Basty bet
Ана – өмірдің әні, көңілдің жыры
Қазақтың аналары – тұнып тұрған ұлттық тәрбиенің, салт-сананың, дәстүр мен ғұрыптың, күрескерліктің тұмары. Әр бала шыңға шықса, ол да қасиетті анасының еңбегі. Егер біздің бойымызды ұлттық намыстың, қайсарлықтың, өжеттілік пен ерліктің қаны ойнап тұрса, ол – Аналарымыздан.
Ұлттың ұрпағын сол халықтың рухында өсіріп, әрбір кішкентай мемлекет – отбасының тыныштығын, береке мен бірлігін сақтап, жылулық пен жаншуағына бөлеп келе жатқан Аналарымызға мың тағзым!
Ауылдық мәдениет үйінде «Асыл аналар» Әжелер әуесқой клубы үйірмесінің және ортаңғы «Шабыт» би тобы қыздарының қатысуымен асыл аналармен кездесу өтті. «Тәрбие тал бесіктен» демекші аналарымыз бен кездесу барысында, қай уақыттада қыз тәрбиесі туралы сөз қозғалатыны анық. Себебі, қыз баласының тәрбиесі ерекше орын алады. Қыз баласы болашақ жар, ана, бір үйдің түтінін түтететін келін болады. Қыз баласы жас кезінен бастап жана-жақты тәрбие алғаны дұрыс. «Қызға қырық үйден тыю» деген әдемі нақыл сөз бар. Біздің «Асыл аналар» әуесқой клубының мүшелері, қыздарымызыға «Бүгінгі кеш арқылы нағыз қазақ қызының бойында болатын қасиетті көрсете білдік деп ойлаймыз. Әрдайым бойларыңызда қазақылықтың лебі аңқып тұрсын. Ешқашан қазақ қызы деген атқа кір келтірмейік! Бүгінгі кештен алған тәлім-тәрбие алдағы уақытта өмірлік жолдарыңызда көмек болады деген ойдамыз» деп кездесуге келген қыздарға өздерін ақыл-кеңестерін айтты.
Осындай басқосулар біздің жас буынға өте қажет. Қазақ ананың қасиетін «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген бір-ақ ауыз сөзбен бейнелеген. Алаш баласы ана атаулыны ардақ тұтады. Сондықтан «Тұлпар биеден туады, алып анадан туады» деген ұғым қалыптасқан. Кездесудің соңы кішігірім концерттік бағдарламаға ұласты.
Хадиша Жұпбағамбетова,
Нұрлыкент ауылдық мәдениет
үйінің үйірме жетекшісі