының бұзылуына, иіс және дәм сезімінің төмендеуіне әкеледі. Никотин терінің нашарлауына, тістің қараюына және жағымсыз иістің пайда болуына ықпал етеді. Темекі шегетін адам тез қартаяды. Жүкті әйелдің жаман әдетке әуес болуы ұрықтың ағзасына зиянын келтіреді. Ішіндегі бала көбінесе мерзімінен бұрын туады. Туғасын олар жиі ауырып, дамуы жағынан құрдастарынан қалып қояды. Шылымнан келетін зиянды пайызбен, граммен және басқа өлшеу бірліктерімен өлшеу қиын. Оның адам ағзасына қауіптілігі өте үлкен. Бұл жерде никотиннің рөлі аз емес. Сарапшылар никотинді есірткіге теңейді, өйткені ол тәуелділік тудырады, сондықтан оны тастап кету өте қиын. Никотиннен келетін ең үлкен зардапты бауыр шегеді.
Шылым шегуден қатерлі ісік түрлері, миокард инфарктісі, инсульт, өкпе тромбоэмболиясы, атеросклероз, соқырлық, саңыраулық, эндартериит, импотенция, бедеулік, өкпенің эмфиземасы, пневмония, созылмалы бронхит аурулары, тіс эмаліның бұзылуы, асқазан-ішек аурулары, дамудың артта қалуы пайда болып, ерте өлім алып келеді. Шылымның адам ағзасына беретін зияны ізсіз қалмайды. Тіпті одан бас тартқан кезде де, оның әсері көптеген жылдар бойы сақталады.
Темекіні тұтатқаннан кейін, оның құрамындағы улы заттар, шылым шегу арқылы өкпеге енгеннен кейін денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Ол улы заттар, ауыз және өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Бұл заттарды үш топқа бөледі: никотин, смола заттары және ысты газ. Сонымен қатар, темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар. Бұл заттардың ішіндегі бәріне белгілісі – никотин. Ол өкпеден қанайналым мүшелеріне өтеді де басқа органдарға жағымсыз әсерін тигізеді.
Жыл сайын дүниежүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн адам қайтыс болады екен. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Ал, Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінсек, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді. Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-ні біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады.
Егерде адам күніне бір қорап темекі тартатын болса оның өкпесіне 700 грам смола түседі, оның құрамында 100-ге жуық әртүрлі канцерогендік заттардың бары анықталған. Ол канцерогендік заттардың (қатерлі ісік тудыратын заттар) ішіндегі ең қауіптісі бензпирен болып есептеледі. Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек мүжігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады да өздеріне сай зиянды әсерлерін жалғастыра береді. Темекі радиоизотоптарынан әсіресе полоний-210 және қорғасын-210 қатерлі ісіктерді тудыратын ең басты улы заттар болып табылады. Бұл заттар темекі шегушілердің генетикасын зақымдайтын ең негізгі себептер. Адамды 200 рет рентгенге түсіргенде денеге өтетін радияциялық мөлшерді, адам күніне 20 темекі тарту арқылы-ақ қабылдап жатады. Егерде адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы 8 жылға қысқарады. 15 жасында темекі тарта бастаған адамдар 5 есе көп өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады,
Темекі – адам денсаулығына қауіптілігімен қатар өзіне тәуелді ететін өнім. Ашығында, темекіні тастау адамның ниетіне, ерік-күшіне, сабыр-төзіміне байланысты. Темекі шегушілік – 90% өкпе қатерлі ісігінің, 70% бронхөкпе ауруларының, 25% жүрек қан-тамыр дерттерінің себебі болып табылады.
Егер сіз темекі шегуді тастасаңыз, онда 20 минуттан соң қан қысымы мен тамыр соғуы қалыпқа түседі. Сегіз сағаттан соң қандағы никотин және тұншықтырғыш газ деңгейі жартылай төмендейді, оттегі деңгейі қалыпқа келеді. 24 сағаттан соң тұншықтырғыш газ ағзадан толығымен шығарылады. Жедел миокеард инфарктісінің қауіп-қатері едәуір төмендейді. 48 сағаттан соң ағзада никотин қалмайды. 48 сағаттан соң иіс сезу қабілеті жақсарады. 72 сағаттан соң адамның көңіл-күйі жақсарады; 2-12 аптадан кейін қан айналымы жақсарады, 3-9 айдан кейін өкпенің қызметтік қоры (резерві) 30% өседі.
Сонымен қатар, бір жылдан кейін миокард инфарктісінің қауіп-қатері 50%-ға төмендейді. Бес жылдан кейін өкпе, ауыз қуысының, көмей және өңеш қатерлі ісігімен ауыру қауіп-қатері екі есеге азаяды. Он жылдан кейін миокард инфарктісінің қауіп-қатері ешқашан темекі шекпеген адамның денсаулығымен теңеседі. 15 жылдан кейін өкпе қатерлі ісігінің қауіп-қатері ешқашан темекі шекпеген адамның денсаулығымен теңеседі.

Зоя Бердіхожаева,
аудандық орталық аурухананың нарколог дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close