Basty bet

Оқушы дарынын дамытуда ғылыми-жобаның рөлі зор

Оқыту мен тәрбиелеу процесінде оқушы шығармашылығын дамытудың қажеттілігі қоғам талабынан туындайды. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, әлемде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Қоғам қашан да қабілетті адамға мұқтаж болып келген. Қоғам барған сайын күрделене түсуде. Түр-сипаты мүлдем бөлек жаңа дәуір туып келеді. Сол дәуірге сай өзгеше қабілет-қасиетке ие жаңа адам пайда болады. Қазіргі кезде мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті қажет етеді және өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігіне икемдейді.
ХХІ ғасырдың мектептерінде жаңа талап, жаңа заманға сай оқушылардың ғылыми жұмыстармен айналысуын дамыту – үлкен міндет. Сондықтан да, Мемлекет басшысы болашақта қазақ елінің көсегесін көгертіп, ғылымын көркейтер деген үмітпен жас дарындарға үлкен назар аударып, қолдау көрсетуде.
Қазіргі білім берудің мақсаты білім, білік, дағдымен қаруландыру ғана емес, солардың негізінде дербес өзгермелі қоғамда лайықты өмір сүріп, жұмыс жасай алуына, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке ақпаратты өзі іздеп тауып, ұтымды пайдалана алатын, жан-жақты дамыған, білімді, өз ісін және өзгенің ісіне әділ баға бере алатын жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етіп отыр.
Педагогикалық үрдісте балалардың дарынын ашуда оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастығы қажет. Осы орайда зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, сондай-ақ әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет.
Әрбір мұғалімнің әр оқушының бойындағы қабілетті, икемділікті көре білу маңызды міндеттерінің бірі. Қандай дарынды бала болсын, оның барлығы өз бетімен ғылыми жұмыс жазуға, зерттеу мен ізденіске бара алмайды. Ол үшін мұғалімнің көмегі, ақыл-кеңесі қажет.
Ғылыми жұмыстың нәтижелілігі көп жағдайда таңдалған әдіснамаға байланысты. Сондықтан дарынды оқушылармен ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді үйреткен кезде бірінші, теориялық әдіснамалардың түрлерін, жаңа ой-пайым шығаруға, ғылыми болжам, салыстыру, талдау жасауды үйрету керек. Екіншіден, дұрыс тақырып таңдап, проблемалар туғызып, оны шеше білу қажет. Үшіншіден, жетекшілер балаларға жоба кұрылымын дұрыс құра білуді, оны қорғау әдістерін дұрыс үйретуі тиіс.
Ғылыми оқушылармен үнемі қосымша жұмыс жасау қажет, яғни, оларға күрделі тапсырмалар, зерттеулер беріп, логикалық тапсырмаларды жиі ұсыну қажет. Әр сабақта олардың ой-өрістерінің өсуіне жағдай жасап, оқуға деген белсенділіктерін дамыту, арттыру, адамгершілікке, жақсы қасиеттерді бойларына сіңіріп, өсулеріне ықпал жасау да басты жұмыстардың бірі. Ғылыми жобаны жасау, ізденуді, үлкен еңбекті қажет ететіні түсінікті. Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып, өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде емес, өзі ашады.
Оқушының ізденушілік қасиетін қалыптастыру оқытудың түрлі формалары мен әдістері арқылы жүзеге асырылады. Солардың ішіндегі ең тиімдісі (зерттеуге үйрету) – оқушылардың ғылыми жұмыспен айналасуын қамтамасыз ету.
Оқушылармен жеке жұмыстарды ұйымдастыру кезінде жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылардың икемділігін, қабілеттілігін айқындап, оларды ізденушілікке, зерттеуге баулу негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Осы қасиеттерді әр оқушының бойынан қалай анықтауымыз керек? деген сұрақ туындайды. Яғни, ұстаздар мектепте психологпен ақылдаса отырып, ата-аналардан, күнделікті сабақ өткізетін мұғалімдерден сауалнама ала отырып, оқушыларды іріктеп алады.
Оқушымен ғылыми жұмыс бастамас бұрын мұғалім өзіне бірнеше талаптарды қойғаны дұрыс. Дарынды баланы анықтауда психологпен бірлескен жұмыс жасап, ата-анасымен педагог ретінде сөйлесе білуі керек. Дарынды балаларға арнайы бағдарламалар жасап, балаға ғылыми жұмыспен айналысу үшін жаңа, тың тапсырмалар беру, орындалуына талап қою тиіс. Сонымен қатар, тапсырманың орындалу нәтижесін қадағалауы керек.
Оқушылардың ғылыми жобамен айналысу кезінде мынадай мәселелерге ерекше көңіл бөлу қажет. Яғни, тақырыптың ғылыми құндылылығы мен таңдаған тақырыпты ашудағы оқушы еңбегінің сипаты және қосқан үлесі маңызды.
Ғылыми жобаның тақырыбын таңдағанда, ең алдымен оқушының қызығушылығын ескеру қажет. Мұғалім оқушыға жақсы идеялардың барлығы да ғылыми жобалар жазу кезінде болатынын түсіндіріп, оқушының қызығушылығын арттырса, сонда бала ғылыми зерттеумен айналысуға, ізденуге ғылыми жобаны жазуға талпынады. Оқушы ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Ең алдымен оқушыны өздігінен шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге үйрету қажет. Ойын ұтымды, жағымды жеткізе алуы, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, аудиторияны тартуы, өз бетімен ізденуге, тың дүниелерге құштарлығын оятуы, жұмыстың көркем безендірілуі, көрнекілігі мен ұсынылған материалдың сапалылығы жобаның дұрыс зерттелеуіне себептігін тигізеді.
Ғылыми жобаның маңызды сәтінің бірі – жаңа ой-пайымын (идея) шығару және болжам (гипотеза) жасау. Жаңа, әлі белгісіз, бірақ өмірде кездесетін заңдылықты іздеу барысында ол туралы болжам жасайды, мүмкін ол дұрыс болып шығар, мүмкін жалған да болар. Гипотеза – ғылыми болжау, ғалым жұмысының айырылмас серігі. Нағыз ғалым өз жұмысын қиялсыз жасай алмайды. Қиялсыз, тапқырлықсыз, жаңа ой-пайым табу қабілетінсіз ғалым табысқа жетуі мүмкін емес.
Ғылыми жобаның мақсаты – іргелі және қолданбалы міндеттерді шешу. Іргелі ғылым табиғат пен қоршаған әлемнің ғылыми мәселелерін қарастырады, оның зерттеу пәні ретінде әлем мен бүкіл жаратылыс құрылымының жалпы заңы мен ортақ заңдылықтары табылады.
Ғылыми жоба – өзекті проблемалардан бастау алатындығы баршамызға мәлім. Адамдар сонау алғашқы қауымдық құрылыстың өзінде табиғаттың, жаратылыстың тылсым дүниелеріне үңілген. Әртүрлі саланы зерттейтін ғылымдардың барлығы да адам баласының «білсем», «танысам» деген ынталарынан туындаған. Жұмбақ дүниелер проблеманы туғызған, ал проблемалар бір ғылым саласының тууына, дамуына ықпал еткен.
Проблеманы іздеудің ең оңтайлы жолы – бір нәрсені әртүрлі жағынан көре білу, дайын тұжырымдардың өзіне де сыни көзқараспен қарау, басқа шешімін іздеу, оны табуға еңбектену болып келеді.
Ғылыми жобамен айналысу – шығармашылық үрдіс. Оның барысында өзгертулер мен толықтырулардың болып тұруы заңды құбылыс. Зерттеу жұмысына, ең алдымен жоспар жасап алу керек. Жұмыс жоспары «Не істеу керек, қандай жолдары бар, қандай әдістерді қолданған дұрыс?» деген сұрақтарды қамтиды. Зерттеу жұмыстарын бастамас бұрын, бірінші кезекте, ғылыми жобаның тақырыбы бойынша әдебиеттер тізімін жасап, ғылыми жұмыстарға үңілу керек. Одан кейін тәжірибелі ұстаздардан ақыл-кеңес сұрап, әдебиеттерге шолу жасап, баспасөз материлдарын қарауы қажет. Сондай-ақ, үнемі бағамдау, байқау, іздеу, жинақтау жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жүргізу,оның барысы, нәтижесін жүйелі түрде талдап отыруы керек. Жұмыстың қорытындысын жасап, бейнематериалдар, слайдтар жасап, жұмысты қорғауға дайындалуы тиіс. Ал, оны қорғау да өте күрделі мәселе. Сонымен қатар, әр оқушы ғылыми жұмыстарды жазғанда күнделік жүргізгені дұрыс.
Жобамен айналысу кезінде оқушылар өз бетімен қажетті хабарды жинауға дағдыланып, өзіндік шығармашылық қабілеттерін арттырады. Жобамен айналысу барысында оқушылар шығармашылықпен ойлауға, өз әрекетін өз бетінше жоспарлауға, жоба бойынша алдына қойған міндеттерді шешуге алдын ала болжам жасай білуге, басқаша айтқанда, жұмыс істеу мәдениетіне үйренеді.
Қорытындылай келе, ғылыми жобамен айналысу – оқушының өзінің дербес мүмкіндіктерін ескере отырып, белсенді іс-әрекет жасауына, оқушының тұлға ретінде үнемі дамуына, өзін-өзі тәрбиелеп дамытуына, жеке ерекшеліктерін ескеруге жағдай туғыза алуымен маңызды.

Самал Қадырова,
№1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close