Basty bet
«Дәстүрім – асыл қазынам»
Қызыларық ауылдық округінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Ауылымның кештері» атты бағдарлама аясында «Дәстүрім – асыл қазынам» атты ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған фестиваль өтті. Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл халқымыздың мәдениетті, тәрбиелі ел екендігінің айғағы.
«Ұлт дәстүрі – заңнан биік» демекші, салтын ұлықтаған ел – мықты әрі тұғыры биік ел. Қазақ елі ертеден өз ұрпақтарына ғасырдан-ғасырға өсиет еткен ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, орынды жөн-жосықпен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп жеткізген. Ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып жол екенін көрсетті.
Фестиваль шымылдығы «Балауса» би тобының «Торжорға» биімен ашылып, ұлттық құндылықтарымыз, ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміз қайта ұлықталды.
Атап айтсақ, қонақтарды күтіп алудан бастап дастарқан басында жасалатын әдет-ғұрыптар, бала тәрбиесіндегі әженің айтқан «Бесік жыры» мен «Біз шаншар» дәстүрі сахналанып, көрерменге ұсынылды.
Қойылым барысында ақ әжелеріміз ауылдың алты ауызын «Сәулем-ай» әнін қонақтармен бірге орындады. Ал, «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының бүлдіршіндері ұлттық «Хан талапай» ойынын ойнаса іс-шара әрі қарай округ өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Іс-шараның өту барысында келген қонақтарға «Ас атасы – нан» дегендей ыстық бауырсақ мен бәліштер үлестірілді.
Іс-шара соңында фестивальге белсене қатысқан өнерпаздар Қызыларық ауылдық округі әкімінің Алғысхатымен марапатталып, естелікке суретке түсті.
Қызыларық
ауылдық округі