Basty bet
Болашақ сарбаз алғашқы әскери дайындық сабағында шыңдалады
«Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық»,- деп Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы ұрпағына ұлағат қалдырған.
Отан қорғау – еліміздің әрбір ер азаматының қасиетті борышы. Заман ілгерілеген сайын әскерге қойылатын талап та жоғары болатыны сөзсіз. Жаңа ғасырдың әскері жаңа әскери қарулар мен цифрлық техникалардың тілін жетік меңгерген, жауына көз ілеспес жылдамдықпен тойтарыс бере алатындай біліммен қаруланған сарбаз болуы қажет. Осындай ержүрек жастарға мектепте оқытылатын алғашқы әскери дайындық пәнінің беретін пайдасы орасан.
Оқушыларды мектеп қабырғасында әскери-патриоттық тәрбиеге баулып жүрген білікті маманның бірі – Көлтоған ауылындағы №8 Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мейрамбек Көбенов.
Ол Көлтоған ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Өмірін әскери мамандықпен байланыстыруға бел буған Мейрамбек әскери дайындығын одан әрі шыңдау мақсатында Отарда Отан алдындағы әскери азаматтық борышын өтейді. Әскери шені – сержант. Әскери борышын өтеп келген соң, 2011 жылы туған ауылындағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып орналасады.
Ол сұхбат барысында оқушыларға әскери дайындық сабағын өткенде, әр тақырыпқа байланысты көп ізденістер қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, әскери тәртіп әрбір баланың өзін-өзі ұстауына, шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды.
Білікті маман жоспарға сай берілген тақырыппен ғана шектеліп қалмай, балалардың еліміздің Қарулы Күштері туралы көп оқып, білуіне байланысты әңгіме-сабақтар өткізеді. Оқушылардың әскери техникалар туралы, олардың қазіргі заманның жаңа технологияларымен жабдықталғаны жайлы білуі тиіс екенін айтады. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі білікті әрі білімді болуы қажет. Бұл сөзімізді жас маман Мейрамбек те қолдап-қуаттайды. Осы мақсатта ол оқушылар арасында «Жас сарбаздар» ойындарын, жарыстар мен байқауларды жиі ұйымдастырады. Сабақты түрлендіріп өткізу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырып, әскери техникалар туралы көбірек мәлімет алуға үйретеді. Соның нәтижесінде, балалар еліміздің Қарулы Күштері туралы көбірек білуге ынталануда.
Білім беру процесінде сержант ҚР «Білім туралы» Заңының аясында өткізетін алғашқы әскери дайындықта «Калашников» автоматының құрылысын шашып, тез тазалау, жинау бағдарламаның теориялық негізіне сүйеніп өткізеді. Сабаққа ұл-қыздардың әскери формада келуінің өзі балалар жандүниесін Отанға деген шынайы сүйіспеншілікке бөлейді. Пәннің аясын кеңейтіп, әр тақырыпты бастамас бұрын оқушыларды ширатып алу үшін ел қорғаған батыр бабаларымыз туралы естелік айтуды үрдіске айналдырған. Қазақ жерін сыртқы жаудан қорғаған батырларымыз қаншама?! Әр батырдың ерлік жолы балалардың жүрегіне батылдықты, батырлықты, Отан қорғауға деген шынайы ниетін шыңдайды.
-Оқушылар көбінесе: «Ағай, сіз әскери дайындық мамандығын жүрек қалауыңызбен таңдадыңыз ба?» деп сұрайды. Мектептегі ұлдар мамандық таңдауға келгенде көп ойланады. Шәкіртерімнің ішінде ондаған бала осы саланы таңдады. Бірнеше рет аудандық, облыстық байқауларда жүлдемен марапатталған жеңімпаз оқушыларым да бар, екі оқушым әскери мамандықты оқып, офицер шенін алып, қазіргі таңда жұмыс істеп жүр.
Мамандық – адамның өзімен бірге қаланатын өмірі. Мамандық дұрыс таңдалса, оның барлық қиындықтан сүрінбей өтіп, мақсатыңа оңай жетудің белгісі. Бала оқытудағы қай пәнді алсақ та, оңай жолмен оны оқыта салатыны жоқ. Ұстаз – өз пәнін шәкіртіне дұрыс ұқтыруы үшін көп ізденеді, тәжірибелі ұстаздардың өнегесінен үйренеді. Алысқа кетпей, туған ауылыма, Көлтоғанға келіп, еңбек етуім, оның ішінде, балаларды патриоттық тәрбиеге баулуым бірінші кезекте, туған ауылыма деген құрметім және сүйіспеншілігім деп білемін,- дейді жас ұстаз.
Әрбір қызметкер өз саласының білгір де, білікті маманы болуға міндетті. Білікті, сауатты да іскер мұғалім, маман барлық салаға қажет. Мектепте оқытылатын әр пәннің өз ерекшелігі бар. Қай пәннің мұғалімін алсақ та, өз елінің патриоты. Өзінің Отанға деген сүйіспеншілігі арқылы жасөспірімдерді де ұлтжанды азамат болып қалыптасуға тәрбиелейді. Сол айтпақшы, алғашқы әскери дайындық пәнінің де өз ерекшеліктері бар. Пән мұғалімі мектептің жоғары сынып оқушыларын Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қаруларын меңгеруді үйретеді. Пәннің маңызы да сол, ұл-қыздарды жауапкершілікке, жылдамдыққа, әскери іс-қимылға үйрету, төзімділікке баулу болып табылады.
Әскери-патриоттық тәрбиені алғашқы әскери дайындықпен тығыз ұштастыра отырып, жастардың әскери іс-қимыл жаттығуларын жақсы меңгеруiне, төтенше жағдайларда қорғанудың тәсiлдерi мен құралдарын дұрыс пайдалана бiлуiне ықпал етеді. Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беруде мұғалімнің атқаратын рөлі өте маңызды. Болашақ Отан қорғаушыларды дайындау алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің міндеті деп санасақ та болады.
-Мектеп басшылығы оқушылардың шынығу жаттығуларына арналған шаралар өткізуге ұйытқы болуда. Әскери дайындық сабақтарын өткізетін алаңның талапқа сай жабдықталуы, кейбір жаттығуға қажетті нысаналардың толық болуын қамтамасыз етуге жағдай жасалған. Қай пән болсын, білім сапасының стандартқа сай болуы, оқушылардың тәртібі, шығармашылық дамуы, барлық пәнді жақсы оқуы арқылы мектептің беделін арттыру – ең алдымен басшыға, ұстазға байланысты. Бесаспап мамандарды мектепте қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсап отырған елімнің жас маманы екенімді мақтанышпен айта аламын,- дейді АӘД пәнінің мұғалімі Мейрамбек Нағызбекұлы.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»