Basty bet

Ауылдық округтің жаңа әкімін таныстырды

Елдің дамуына бірінші кезекте атсалысатын азаматтар тиісінше, мемлекеттік қызметшілер дейтін болсақ, мұны абыроймен алып жүру – кез келген қызметші үшін мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны Қазақстан Республикасы және оның халқына адал қызмет етуімен ерекшеленеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз»,- деп айтқаны белгілі. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілігі өте жоғары.
Өткен аптаның жексенбісіне тағайындалған Көкбастау ауылдық округі әкімінің сайлауы сәтті өтіп, нәтижесінде, Мәлік Сейтаев сайлаушылардың басым дауысын иеленіп, ауылдық округтің әкімі болып тағайындалды.
Кеше аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов Көкбастау ауылдық округі әкімінің аппаратына арнайы барып, округтің жаңа әкімі болып тағайындалған Мәлік Сейтаевты округ тұрғындарының өкілдеріне ресми түрде таныстырды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Дүйсенбайұлы жиынды сөз сөйлеп ашып, сайлаудың нәтижесінде сайлаушылардың басым дауысын иеленген азамат Мәлік Сейтаевты Көкбастау ауылдық округінің әкімі болып тағайындалуымен аудан басшысының атынан құттықтап, қызметіне табыс тіледі. Аппарат басшысы өз сөзінде, жаңа әкімге жергілікті тұрғындармен өзара ынтымақтастық пен түсіністікте болып, тиісінше, күш біріктіре отырып, өңірдің дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Болатбек Қайыпбеков, ауылдық округтің жаңа әкімі Мәлік Сейтаевты қызметімен құттықтай келе, оған округ тұрғындарының атынан үлкен сенімнің жүгі артылып отырғанын айтты. Сонымен қатар, ардагер жаңа басшыға жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасап, тұрғындардың жайын, мүддесін көбірек ойлау қажеттігін еске салды. Тағы бір айта кетерлігі, Б.Қайыпбеков өз сөзінде, ұлтымыздың өсіп-өніп, көбеюі қажеттігін айтып, ол үшін тұрғындардың тұрмысы мен әлеуеті жоғары болу керектігін де тілге тиек етті.
Ауылдық округтің жаңа әкімін таныстыру кезінде ауылдық округтің басқа да азаматтары сөйлеп, жаңа басшының қызметіне табыс тілеп, ендігі кезекте атқарылуға тиісті шаруалардың да бірқатарын атап өтті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close