Basty bet

Еліміздің тағдыры әрқайсысымыздың қолымызда

Елімізде өткен бүкілхалықтық референдумның қорытындысы халықтың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Яғни, халықтың таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына арнаған «Ел дамуының жаңа дәуірі» атты Үндеуінде: «Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын»,- деді.
Мемлекет басшысының басты мақсаты, талабы осы. Бұл жолда әр қазақстандық мемлекетшіл болуы тиіс. Ең бастысы сең қозғалды. Енді бәріміз қозғалуымыз керек.
Референдумнан кейінгі аудандық әкімдікте өткен алғашқы аппараттық кеңесте аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы ауыл әкімдері мен бөлім басшыларын тәртіпке, жұмысқа деген жауапкершілікке шақырды.
-Қазір халық бізден өзгерісті күтіп отыр. Осы сәтте іскерліктеріңізді, ұйымдастыру қабілеттеріңізді көрсете алмасаңыздар, біздің қоғамға ешқандай пайдамыз жоқ. Сондықтан өзгерісті әркім өзінен бастауы керек,- деді.
Еліміздің тағдыры әрқайсымыздың қолымызда. «Жаңа Қазақстан дегені қайда?», «Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?» деп өзгерісті біреуден күтпеуіміз керек. Қанша жерден заң өзгеріп, талап күшейіп жатса да біздің санамыз, ойымыз, әрекетіміз өзгермесе, ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Ең бастысы, Мемлекет басшысы тарапынан бастама, талап бар. Бұл елдік жолда маңызды әрі үлкен мүмкіндік.
Осы орайда «Жаңа Қазақстанды құруда өзіңізге қандай талап қоясыз? Жалпы, қоғам өзгерісті неден бастауы керек? Қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?» деген сұрақтар төңірегінде бірқатар азаматтармен сұхбаттасып, ой-пікірлерін білген едік.

Мейрамбек Сәулембаев, зейнеткер, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны.
-Ең бірінші еңбектенуіміз керек. Қандай мамандық иесі болса да мықты маман болуы қажет. Қазір дипломы бар адам көп, бірақ мықты маман жоқ.
Еңбек әділ бағалануы тиіс.
Бұрынғы жүйе қарапайым халыққа көп қиянат жасады. Әділетсіздіктің салдарынан әділетсіздік, өтірік төрде, ал, шындықтың, әділдіктің дауысы бәсеңдеп, есікте отырды. Сондықтан да ол жүйе бүгін тоқырауға ұшырап отыр. Бүгін байқап қарасақ, қоғамда өзгеріс бар. Адамдар ойын ашық айтуда. Шындық айтылған жерде, шындық қорғалған жерде әділетсіздік өзі-ақ шетке ығысады.
Мемлекет басшысының қолға алған конституциялық реформасы, саяси бастамалары өзгеруге, қателіктерімізді түзеуге тамаша мүмкіндік. Біз мұны орынды пайдалануымыз қажет.
Бүгінде әлі ортамызда жүрген жемқорлар, бәлеқорлар, сыбайластар, халыққа өзіне керек жерде жақсы көрінуді ойлайтын екіжүзділерді біз халық болып бірлесіп, ығыстырамыз. Олардың атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ. Себебі, ондайлар өздерін іштей біледі. Олар жәймен қадірінің кете бастағанын білетін болады. Оларды ертең ешкім де еске алмайды. Елдің есінде адал еңбек еткендер ғана қалады.
Референдумға қатысып, мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтар саны 77 пайызды құрап отыр. Бұл – үлкен күш, локоматив.
Біздің халық кеңес үкіметі кезінде көп оқитын халық едік. Газет-журналдар сататын дүңгіршекте кезекте тұрушы едік. Халық өте сауатты еді. Ал, қазір қандай? Газет-журнал, кітап оқитындар санаулы-ақ. Салдарынан сауатты сөйлей алатын, сауатты жаза алатын адамдардың қатары азайды. Оқу адамның ойлау қабілетіне, қөзқарасына да әсер етеді.
Қазір газет-журнал керек емес деп айтатын адамдар арамызда бар. Олар сол сөзін дәлелдеп берсін. Керісінше, газет-журналға көбірек қолдау керек. Себебі, БАҚ – мемлекеттің қаруы.
Интернеттің пайдасы жоқ емес, бар. Бірақ, пайдасынан зияны өте көп. Бүгінгі жастарымыздың адасып жатқаны, адамдардың азғындалып бара жатқаны интернеттің әсері.
Әлемде небір алып мемлекеттер БАҚ арқылы халықтың рухын көтеріп отыр. Газет шықпаса, мемлекеттің болашағын елестету қиын. Онда рухани азып-тозып, өсек-аяңмен өмір сүретін боламыз. Менің айтпағым, біз көп оқуымыз керек. Әсіресе, жастар.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жалақыны уақтылы ала алмаған жылдары мектептердегі небір мықты мұғалімдер тұрмыстық жағдайына байланысты жұмысын тастап, базарда оқушысымен қатар отырып сауда-саттық жасады. Олардың орнына білімсіздер мұғалімдікке келді.
Мектепте әділетсіздік орын алған жерде шешімді білім басқармасы емес, сот шығарды. Осындай небір әділетсіздіктердің салдарынан бүгінгідей жағдайға түстік. Сондықтан басты өзгеріс білім саласына қажет.
Өзгеріс басшыдан басталса, барлығы түзеледі.
Барлық салада мәселе басшының немқұрайдылығынан, білімсіздігінен туындайды. Мен айтқан мәселенің барлығы жақсы жағына қарай өзгеретініне мен сенімдімін.
Нүрилә Мәлібекова, көпбалалы ана, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде былай деді: «Енді әр азамат қоғамда өз орнын өзінің қабілетіне қарай табатын болады» деді. Мен бұл сөзге қатты қуандым. Себебі, барлық мәселе осыдан басталады. Бүгінгі таңда білімі, қабілеті төмен болса да, тамыр-таныстың, параның арқасында жоғары қызметтерде отырғандар көп. Президентіміздің бастамасымен бұл мәселелер өз шешімін табады деп сенемін. Әрине, бірден емес, уақыт керек.
Қоғамды өзгерту үшін әр адам өзінің отбасындағы тәрбиеге ерекше мән беру керек. Себебі, бала отбасында әке-шешесінен нені көрсе, нені естісе, қоғамда соны істейді. Баланың қоғамдағы қателіктеріне ата-ана тікелей жауапты.
Алдағы жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына еңбек пәні қайта енгізіліп, оның сағаты көбейтіледі деген жақсы жаңалықты естідік. Мен өте қуаныштымын. Өйткені баланы жастайынан еңбекке баулу қажет. Қазір көп балалар жалқау, өзімшіл, ештеңеге қызықпайды. Бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайды. Баланың болашағын, елдің болашағын ойласақ, тәрбиені мықтап қолға алуымыз керек. Бірқатар ата-аналар мұғалім баласының тәрбиесі туралы шағым айтса, мұғалімнің өзін кінәлайды. Қайта мұғалімге баласының болашағына жайбарақат қарамай, алаңдағаны үшін алғыс айтуымыз керек. Бірлесіп түзеуіміз керек. Біржақты ештеңе істей алмаймыз. Жас ұрпақ тәрбиесімен ата-ана, мұғалім, қоғам болып айналысу керек.
Өкінішке орай, кейбір жас аналар балаларын жұмыс істемей тек үкіметтің қолдауымен жеткізгісі келеді. Мен бала таптым, үкімет маған көмектесуге міндетті дейді. Алла тағала әр адамның несібесін еңбегіне қарай береді. Үкімет көмектесіп жатыр. Бірақ, оны күтіп отыра бермей, өзі де еңбек етуі керек. Балаларды еңбекке баулу қажет. Біздердің ата-анамыз жас кезінде қандай бейнет жасады. Соның барлығын көріп есейдік. Еңбек қана адамды баянды бақытқа жеткізеді.
Рәтбек Көсембаев,
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі
-Менің өзіме қояр талабым – халыққа аянбай қызмет ету. Бұл барлық мемлекеттік қызметшінің міндеті деп білемін.
Әркім өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Адам өзгермей, қоғам өзгермейді.
Өз қызметіңе деген жауапкершілік қасиет, туған еліңе деген патриоттық сезім үлкен істерге бастайды.
Қоғамдағы үлкен мәселе – адамдардың бір-бірінің жұмысынан кемшілік іздеуі. Жалпы сын айтылу керек. Сын түзелмесе, мін түзелмейді. Жұмыс болған соң кемшілік болады. Менің айтқалы отырған мәселем – кісінің кемшілігін өзінің баспайдасы үшін «көзір» етіп, бәлеқорлыққа, жалақорлыққа баратын адамдардың көбейіп кетуі. Бұл жұмысқа үлкен кедергі жасайтын кеселдің бірі. Мұнымен қоғам болып күресуміз керек.
Ауыл – халқымыздың алтын бесігі. Сондықтан ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыратындай түрлі үйірмелер ашылса.
Ауылға ауыл шаруашылығы мамандары керек. Мәселен, механизатор. Қоғамда қарапайым еңбек адамдарына деген құрметті арттыруымыз қажет.
Ауыл жастарын қолдайтын, ауылды дамытуға бөлінетін гранттар көп болса.
Қоғамдағы келеңсіздіктермен күресу – отбасындағы тәрбиеден басталады. Сондықтан отбасындағы тәрбие мықты болуы шарт.
Жақсыбек Қасымбеков,
жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты
-Өзіме қояр талабым – тазалық, айтқан уәдеде тұру, сөзіме ісім сай болу.
Шыны керек халық, оның ішінде жастар референдумнан кейін Президентімізге үлкен сеніммен, болашаққа үміт артып отыр.
Мемлекетке керегі – тұрақтылық. Жастар тұрақтылықты сезініп, қадірін білуіміз керек. Себебі, мемлекетте тұрақсыздық болса, ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Осыны естен шығармауымыз тиіс.
Кез келген адамның білімі, тәрбиесі бала кезден басталады. Отбасында жақсы тәрбие алған, мектепте сапалы білім, саналы тәрбие алған жастың қоғамға берер пайдасы көп.
Қазір ауылда тұрақтап қалған жастар аз, тіпті жұмыс іздеп шет мемлекеттерге кетіп жатқандар бар. Сондықтан елімізде кәсіпкерліктің жаңа түрлері ашылса. Аға буын жастармен санасса. Білімді жастарға мүмкіндіктер берілсе деймін.
Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша халыққа арнаған Үндеуінде дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді деді. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Әділетті мемлекет құруда біз мемлекет басшысына қолдау білдіруіміз керек.
Мемлекеттің болашағы Президентіміз айтқандай, әрқайсымыздың қолымызда.

Сұхбатты жүргізген
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close