Basty bet

2025 ЖЫЛҒA АРНАЛҒАН НЫСАНАЛЫ ИНДИКАТОРЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ҚАРАЛДЫ

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаевтың төрағалығымен жиналыс өтті. Жиналыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған және атқарылатын жұмыстар қаралды.

Жиналысқа аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, аудандық статистика басқармасының басшысы, аудандық ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы КМК басшысы, Б.Момышұлы ауылы мен ауылдық округтің әкімдері және статист мамандары қатысты.
Алғашқы сөз аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевқа берілді. Ол 2025 жылғa арналған ауыл шаруашылығы саласындағы нысаналы индикаторлардың орындалуына тоқталды. Онда техника жоспары, тауарлы несие, су үнемдеу технологиясы және элиталық тұқым алудағы жоспардың орындалуы жайлы айтты.
Әрі қарай сөз кезегі жер қатынастары бөлімінің басшысы мен статистика басқарма басшыларына берілді. Бірі жайылым жер туралы мәселе көтерсе, екіншісі биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша санақ өтетінін және сол санаққа барлығы біркісідей атсалысып, уақтылы құжаттарды тапсыру керектігін жеткізді.
Жиналыс соңында аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев бөлім басшылары мен ауылдық округтің әкімдеріне төмендегідей тапсырмалар берді.
«Ақсай» су шаруашылығы мекемесінің мамандарымен бірге «Ақсай» және «Көксай» каналдарынан берілетін суды бақылауға алып, шаруаларға уақтылы, әрі жеткілікті мөлшерде су алуды ұйымдастыру қажет. Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару көрсеткішінің орындалуымен қатар, ауыл шаруашылығы бөліміне апта сайын ақпарат (жаңадан алынған техниканың құжаттарымен бірге) жолдануын назарда ұстау. Одан бөлек, элиталық тұқым сатып алу бойынша орындамаған ауылдық округтерге күзгі дала жұмысына элиталық бидай тұқымын алу қажеттігін ескертті. Ал жауын-шашынның жоқтығынан, суаратын судың аз болуына байланысты су үнемдеу технологиясын іске қосуды индикаторға сәйкес орындалуын ұйымдастыру. Ауылдық округтегі шаруаларға несие алуға және мемлекеттік қолдауларды алу кезінде сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру керектігі де ескертілді.
Сонымен қатар, ауылдық округтерде жайылым жерлерді кеңейту мақсатында жайылым жоспарын, бекіту жұмыстарын жандандырудың қажет екендігі баса айтылды.
Сырттан мал жинап бағатын бақташылардың тізімін толықтырып, нақты ақпарат берілу қажет. Статистикалық есепті тапсыру кезінде қиындық туындамас үшін электронды шаруашылық кітаптағы қателерді түзету жұмыстары жүргізіліп, маусым айында тапсырылатын 4-сх және 24-сх есептері уақтылы, әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуін тапсырды.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close