Basty bet

Президент сұхбаты: пікірлер тоғысы

Ел болашағына қатысты өте маңызды мәселелер айтылған

Әрбір келген Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, жақсылық пен ізгілік күтетін бейбітшіл халықтың өкіліміз. Биыл да солай, халқымыз Жылан жылын жақсы ниетпен қарсы алғаны анық.

Табалдырықтан аттаған 2025 жылдың алғашқы күндерінде, дәлірек айтқанда, қаңтар айының үшінші жұлдызы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт газеті – “Ана тілі” республикалық газетіне мазмұнды сұхбат беріп, өткен жылға және ел болашағына қатысты ой-пікір білдірді. Бұл – ең алдымен жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін, Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірі үшін өте маңызды оқиға болғаны анық. Олай дейтініміз, Президент сұхбатында ел тағдырына қатысты мәселелер қозғалып, алға межеленген нақты жоба-жоспарлар туралы да кеңінен айтылған.

Өткен күн – тарих. Келер күнге жоспар жасау одан да маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы газетке берген сұхбатында елімізле өткен жылы орын алған оқиғалар, қабылданған тарихи шешімдер, Президенттің шет мемлекеттерге жасаған ресми жұмыс сапарлары, сонымен қатар, ел ішінде ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты ой- пікір білдіруі өте орынды деп санаймыз. Шын мәнінде, Президент жыл ішінде қаншама жұмыс сапарын жасап, Ақордада қаншама ресми кісілерді қарсы алды. Мұның барлығы елдер арасындағы “барыс-келіс пен алыс-берісті” арттырып, ынтымақтастық пен өзара сауда айналымын арттыратыны даусыз. Бұл – ең біріншіден ел экономикасын арттыратын негізгі тетіктер. Тиісінше, ел экономикасы жоғары қарқынмен дамыса, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық табысының артады. Президент сұхбатында айтылған мәселердің бірқатары осындай маңыздылығымен құнды деп есептеймін.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіз әрі өз алдына дербес мемлекет. Еліміздің егемендіктің 33 жыл ішінде халықаралық аренадағы және әлемдік қауымдастықтағы абырой-беделі өте жоғары. Бұл – тиімді сыртқы саясаттағы тиімді жұмыстың жарқын нәтижесі. Президенттің сұхбатында еліміздің халықаралық аренадағы рөлі мен сыртқы саясаттағы жетістіктері туралы да кеңінен қаузалды. Халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі Қазақстан үшін өте маңызды.

Президент “Ана тілі” газетінен берген сұхбатында Ұлу жылы ел өмірінде орын алған алапат су тасқыны, онымен күрес және табиғат апатының салдарымен күрес, сонымен қатар, бүлінген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жайын кеңінен сөз етті. Бұл ретте ең алдымен қиын-қыстау, сын сағатта халықтың бір-біріне деген жанашырлығы мен ауызбірлігін ерекше айтуға тиіспіз. Енді мұндай тосын жағдайды басымызға бермесін деп тілейік!

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың отандық бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен газетті таңдап сұхбат беруі – Президенттің басылымды үнемі қалт жібермей оқып, оған қолдау көрсететінін білдірсе керек.

Елдің болашағы – жас буынның қолында. Қай кезеңде болсын, жастардың болашағы мен жарқын келешегіне көп көңіл бөлуіміз қажет. Бұл ретте Президент жастарға көптен көп сенім жүгін артып отыр. Сұхбатта да бұл жөнінде айтылып, ой қозғалды.

Бір сөзбен айтқанда, Президенттің жыл басындағы сұхбаты ойымызға ой қосып, көңіл көкжиегін кеңейткен құнды рухани дүние болғаны анық.

Ел болашағы – барлығымызға қатысты. Сондықтан, Президент сұхбатында айтылған ой-пікірлер мен ел келешегіне қойылған жоба-жоспарлар халыққа қажет. Ауызбірлікпен алға қадам жасағанда ғана айымыз оңынан тумақ. Президент сұхбатының өн бойында халықты ауызбірлікке шақырып, адал еңбек етіп, Әділетті Қазақстанды бірге құруға үндеген пікірлердің жатқаны анық.

Біздің де ой-пікіріміз – елмен бірге болып, Президенттің елді өркендету жолындағы сарабдал саясатының төңірегіне топтасып, аянбай еңбек ету! Сұхбатта ел мен жастардың болашағына қатысты маңызды мәселелер қамтылған. Межелі міндеттерді сапалы жүзеге асыру – Сіз бен Бізге міндет!

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,

“Ардагерлер ұйымы” РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы.

Ауданның Құрметті азаматы.

“Құрмет” орденінің иегері.

Таңдаулы материалдар

Close