Basty bet

Балалар арасындағы семіздіктің алдын алу

Артық салмақтың негізгі себебі – физикалық қозғалыстың төмен болуы және шамадан тыс тамақ қабылдау. Қазіргі кезде қала тұрмақ, ауылда да көп балалар далада жүгіріп, доп теуіп, асыр-салып, асық ойнамайды. Бүгінгі күннің балалары уақытының көп бөлігін теледидар және компьютер алдында әртүрлі ойындар ойнаумен өткізеді. Сонымен қатар, қазіргі балалар тез даярланатын тағамдарды, фастфуд (гамбургер, қуырылған картоптар, донер, хотдог) сияқты әртүрлі тәтті газдалған сусындарды тұтынуға құмар. Аталған тағам түрлері артық салмақ қосуға бірден-бір себеп. Семіздіктің барлық түрінде май алмасуын реттейтін орталық механизмдер бұзылады. Егер семіздік ерте балалық шақта дами бастаған болса, онда бұл қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін.
Артық салмағы бар балаларда келесі аурулардың қаупі едәуір артады: қант диабеті, артериялық гипертензия, бауыр жеткіліксіздігі, өт қабының бұзылуы, сонымен қатар, жүйке жүйесі мен психикалық ауытқулар дамуы мүмкін.
Семіздіктің алдын алу шаралары:
– күніне 4-5 рет тамақтану, тағам ағзаға жиі және аздаған мөлшерде келіп түссе, тағам жылдам әрі жеңіл қорытылады;
– тамақ ішуді ұйықтардан 3-4 сағат бұрын тоқтату;
– қаныққан май қышқылдарына бай мал өнімдерінің майларын (сары май, майлы ет және ет өнімдері, мал майы, құйрық май, іш май, тоңмай) тұтынуға шектеу қою;
– жеңіл сіңетін көмірсулардың (қант, тәттілер, кондитерлік өнімдер) мөлшерін азайту;
– ас тұзын қолдану мөлшерін күніне 2-3 грамға дейін (бір шай қасық) шектеу;
– шикі көкөністер мен жемістерді көбірек (күніне 400 грамнан кем емес, кем дегенде 4-5 рет) тұтыну;
– нан, әсіресе, ақ нан жеуге шектеу қою;
– күн сайын 30 минутқа дейін орташа немесе қарқынды салмақ түсіретін жаттығулар жасау.
Бұған қоса ата-аналар кішкентайларының дене белсенділігін арттыруды қаперде ұстаған дұрыс. Бұл ретте теледидар көру, гаджетпен ойнау, интернет қарау шегін күніне екі сағаттан асырмаған жөн. Сондай-ақ балалардың аула ойындарын, футбол, баскетбол сияқты ойындарды ұдайы ойнауына мүмкіндік жасау керек. Әрине, ата-ана балаға сөзімен емес, ісімен үлгі болғаны абзал. Бастысы, балалардың болашағы өз қолымызда екенін ұмытпағанымыз абзал.
Марат ИСКАКОВ,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close