Basty bet

Мектептің шатыры және жылыту қазандығы ауыстырылуда

Әне-міне дегенше, балалардың жазғы демалысы да аяқталып, жақында жаңа оқу жылы басталғалы отыр. «Білім – өмір шырағы» дейтін болсақ, жалпы педагогтар мен оқушылар үшін жауапты кезең саналатын науқанның қарсаңы қарбаласқа толы болатыны белгілі. Оның ішінде, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, құрылыс жұмыстарын аяқтауға күш салу, тағы басқа жұмыстарды толықтай аяқтауға басымдық беріліп, күш салынатыны белгілі.

Оның үстіне, биыл наурыз айында облыстың әкімі Нұржан Нұржігітовтың Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде де бұл мәселе назарға алынған болатын. Аймақ басшысы бұл жолы өңірге келгенінде Жетітөбе ауылдық округінің орталығы саналатын Кәріқорған ауылындағы орта мектептің жағдайымен танысып, жалпы ғимараттың күрделі жөндеуді қажет ететініне көз жеткізген. Сонымен бірге жөні түзу жөндеу көрмегеніне 35 жыл болған мектеп ғимаратының шатырын жаңалап, жылыту қазандығын жаңасына ауыстыруды ауданның әкімі Жалғас Мұртазаға тапсырған-ды. Міне, аймақ басшысының тапсырмасын орындау үшін тіисті шешім қабылданып, осының негізінде атқарылып жатқан жұмыстар аяқталуға таяу.
Бұл ретте биыл ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылындағы №7 Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің шатырын ауыстыру және жылыту жүйесін қалыпқа келтіру, дәлірек айтқанда, ғимаратты жылытуға арналған модульді қазандық орнату (жаңалау) жұмыстарының атқырылып жатқанын айтуымыз қажет.
Жуалы ауданы білім бөлімінің мәліметінше, №7 Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің шатырын ауыстыру жұмыстарына қазынадан қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысында жұмысты атқаруға жауапты болып танылған «Строительная компания «NSN» ЖШС-мен 15 млн 161 888 теңгеге келісім-шарт жасалған. Жауапты мамандардың айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстарын 2023 жылдың 25 тамызына дейін аяқтау жоспарланған.
Қазіргі таңда құрылыстың басында мердігер мекеменің бригадасы жұмыс істеуде. Мектептің ескі шиферлары жаңа темір профнастилге ауыстырылып жатыр. Онымен қоса рейкалары да қайтадан жаңартылады. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза өткен аптада Жетітөбе ауылдық округіне жасаған жұмыс ның барысында мектеп шатырының құрылысын ауыстыру жұмыстарымен танысып, құрылысқа жауаптыларға жұмыстың сапалы атқарылуына байланысты бірқатар тапсырма берді.
Тарихы терең білім шаңырағының шытырын жаңалау жұмыстарымен қатар, мұнда көп жылдан бері өзекті мәселе болып келген жылыту қазандығын жаңа қазандыққа ауыстыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазандық ауыстыру және оны газ құбырына қосу жұмыстарын «Z» (Зет) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз міндетіне алып отыр. Бұл мақсатқа аудандық білім бөлімінің тарапынан жалпы сомасы – 41 млн 238 400 теңге қаржы қарастырылып, мердігер мекемемен тиісті келісім-шарт жасалған.
-Мұндағы жұмыс екі апта бұрын басталды. Біздің міндетіміз – осында модульді қазандық орнатып, оны газ құбырына қосу жұмыстарын атқару. Біз тиісті мекемемен келісім-шарт жасасқаннан кейін ең алдымен жылыту трассасының жағдайымен толықтай танысып шықтық. Жылу желілері құбырларының қанағаттанарлық жағдайда екеніне көзіміз жетіп отыр.
Ал модульді қазандық дегеніміз – жалпы ғимаратты жылытуға арналған қуатты қондырғы. Ол облыс орталығында зауытта жасалып жатыр. Біз тапсырысты бердік, ендігі кезекте мұнымен зауыт мамандары айналысуда. Қазандықты орнататын орынға бетоннан іргетас құйылуда. Мұнда қазір үш құрылысшы еңбек етуде. Сәтін салса, мектеп ғимаратын жылытуға арналған модульді қазандықты қыркүйек айының ортасына дейін орнататын боламыз. Модульді қазандық екі бірдей жылыту пешінен тұрады. Оның біреуі қосымша (резерв) ретінде орнатылмақ.
Тағы бір айта кететін мәселе, бұл мектептің ғимараты бұған дейін көмірмен жылытылып келген. Ендігі кезекте біз қазандықты газға қосып береміз. Міне, модульді қазандық орнатылғаннан кейін оны инженерлік жүйелерге және жылыту құбырларына қосу жұмыстары атқарылады. Жұмыстар толықтай аяқталғанда, жалпы 5 000 шаршы метр аумақтан тұратын ғимаратты жылытуға мүмкіндік тумақ,- дейді жұмысқа жауапты мердігер мекеменің өкілі Қанат Жадахов.
Қосымша айта кету қажет, биыл ауданда Жетітөбе ауылдық округіндегі Т.Әкімов атындағы орта мектептен бөлек, аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияға жапсарлас ғимарат ретінде акт залының және екі шеберхананың құрылысы жүргізілу үстінде.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close