Basty bet
тмд елдеріндегі жалғыз таулы-егерлік полк
ауданда әскери бөлімнің құрылған күні аталып өтті
Қазақстан Репсубликасының Қарулы Күштеріндегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімі 2000 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің директивасының негізінде Алматы облысының Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімнің базасында таулы-егерлік батальон болып құрылған. Одан кейін Отар гарнизонында толықтай жасақталып, «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығына қарасты 85395 әскери бөлімнің құрамына кіріп, Жамбыл облысының Жуалы ауданына шоғырланды.
Ал, 2007 жылы ҚР Қорғаныс министрінің директивасының негізінде батальон құрамы 85395 әскери бөлімнің құрамынан шығып, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығының тікелей бағынуына алынды. 2013 жылы ҚР Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес, батальон жеке таулы-егерлік полк дәрежесіне ие болды.
91678 әскери бөлімі ҚР Қарулы Күштеріндегі және Тәуелсіз мемлекеттер достығы елдеріндегі жалғыз жеке таулы- егерлік полкі болып саналады. Бөлім құрылғалы тоғыз әскери қызметкер ҚР Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және екі қызметкер «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Әскери бөлім көптеген әскери оқу-жаттығуларға қатысып, соның ішінде Ресей, Моңғолия секілді мемлекеттердің алдында намысты қолдан бермей, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бөлімнің жауынгерлері жеке дара халықаралық жаттығуларға қатысып, жоғары тұрған басшылықтың алғыстарына ие болуда.
Бүгінде әскери бөлімді подполковник Алмас Отыншиев басқарып келеді. Подполковниктің басшылығымен өткен жылы Қорғаныс министрінің ықпалымен жоғары үлгідегі жаңа талаптарға сай ат баптайтын «Атқора» алаңы жаңартылып, ашылған болатын. Сонымен қатар, әр жылдың екі мерзімінде Отан алдындағы борышын өтейтін жас буындармен сарбаздардың қатары толықтырылуда. Бүгінгі таңда аталған әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстана отырып, жауынгерлік әзірлікті ұдайы шыңдап, қырағылықпен жауынгерлік міндеттерін атқарып, бейбіт елдің тыныштығын күзетуде.
Міне, жастардың отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін оятуға және сарбаздардың Отан алдындағы борышын абыройлы өтеуге күш салып жүрген әскери бөлімнің құрылғанына биыл 24 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай өткен аптаның жұма күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Жиынға әскери бөлімнің қызметкерлері мен сарбаздары және жастар қатысты.
Жиын LED экраннан әскери бөлімнің құрылған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі уақыт аралығындағы жеткен жетістігі, тыныс-тіршілігі мен тарихы туралы бейнероликтің көрсетілуімен басталды.
Одан кейін Мемлекеттік Әнұран шырқалды.
«Апат айтып келмейді». Осыдан бірнеше жыл бұрын Көксай шатқалындағы қайғылы оқиға баршамыздың есімізде. Отан алдындағы қасиетті борышын адал және абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында жеті әскери қызметкер қаза тапқанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Шара барысында, әскери оқу-жаттығу жиыны кезінде Көксай шатқалында қар көшкінінің астында қалып, қаза болған әскери бөлімнің қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Шарада алғашқы құттықтау сөз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаевқа берілді. Генерал-майор өз сөзінде, Батыр Бауыржан Момышұлы ауылындағы әскери бөлімнің жас сарбаздарды шыңдаудағы рөлі мен әскери қызметкерлер еңбегінің жоғары екенін айта келе, әскери бөлімге жоғары басшылықтың бағалы сыйлығын тапсырды. Сонымен қатар, әскери қызметтегі абыройлы қызметі үшін бөлімнің әскери қызметкерлеріне, ардагерлеріне және сарбаздарға Алғысхат тапсырды.
Одан кейін 91678 әскери бөлімнің командирі, подполковник Алмас Отыншиев және ардагер Тамара Ваганова сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Мерекелік шарада аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары патриоттық әннен шашу шашып, бишілер ұлттық би биледі. Сонымен қатар, әскери бөлімнің қызметкерлері мен сарбаздары да өз өнерлерін ортаға салды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»