Basty bet

Әзірбайжан қызы – қазақ келіні

Пенденің ерекше адами қасиеттерінің бірі ол – сыйластық. Ал, сыйластық ұлтқа немесе нәсілге бөлінбейді. Қандай ұлт өкілі болмасын адамды адам деп бағалау, оны сыйлау, адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Сайып келгенде, сыйластық татулықтың асыл діңгегі.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Халықтың басым бөлігін жергілікті қазақ халқы құраса, қалған бөлігін орыс, өзбек, украин, әзірбайжан, ұйғыр және татар, тағы басқа ұлттар құрайды.
Сонау ызғарлы отызыншы жылдардағы сталиндік тотаритарлық режим кезінде көптеген ұлт өкілдері саяси тұтқын болып Қазақ жеріне жер аударылды. Сонымен қатар, талайға қайғы әкелген екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында, Кеңес Одағында тұратын көптеген ұлттар біздің жерімізден баспана іздеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы еш қиналмастан өзінің кеңпейілділігін көрсетіп, өзге ұлттарды жатсынбастан құшақ жая қарсы алды.
Бұндай дархан мінез – қазақ халқының пейіліне біткен қасиет. Қазақ елінің абройын асқақтатып, беделін өсіріп тұрған осы дархандық. Бүгінде Қазақстан Республикасы – осыншама ұлтты бір шаңырақтың астында біріктіріп отырған бейбіт, әрі тәуелсіз мемлекет. Осынау ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасқа дәлел ретінде бүгінгі күні қазақ әулетіне аяулы келін болып отырған әзірбайжан ұлтының өкілі Мариям Нышанованың өнегелі өмірін айтуымызға болады.
Мариям Гасимовна қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге келген. Бүгінде қазақ әулетінің түтінін түзу ұшырып отырған аяулы жан Мариям Гасимовна 2001 жылы Қайрат ауылындағы Нышановтар әулетіне келін болып түскен. Қазақтың «атастыру» салтымен қазақ азаматына тұрмысқа шыққанына өкінбейтінін айтады ол. Мариям апай бүгінде әулетіне ардақты келін, асыл жар. Отбасында отағасы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана.
Мариям Гасимовна әңгіме барысында өзінің орыс сыныбын аяқтағанын, бастапқыда қазақша сөйлей алмағанын айтып, алайда қазақ тілін үйренуге жұбайы Мұрат Шоңғарбайұлының, сонымен қатар, үйдегі кішкентай бүлдіршіндердің септігі мол болғандығын қуанышпен жеткізді. Мариям Гасимовна өзінің қазақ отбасына келін болып, қазақи салт-дәстүрді бойына мейлінше сіңіргендігін әрдайым мақтаныш етеді. Қазіргі таңда ол аудан орталығында азық-түлік дүкенін ашып, отбасылық кәсіпті дөңгелетуде.
-Татулықтың кілті – өзара ауызбіршілікте, сыйластықта. Ал, бақыт дегеніміз -жақындарыңның жаныңда дін аман жүруі дейді Мариям Гасимовна.
Қазақ әулетіне келін болып түсіп, отағасымен бірге 22 жыл отандасып, тату-тәтті, ауызбіршілікте ғұмыр кешіп келе жатқан іргесі берік Нышановтар отбасына қарап, қасиетті Қазақ елінде ұлтаралық татулықтың берік екенін анық аңғарамыз.
Расында, татулықтың кілті – ауызбіршілікте болса, ал елдің бірлігі – татулықта!

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close