Basty bet
Темірдей тәртіп пен болат жігер
Темірхан Тұрдалиев теміржол саласында ширек ғасырдан бері жемісті еңбек етуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан»: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деп ерекше атап өткені белгілі.
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – елдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше атап өткендей, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам. Қарапайым еңбегімен адал табысқа жетіп жүрген мамандарға әрқашан құрмет көрсетуіміз керек. Бүгінгі таңда елімізде көлік логистикасын дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру – басты экономикалық басымдықтардың бірі. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыруда теміржолшылардың үлесі орасан.
Қазақстанның көлік инфрақұрылымында теміржол саласының орны ерекше. Бұл сала – ел экономикасының күретамыры, өндіріс пен сауда айналымының, халық пен өңірлердің арасын байланыстырып тұрған басты арна. Осы маңызды жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін — теміржолшылар. Олардың бұл саладағы еңбегі тынымсыз, жауапты әрі жоғары құрметке лайық.
Теміржол – жай ғана рельс пен пойыздардан құралмайды. Ол – тәртіп пен тұрақтылықтың, уақыт пен сенімнің, адам өмірінің бір бөлігіне айналған күрделі жүйе. Ал осы жүйенің тынысын тап басып, тіршілігін реттеп отырған кәсіби мамандардың орны ерекше. Теміржол саласының жұмысына өмірін арнаған осындай еңбекқор азаматтың бірі – Темірхан Тұрдалиев.
Темірхан Амантайұлы 1974 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында туған. Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебін бітірген. 1992 жылы бұрынғы Семей облысының Курчатов қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Әскерден ауылға оралған соң осында әртүрлі жұмыстар істейді. 2000 жылы «Түлкібас жол дистанциясы» теміржол бекетіне жол жөндеуші болып жұмысқа орналасқан ол қазіргі таңда өткел кезекшісі қызметін атқаруда. Міне, ширек ғасырдан бері теміржол саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан бұл азаматты өз ісінің нағыз шебері десек те болады.
Кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігі мен жауапкершілікке толы қарым-қатынасының арқасында ол жылдар өте келе тәжірибелі маман ғана емес, жас мамандар үшін нағыз тәлімгер, әріптестері үшін сенімді тірек, сонымен қатар, жұмысшы мамандықтар арасында үлгі болатын кәсіби маманға айналды. Жас кезінен теміржол саласына бет бұрып, бүкіл саналы ғұмырын осы саланың жұмысына арнауды мақсат еткен Темірхан Амантайұлы қиындығы мен қызығы қатар жүретін шойын жолдың жұмысын атқаруда ешқашан мойыған емес. Ол күнделікті қызметін жоғары жауапкершілік деп түсініп, әрбір атқарған ісіне жанын салып, жол қауіпсіздігі мен жолаушылардың амандығын қамтамасыз етуге үлкен еңбек сіңіріп келеді. Жылдың қай мезгілі болсын, қарлы боран, аптап ыстық деместен, жұмыс орнынан табылып, теміржол желісінің қалыпты жұмыс істеуіне адал қызмет етіп келеді. Себебі, кәсіби маманның бойында темірдей тәртіп, жүрегінде кәсібіне деген адалдық, жұмысына деген тұрақтылық және адал еңбекке деген сүйіспеншілік бар.
Теміржолшы Темірхан жұмысында кәсіби маман болса, ал отбасында адал жар, балаларына қамқор әке, мейірімді отағасы. Ол 1998 жылы Гүлмира Құлынбетовамен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірдің де үлкен жауапкершілігін мойнына алды. Олар бүгінде отбасында алты ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке мен ардақты ана. Қызметтегі қатал тәртіп пен қатаң жұмыс кестесіне қарамастан, ол әрдайым отбасына уақыт бөліп, балаларының бойына қазақи тәлім-тәрбиені сіңіруге барынша тырысады. Қиындық пен қуанышты да қатар бөлісіп, татулығы мен сыйластығын сақтап келе жатқан берекелі жанұяны көпке үлгі ретінде айтуға болады.
– Теміржол – сырт көзге тек пойыздар еш қиындықсыз жүйткіп жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда оның артында тынымсыз еңбек, қатаң тәртіп пен төзімділікке толы ауыр қызмет жатыр. Бұл – уақытпен санаспайтын, ауа райына бағынбайтын, жауапкершілігі биік сала. Теміржолшының жұмысы көбіне жұрт көзінен тыс, рельс бойында, бекет басында, түнгі кезекте, боранда не жауын астында өтеді. Біз үшін демалыс күн мен мейрам шартты ұғым. Себебі, пойыз тоқтамай, қозғалыс үзілмеуі тиіс. Бір кішкентай техникалық ақау жүздеген адамның өміріне, мыңдаған километрлік жүйенің қалыпты жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Теміржол бойындағы қиындық тек физикалық ауырлықпен шектелмейді. Бұл саладағы мамандар үнемі нақты есеп, қауіпсіздік, тәртіп және жылдам шешім қабылдау талаптарымен жұмыс істейді. Ұйқысыз түндер, қырағы бақылау – бұл да теміржолшының жолдасы. Сол себепті, бұл мамандықты жүрекпен таңдаған жан ғана ұзақ жылдар бойыл оны адал атқара алады. Теміржолшының шынайы бейнесі – темірдей төзімділік пен болаттай бекемдікке негізделген, – дейді теміржолшы Темірхан Амантайұлы.
Айта кетсек, ол теміржол саласындағы ұзақ жылғы үлгілі де жемісті еңбегі үшін арнайы төсбелгімен марапатталды. Бұл марапат – оның ұзақ жылғы адал қызметі мен кәсібіне деген сүйіспеншілігінің лайықты бағасы. Осындай темірдей тәртіппен, болаттай жігермен еңбек етіп келе жатқан азамат – ел мүддесі үшін аянбай қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы адал еңбекпен өріліп, отбасы мен елге деген адалдықпен жалғасқан жарқын тағдыр.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»