Basty bet

Қылмыс неден басталады?

Зерттеушілер қылмыс жасаудың себептерін қарастырғанда түрлі көзқарастарды ұстанады. Олардың ішінде, бірқатар бөлігі адамның биологиялық факторлардың емес, оның өмір сүру барысында әртүрлі сыртқы себептермен осы жолға түсетінін айтады. Бірақ бұған қарама-қайшы көзқарастар да бар.
Биологиялық факторлардың рөлін қолдаушылар арасында қылмыстық мінез-құлық оны жасаған адамның физикалық және психикалық ерекшеліктеріне байланысты табиғи биологиялық құбылыс деген пікір орныққан. Ал қарама-қарсы көзқарастағылар қылмыстық мінез-құлық сыртқы факторлардың әсерінен, яғни адамның өмір сүру жағдайларына байланысты қалыптасады деп тұжырымдайды. Қазіргі уақытта зерттеушілер әлеуметтік және биологиялық факторлардың рөлі туралы ортақ пікірге әлі күнге дейін келген жоқ.
ХІХ ғасырда Британ ғалымы Чарльз Горинг сотталған және заң бұзбайтын азаматтарды салыстырмалы түрде зерттеп, қылмыстық бейімділігі туа біткен криминалды типтердің болмайтынын дәлелдеген. Мұны қазіргі таңда өткізіліп жатқан зерттеулер де дәлелдеуде. Алайда кейбір зерттеушілер әлі күнге дейін ми мен эндокринді жүйенің аномалиялары қылмыс жасауға түрткі болады деп санайды.
ХІХ ғасырда көрнекті криминолог ғалымдар сол кездегі танымал социалистік идеяларлардың әсерінен қылмыстылық себептерін әлеуметтік тұрғыдан, әсіресе кедейлікпен байланысты түсіндіре бастады. Олар адамдардың өздерін және өзіне жақын адамдарды заңды жолмен қамтамасыз ете алмаған жағдайда ұрлық, жезөкшелік, алаяқтық, тонау, т.б. қылмыстардың жолына түсуге мәжбүр болатынын атап өткен. Қылмыстылық деңгейі әсіресе жұмыссыздық кең таралғанда айтарлықтай өседі.
Қазіргі заманғы криминологтар кеңірек көзқарастарды ұстанады, олар ауыр тұрмыстық жағдайларға байланысты сыртқы факторлар қылмыстардың көп бөлігінің себебі деген ойда. Нашар жағдайда өмір сүретін халықтың өмір сүру деңгейі халықтың тығыздығымен, ондағы адамдардың жеке өмірінің болмауымен, демалыс пен көңіл көтеруге мүмкіндіктердің жоқтығымен, нашар санитарлық жағдайлармен сипатталады. Мұндай жағдайлар адамдарда амалы жоқтық пен болашаққа деген сенімсіздігін тудырып, қылмыс жасауды осы жағдайлардан құтылудың жолы ретінде көреді. Дәл осы көңіл-күйлер адамдарды өмірлік жағдайларын жақсартудың жолы ретінде қылмыс жасауды таңдауына түрткі болады.
Кейбір ойшыл ғалымдар қылмыстылықтың кең таралғанының себебі, мәдениеттің жалпы төмен жағдайы деп түсіндіреді. Әсіресе, бұл экономикалық қылмыстар, дағдарыстар, соғыстар мен төңкерістер, қорғанышсыздық пен түп-тегінен ажырап қалғандық көңіл-күйлері тудыратын күштермен сипатталады.Қоғамның бара-бара тұрақсыздануының әсерінен азаматтардың мазасыздығы артып, болашаққа деген сенімі азаяды, ал бұл өз кезегінде қылмыстылық деңгейінің өсуіне әкеледі. Бұған екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-тағы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылықтың кең таралып кеткені дәлел.
Ең соңғы негізгі теориялар тобы ол психологиялық немесе психиатриялық теориялар. ХХ ғасырда америкалық криминолог Бернард Глюк пен британдық психиатр Уильям Хили зерттеулері сотталғандардың ¼ бөлігі эмоционалды тұрақсыз, невротикалық проблемалары бар, ал басқа бөлігінде психикасының елеулі проблемалары бар екендігі анықтаған. Бұл психикалық және эмоционалды проблемалар адамдарды автоматты түрде қылмыскер қылмаса да, бірақ олардың қылмыс жасауға анағұрлым бейім болатындығын көрсетеді.
Қорытындылай келе, азаматтар арасындағы қылмыстылықтың себептерін анықтау өткір де өзекті мәселелердің бірі екенін атап өткен жөн. Қылмыстылықтың себептерін анықтау олардың алдын алу мақсатында тиімді шаралар кешенін ойлап табуға мүмкіндік береді.

Арслан Әлімбек,
«Жастар ресурстық орталығы»
мекемесінің инспектор заңгері

Таңдаулы материалдар

Close