Basty bet
Ерлі-зайыптыларды татуластыру – басты мақсат
Ажырасуды төмендету бүгінгі таңда мемлекеттің бірегей мақсаттарының бірі. Мемлекеттің демографиялық жағдайының жақсаруына кері әсерін тигізетін негізгі себеп ерлі-зайыптылардың некелерінің бұзылуы болып отыр.
Ажырасу жас отбасылар арасында ғана емес, көпбалалы ересек азаматтарда да кездесуде. Ажырасудың алдын-алу шаралары қолға алынуда, осы бағытта мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен, жергілікті атқару органдарымен ведомства аралық тығыз қарым-қатынасты орнатылып ерлі-зайыптыларды бітімгершілікке келтіру жұмыстары атқарылуда.
Аудандық соттың ғимаратында татуласу орталығының кабинеті ашылған, аудандық әкімшіліктегі «Бастау» жұмыс тобының әрекетімен ерлі-зайыптыларды ажырасудан бас тартқызып татуластыруға шақырып, шаңырақтағы қақтығыстарды бітімгерлікпен реттеу арқылы көптеген жұмыстар жасалынды. Алайда бұнымен тоқтамау қажет, ілгері жылжып дауларды азайту негізгі басымдық болып отыр. Көп шаңырақты сақтап қалсақ, көптеген балалары ата-анасымен бірге тұруға және болашақта материалдық жеткілікті күйде өмір сүруге мүмкіндік алады.
Сол себептен біздің негізгі мақсатымыз шаңырақтағы кикілжіңдерге жол бермей, отбасы құрған азаматтарға ажырасудан бас тартып, ақылды шешімге қол жеткізіп, ортада қалған ұрпақтарының өмірдегі болашағын бірінші орынға қойып, шаңырақты сақтап қалу қажеттігін ойлау абзал. Бұл тұрғыда ауданымызда тіркелген 45 бидің мүшелері жұмыстарын тыңғылықты атқаруда.
Қариялар өсіп келе жатқан мектеп түлектеріне қазірден бастап отбасылық құндылықтар мен ана, әке, бала деген ұғымдар туралы ақыл-ойларын айтуда. Бұл көзқарасты жастардың ойына салу мектептің негізгі пәндерінің біріне айналса дұрыс болар еді. Өйткені жастар некенің екі тараптан да қандай жоғары жауапкершіліктің қажет ететінін түсінер еді деп санаймын.
Билер кеңесінің мүшелері, ағымдағы күз айларында мектеп сабақтары басталысымен осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, оқушылар арасында отбасылық құндылықтар тақырыбында лекцияларын айтады. Бұл үрдіс азда болса ажырасу мәселесіне болашақта тосқауыл қоятынына сенімдімін.
Аудандық әкімшілік ғимаратында «Бастау» жұмыс тобының мүшелері психологиялық және құқықтық көмек беру арқылы кеңес береді, яғни ажырасудың салдарын, кемшіліктерін, қателіктерін түсіндіріп, неке бұзудың көрсеткіштерін азайтуға септігін тигізуді. 2022 жылдың алты айында аудандық соттан жолданған 37 отбасы бойынша 9 татуласты, 12 нәтижесіз, 16 қаралуда.
Әрине ажырасуға негіз болатын көптеген себеп болады, оның ішінде басқа отбасы құру, жұбайының әйеліне қол көтеру арқылы қысым көрсетіп ішімдікке салынуы т.б. себептер. Алайда жұмыссыздық себебінен де шаңырақтың құлауы кездесуде. Отбасы құрған кезде ерлі- зайыптылар қуанышта да қайғыда да бірлесе жүкті көтеруге бір-біріне уәде береді. Өмірде материалдық жағдайда қиын кезеңдер де кездеседі, осы кезеңде бір-біріне көмектесіп түсіністікпен қарап, отбасыны сақтап қалуға күш-жігер бен табандылық қажет, одан өтіп шығуға шыдамдылық керек. Бұл қиындық уақытша ғана нәрсе, оларға төзе білу қажет, өйткені өсіп жатқан балашаға болашақта тура жолға түсіретін әке мен анасы қажет деп санаймын.
Қазіргі таңда «Отбасылық сот» жобасы іске асырылып, Жуалы аудандық сотында осы «Бастау» жұмыс тобымен жұмыс істеу жалғастырылуда.
Қоғамда қазіргі таңда ажырасу мәселесіне біркелкі көзқарас қалыптасқан,жасөспірім балалары бар отбасылар неке бұзуға барып жатыр. Бала әкесіз, анасыз қалай өседі деген ойлар мазаламайды, біздің ата-бабаларымыздан қалған менталитетімізде бұрын соңды осындай көзқарастар қалыптаспағаны анық. Алайда заман өзгеріп барса да, бірақ отбасылық құндылықтар өзгермеуі керек деп санаймын. Бала, ұрпақ, болашақ деген ұғым әр азаматтың негізгі мұраты болса ажырасу мәселесі жоғары деңгейге көтірмес еді.
Отбасыда бірінші құндылық бір-бірін сыйлау, бағалау, сабырлықты сақтау, өздеріне қатысты сыпайылықты жоғалтпау, сол кезде ғана шаңырақты сақтап қалуға мүмкіншілік бар.
Шаңырақтың бірлесе қағылған қазығы қуатты болу үшін екі жақтан да терең ақыл, зор шыдамдылық пен өзара сыйластық қажет, сол кезде ғана өсіп келе жатқан ұрпақтарыныңтабысты келешегіне сенімділікпен қарауға болады!
Бақтияр МАМЫР,
аудандық сот
кеңсесінің бас маманы-сот отырысының хатшысы