Basty bet

Көпбалалы отбасы болу – адамның үлкен бақыты

Көпбалалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтарының тоғысқан жері. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйдің берекесі, көз қуаныш болумен қатар, жүректің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десек, артық айтпаған болар едік.
«Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю» деп даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, балалы болу – бақыт, ал көпбалалы болу – одан да үлкен бақыт.
Осындай көпбалалы отбасылардың бірі Нұрлыкент ауылында тұрады. Ерлі-зайыптылар Ілияс Ерімбетов пен Жұлдыз Сырлыбаева екеуі өмірге төрт ұл, екі қыз әкеліп, тәрбиелеуде. Үйелмелі-сүйелмелі балаларының алды мектепте оқиды. Яғни, тұңғыштары Аяулым М.Ломоносов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы. Ал, Рамазан 6 сыныпта оқыса, Бағлан 4 сыныпта, Нұрлан 1 сыныпта оқиды. Кенжелері Әлихан төрт жаста болса, Іңкәр бір жарым жаста. Жұлдыз Қайыпқанқызы «Күміс алқа» алқасының иегері, бала күтіміндегі алтын құрсақты ана.
Жұлдыз Сырлыбаеваға бала санына байланысты мемлекеттік жәрдемақы мен «Күміс алқа» алқасының төлемақысы төленіп, мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындалған. Әрине, бұл – көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек, әрі қолдау. Өйткені, көпбалалы жанұя мемлекеттің демографиялық өсуіне өз үлестерін қосып келеді.
-Біз 2011 жылы шаңырақ көтердік. Ата-енеммен төрт жылдай бір үйде тұрдық. 2015 жылы ата-енем еншімізді беріп, бөлек шығарды. Алғашқыда ауылдағы Е.Байғазиев көшесінде 6-7 жылдай тұрдық. Бірақ уақыт өте ол үйдің іші көгеріп тұруға жағдай болмай кетті. Өйткені балаларым үйдің ылғалдығынан жиі ауыра берді. 2022 жылы осы екі бөлмелі үйді сатып алдық. Үйіміз кішкентай болса да, іші жылы, өзіміз үшін ыстық ұя. Ал жолдасым келесі жылдан бастап ескі үйімізді бұзып, орнына үлкен, жаңа үй көтеруді жоспарлап отыр.
Біз отбасын құрғанда көпбалалы ата-ана боламыз деп бір-бірімізге сөз бергенбіз. Шүкір, бізге Алла ұл мен қызды нәсіп етті. Қазіргі таңда үлкен қызым көмекшім. Үй шаруасындағы тірлікке қолғабыс етсе, ұлдарым әкесінің көмекшілері. Әрі оларды кішкентай болса да жұмсап, еңбекке үйретіп жатырмыз. Өйткені үйренгені өздеріне жақсы.
Төрт баламыз мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылған. Барлығының сабақ үлгерімі жақсы. Үлкенім Аяулым үйдің барлық тірлігін жасайды. Өзінен кейінгі інілеріне қамқорлық жасап, сабағын оқытады. Мен шаршасам: «Анашым, демалып алыңыз, үйдің тірліктерін өзім жасаймын» деп мені отырғызып қояды. Қыз деген жаны нәзік, ата-анасы мен бауырларына жаны ашитын перзент емес пе?! Ұлдарым күрес, сурет үйірмелеріне барады. Олардың жаны спортқа құмар. Қызым биге барғысы келеді. Бірақ ауылда би үйірмесі жоқ. Ауылдан би үйірмесі ашылса нұр-нұр үстіне болар еді.
Жолдасым ауылда шаруа қожалықтарда жұмыс істейді. Дегенмен әзірше тұрақты жұмыс болмай тұр. Бірде жұмыс бар, бірде жоқ. Өзім тігіншімін. Бірақ тігінші болып жұмыс істеген жоқпын. Осы уақытқа дейін бала күтімінде болдым. Арасында ағайын-туыстардың тапсырысын орындаймын. Кішкентайымды келесі жылы балабақшаға берсем, жұмысқа шығамын деп отырмын.
Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жақсы көңіл бөлініп отыр, оған да шүкір. Бұл біз сияқты көпбалалы отбасылар үшін үлкен көмек,- дейді көпбалалы ана Жұлдыз Сырлыбаева.
«Шынайы бақыт – шаңырақтағы татулық пен берекеде» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Ілияс Ерімбетов пен Жұлдыз Сырлыбаеваның отбасынан шынайы бақытты көргендейміз.
Бала – бауыр етің. Олар – өміріміздің жалғасы. Ана деген қашанда баласының амандығын ойлап, тілеуін тілеп отырады емес пе?! Міне, біздің кейіпкеріміз Жұлдыз да сондай мейірімді аналардың бірі. Ол балаларының жақсы азамат болып өсіп, сапалы білім мен тәрбие алса деген тілекте екенін жеткізді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close