Basty bet
ҰЛТ ҚАМЫ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ИДЕЯЛАР
Оразалы Сәбден – экономика тақырыбында ана тілімізде қалам тербеп, қазақ экономикалық іргелі ғылымының дамуына атсалысып келе жатқан бірден-бір ғалым, есім-сойы жұртқа таныстыруды қажет етпейтін академик. Ол – ғалымдығы бір төбе, азаматтығы бір төбе азамат.
ҒАЛЫМ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
Ғылым қарыштап алға басып, адамзат дамудың ақпараттық-технологиялық сатысынан цифрлық өркениетке қадам басқан тұста да жаһандық мәселелер саны артып, саяси шиеленістер өршіп тұрғаны жасырын емес. Демек, қоғамның, ғылымның гуманизмсіз, жалпы адамзатқа тән ортақ құндылықтарсыз, бір сөзбен айтқанда, рухани негізсіз дамуы сол адамзаттың өзіне үлкен қауіп тудыратынына көзіміз жетіп отыр. Осы тұста ғалым Оразалы Сәбденнің жаһандық идеяларының көтерер жүгі ауыр. Оның Үшінші мың жылдықтағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы руханият, ғылыми-техникалық революция, экология, ғарышты игеру, экономика және әлемдік қауіпсіздікке негізделген. Түрлі білім салаларында іргелі ғылыми теорияларды құру және синтездеу арқылы осы алты негізгі компоненттерді үйлесімді басқару ғана шынайы өркениетке жол ашады. Өйткені ғылым мен құбылыстарды тоғыстыра отырып, бірыңғай біріктіруші философияны дамыту негізінде жаңа өркениеттік көпполярлы әлемнің жалпы тұтас бейнесін елестете аламыз. О.Сәбденнің бұл концепциясы 2016 жылы Лондонда басылып шықты. Таныстырылымы автордың қатысуымен әлемнің ең озық ордаларының бірі Кембридж университетінде өтті. Ал ғылыми пайымдары халықаралық Scopus ғылыми деректер қорына енетін басылымда жария етілді.
Академик О.Сәбденнің жаһандық идеялары бүгінгі аумалы-төкпелі заманда тіптен өзекті болып отыр. Ол жаһандану және дағдарыс жағдайында әлемдік дамудың жаңа парадигмаларын ескере отырып, қысқа мерзімде Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін басқа құрлыққа көшіру арқылы оның жүйесін түрлендіру жолдарын ұсынды. Осыған орай, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар мәртебесі мен оларды реформалау жайлы ұсыныс жасады. Әсіресе бірлескен жаһандық жобаларды қаржыландыратын әлемдік парламент, әлемдік резервтік қор құру; жаһандық басқарудың жаңа құрылымын қалыптастыру; әлемнің тұрақты даму жол картасын әзірлеу; жаһандық қауіп-қатер, дағдарыстар салдарын алдын ала ескерту жүйесін құру; тұрақты дамудың халықаралық өлшемдері мен индикаторлар жүйесін даярлау; БҰҰ-ның 5 жылдық Дүниежүзілік декларациясын қабылдауы және орындау туралы ұсыныстар БҰҰ және G7, G20 мемлекет басшыларына жіберілді. Ғалымның бұл идеялары қамтылған мақала шетелдік басылымдарда жарық көріп, Қытайда халықаралық форумда және Лондонда, Кембриджде ғылыми қауымдастыққа таныстырылды.
Сонымен қатар Оразалы Сәбден әлемдік өркениеттің даму тұрғысынан капиталистік-нарықтық және социалистік-жоспарлы жүйелердің синтезі ретінде руханиятқа негізделген интегралды инновациялық қоғам тұжырымдамасын ұсынады. Бұл әлем тарихы дамуының алдыңғы формацияларынан күні бүгінге дейінгі үздік тәжірибелерін жинақтауы тиіс. Аталған теориялық постулатты тәжірибе жүзінде жүзеге асыру үшін автор мемлекетті басқарудың жаңа парадигмасын ұсынады. Бестік спираль негізінде мемлекетті басқарудың жаңа парадигмасы – мемлекет, бизнес, ғылым, қоғам және ақпараттандырудың өзара байланысына негізделген. Осы тараптардың бір-бірімен жемісті жұмыс істеуі негізінде ғана жаңа өркениеттің күрделі міндеттерін шешуге болады. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаев мырзаға 2019 жылы жіберілген болатын. Ғалымға ҚР Президентінің Алғыс хаты табыс етілді.
Қазір әлемде миллиондаған адам кедейшілікте өмір сүріп, аштық пен жоқшылықтың күнін кешіп отыр. Соңғы жылдары АҚШ долларының артық эмиссиясынан ақша массасының көлемі өндірілген тауарлар көлемінен 10-12 есеге асып түсті. Экономикалық заңға сәйкес, мұндай теңдіктің бұзылуы дағдарысқа алып келеді. Ашығын айтқанда, көптеген әлемнің бай елдері жаңа технологиялық жетістіктерге капитал иегерлерін байыту үшін қол жеткізуде. Осы тұста академик О.Сәбден әлемдік валютаны реттеуші ретінде бүкіл әлем үшін «қуаттылық», яғни киловаттың валютаға қатынасы – киловатт/ валюта түріндегі бірыңғай валютаны өлшеуді анықтау, реттеу әдісін әзірледі. Бұл жоба 2016 жылы БҰҰ-ға жіберілген болатын.
Жаһандану заманында әлемнің тұрақты дамуы үшін академик үш тұғырлы даму идеясын алға ұсынады. Оған үш бұрыштың қабырғалары іспеттес рухани жаңғыру, технологиялық даму және оларды қамтамасыз ететін қауіпсіздік арқау болуы тиіс. Жаңа парадигмаға сәйкес әлем адам теңдігі, әділеттілік, келісімділік, философиялық ізгілік тәрбиесі, адамзаттық рухани-өнегелік құндылықтарын қамтитын ортақ «гуманистік идеологияны» ұстануға тиіс. Ғалымның үш тұғырлы даму идеясын жаңа өркениеттің негізгі факторы ретінде қарап, ХХІ ғасырдың даму стратегиясын жасауға пайдалануға болады.
Оразалы Сәбденнің жоғарыдағы идеялары енген «ХХI ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы және азық-түлік қауіпсіздігі» және «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» кітаптарын 2017 жылы Мәскеудегі «Библио-Глобус» орталығында талқылауда Ресей ғалымдары Е.А.Наумов, Б.Б. Леонтьев, А.Г.Савойский жоғары бағалап, еңбектерді Нобель сыйлығына ұсыну керектігін айтқан болатын.
Осылайша, қазақ ғалымы ретінде академик Оразалы Сәбден ғаламдық мәселелерге үн қатып, ғылыми негізделген, тәжірибелік мәні бар ұсыныстарын әлемдік институттарға, саяси шешім шығаратын тұлғаларға жолдап, жалпыадамзаттық өркениеттің дамуына тамшыдай болса үлесін қосып келеді. Бұл – оның ғалым ретіндегі борышы һәм парызы.
ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ
Академик Оразалы Сәбден қазақ елі үшін маңызды мәселелерді бір сәтке де ұмытқан емес. Еліміздің дамуына қатысты идеялары мен ұсыныстарының жүзеге асырылып келе жатқандығын да атап өткен жөн. Ғалым ғылыми ізденістерінің нәтижесі бойынша Президент және Үкімет атына бағытталған 46-дан аса концептуалды ғылыми ұсыныс дайындады. Олардың көпшілігі іске асты, ал қалған бөлігі – болашақтың еншісінде. Әсіресе мынадай ұсыныстарының ел дамуындағы орны ерекше: Жаңа экономикалық саясат концепциясы (1995 ж.); Шет елдерге жас маман, кадр дайындау (1991 ж.); Президент жанынан ғылым мен техника саласында Жоғарғы консультативті Кеңес құру (1992 ж.); Кіші кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы (1996 ж.); Экономикалық реформаны жеделдету (1997 ж.); Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттігі (2007 ж.); Түркістанды рухани жаңғырту (2012–2018 жж.); Абай облысын ашу (2020 ж.); Ұлттық Құрылтай құру (2022 ж.) және т.б.
Оразалы Сәбден 2014 жылдан бері Түркістан алқабында жаңа рухани-технологиялық кластер құру жобасын ұсынып келеді. Негізгі мақсат – Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орталыққа айналдыру, Ұлы Жібек жолында Шығыс пен Батысты біріктіретін Еуразиялық интеграцияны жандандыру. Сонымен қатар тарихта алғаш рет, Орталық Азиядағы бір аймақ мысалында әлемге адамзаттың рухани-мәдени және жаңа технологиялық, инновациялық даму мүмкіндіктерін тоғыстырудың үлгісі көрсетілді. Мұндай тәсіл көпполярлы әлемнің кез келген өркениеттік аймағында кәдеге жарай алады. Түптеп келгенде, бұл жоба қоғамды ізгілендіруге бастайтын қазақстандық жол болмақ. Бүгінгі гүлденген Түркістаннан біз ғалымның идеяларының өміршеңдігін көре аламыз.
Ғалымның тағы бір идеясы Еуроодақ (ЕО) сияқты түркі мемлекеттерін, оның ішінде 220 миллионға жуық халықты біріктіріп «Түркі тегі» (ТТ) деген Одақ құру. Академиктің пікірінше, сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер түркі жұртымен санасады.
Оразалы Сәбденнің үш тілде жарық көрген «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» атты еңбегінде автор Абайдың шығармалары мен қара сөздерін бүгінгі таңда жүзеге асыру тетіктерін ұсынады. Бұл кітапта Абайдың ой-тұжырымдарын ізгілендіру қоғамын құруға, оның моральдық кодексін жасауға пайдалануға болатындығын дәлелдейді. Елімізде және шетелде таныстырылған кітапқа ғылыми қауымдастық пен оқырман қауым қызығушылық танытты. Әсіресе Абай ілімін қазіргі өтпелі кезеңде іске асыру тетіктерін ұсынған ғалымның еңбегіне еліміздің тұлғалы академиктері Ә.Қайдар, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, М.Мырзахметов, Б.Көмеков, У.Шалекенов оң пікір жазды.
Ғалымның жақында жарық көрген «Әлем, Түркі өркениеті, Қазақстан және болашақ тұжырымдамасы» атты еңбегін ғылыми-философиялық, экономикалық, әдеби-публицистикалық панорамалық жұмыс деп бағалауға болады. Бұл кітаптың мақсаты – рухани, тарихи, әлеуметтік-экономикалық аспектілерде әлем дамуының негізгі қағидаттарын ұсыну және ноосфералық дамудың жаңа өркениетінің болашағы туралы ой толғай отырып, Қазақстанның дара да, сара жолын көрсету.
ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖАНАШЫРЫ
Оразалы Сәбденнің негізгі ғылыми ізденістері оның таяуда жарық көрген 30 томдық «Экономика: таңдамалы еңбектерінде» баяндалған. Бұл кітаптарда мынадай экономикалық мәселелер қамтылған: ұлттық экономиканы басқару, бәсекелестік экономика, инновациялық және интеллектуалды экономика қалыптастыру, өнеркәсіптің тиімділігін арттыру; нарық экономикасының теориясы мен әдістемесі; логистика; шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту; ғылым, білім және инфрақұрылымдық даму және т.б.
О.Сәбден Қазақстан сияқты дамушы елдер экономикасының өркендеуіне серпіліс беру үшін «Шағын және орта кәсіпкерлікті үдемелі дамыту стратегиясының концепциясын» ұсынады. Бұл жоба орта таптың өсуі үшін жағдай жасайтын жобаларды қамтиды. Шағын кәсіпкерліктің әртүрлі үлгілерін көрсете отырып, оны басқарудағы жүйелік тәсілге назар аударады. Шағын кәсіпкерлікті дамытудың ұйымдастырушылық механизмдерімен бірге ғалым нормативті-құқықтық негізін де ұсынады.
Ал «Жаңа экономикалық саясаттың концептуалды негізінде» ғалым ең бірінші отандық тауар өндірушілерді, сонымен қатар ұсақ және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау қажеттілігіне баса назар аударады. Сонымен қатар О.Сәбденнің Қазақстанда «әлеуметтік экономиканы» құру ойын ерекше атап өтуге болады. Автор елдегі шынайы жағдайды сыни сүзгіден өткізіп, олигархтық капитализмнен, басынудан және шенеуніктердің жемқорлығынан арылып, халықтың басым бөлігін әлеуметтік қамсыздандыру арқылы белсенді азаматтық қоғамға өтуді көтереді. Әлеуметтік әділдікпен қарапайым халықтың өмір сүру сапасын жоғарылату тетіктеріне көп көңіл бөледі. Сонымен қатар ғалым ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде қаржылық секторды дамытып, аймақтық саясатты жетілдіру, инновациялық-технологиялық дамуға назар аудару маңызды деп санайды.
Экономист-ғалымның пікірінше, Қазақстан жаңа цивилизацияға қадам басуы үшін, қоғамның жаңаруы – сананың өзгергені керек: «Қазақ елі 30 жыл бойы ілбіп келе жатқан сүрлеуінен шықпаса, сана трансформациясын жасап, басқаша өз даму жолына таңдау жасамаса, өзгелер үшін мәңгі шикізат елі болып қалып, құрдымға кете береді».
АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК
Оразалы Сәбден қоғам және мемлекет қайраткері ретінде тәуелсіз Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосты. 1999–2003 жылдары «Ауыл» партиясының негізгі құрылтайшысының бірі және төраға орынбасары болды. Парламентте «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі болды.
Парламентке 4 рет депутат болып сайланғанда ғылым, білім, авторлық құқық туралы алғашқы заңдардың негізгі баяндамашысы және өзге де заңдардың жұмыс тобының жетекшісі болды. Ал ғылымға келер болсақ, 1999 жылы ғылым кандидатына 1 минималды төменгі жалақы, ғылым докторларына 2 минималды төменгі қосымша жалақы беру туралы автордың ұсынысы заңға өтіп, іске асты. Қазірде ғалымдар осы ұсыныс бойынша қосымша ақша көлемін алып жүр. Аспиранттардың стипендиясын кіші ғылыми қызметкерлердің айлығымен теңестіру де автор ұсынысымен болды. Егер 1991–1996 жылдары аспиранттардың саны күрт түсіп кеткен болса, осы ұсыныстан кейін аспиранттардың саны қайта көтерілді, көптеген жас ғалымдарды дайындауға үлкен серпіліс берілді.
Ғалым қаншама жылдан бері Қазақстан Ғылым академиясына мемлекеттік статус беріп, қайта құруды барлық деңгейде айтып жүрді. Академиктер С.Зиманов, С.Қирабаев, А.Бейсенова, К.Ормантаев, А.Қошанов, Б.Ракишев, Н.Блиев және т.б. бірге Президенттің атына «Ұлттық ғылым академиясының Мемлекеттік академия болып қайта жандануы туралы», «Ғалымның статусы», «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы», «Қ.Сәтбаев атындағы мемлекеттік орденді тағайындау туралы» т.б. бірқатар хат жазды. 2022 жылдың қаңтар айында О.Сәбден тағы да Президент атына еліміздегі ғылымның тағдыры, ғалымдардың мәртебесі, ғылымға бөлінетін қаражаттың аздығы, Ғылым Академиясын өз тұғырына қондыру туралы хат жазған болатын. О.Сәбденнің және ғылыми қауымның осы жанайқайлары ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевқа жетіп, жақында ғана жоғары мінберлерден Ғылым Академиясын қайта құру туралы сөз қозғалды. Әрине, қуанарлық жағдай. Осы тұста елімізде іргелі және қолданбалы ғылымға көбірек көңіл бөлініп, ғалымдарға да жағдай жасалынады деген үкілі үміт бар.
Жоғарыда О.Сәбденнің ұлт жанашыры екенін айтқан болатынбыз. Оның тікелей басшылығымен Мемлекеттік тіл «Қазақ тілі» туралы жаңа заң жобасы жасалып, Президент әкімшілігіне жіберілген болатын. Кезінде жер мәселесінде де, әсіресе жерді шетелге жалға бермей, өз азаматтарымызға да сатпай, тек ұзақ жылдарға жалға беру арқылы игеру туралы ұсыныстар жасаған болатын. Кейіннен жер реформасы туралы Мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде заңдарға өзгерістер енгізу, тың жерлерді игеру, кооперация құру жобаларын Үкіметке ұсынды. Тағы да басқа халықты толғандыратын өзекті мәселелер бойынша өз ұсыныстарын үнемі айтып та, тиісті жерлерге жазып та келеді. Ал 2022 жылы қаңтардың қанды оқиғасына байланысты О.Сәбден алғашқылардың бірі болып ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа Ашық хат жазды. Хатта жазықсыз жандар жазаланбасын, қан төгілмесін деп, Қазақстанды жаңаша дамыту жолдарын қамтыды.
Жалпы Тұрсынбек Кәкішовтің сөзімен айтқанда, О.Сәбденді «нағыз қазақ» деуге болады. Сонымен қатар ғалымның көп қырлылығын атап өтуге болады. Оразалы Сәбден – көркем фильмдердің идеясының және сценарийлерінің авторы, еркін күрес бойынша КСРО спорт шебері, Қазақстан чемпионы.
Әлқисса, академик Оразалы Сәбденнің өрнегін өзі салған өнегелі ғұмырындағы жасаған негізгі ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және саяси салалардағы еңбектерін бір мақаламен жазып тауыса алмасымыз анық. Бір білеріміз, айтулы ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Оразалы Сәбден қазақ экономикалық ғылымының көкжиегін кеңітіп әрі азаматтық белсенділігімен халық көкейіндегі мәселелерді көтеріп, ел тағдырына қатысты ұсыныстар айтып, мемлекеттілігімізді нығайтуда еңбек етіп келеді. Адамзат өркениетінің дамуы туралы озық ойларын да шетел ғалымдары қуаттайды.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,
шәкірті, ҚР БҒМ Экономика институтының бөлім меңгерушісі,
“Ana tili” газеті