Basty bet

Көгілдір отынмен қатар, ауылға ағын су да келеді

Аудан әкімі есептік жиынынң барысында ауданның ең шалғай елдімекені Қошқарата ауылдық округінде де болып, тұрғындармен кездесті.

Күн тәртібіне сәйкес, алдымен ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Мақсат Дулатбаев өңірдегі қылмыстық ахуал және оның алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың барысына тоқталды.

Ал келесі кезекте Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Округте 258 аула және онда 1 596 тұрғын тіркелсе, оның 350-дейі жастар санатындағы азаматтар. Тиісінше, былтыр ауылдық округтен «Бастау Бизнес» жобасымен оқыған төрт жас қайтарымсыз грантты ұтып, жеке кәсібін ашып отыр. Округ тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығын кәсіп еткендіктен, мұнда 134 шаруа қожалық тіркелген. Оның ішінде бірнеше шаруашылық былтыр асыраушы саланы қолдау бағдарламалары арқылы мүйізді ірі қара және жүздеген бас қой сатып алған. Аталған салада басқа да жетістіктер бар. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығы да құстың қос қанатындай қатар дамып келеді.

Осы тұста бір мәселені айтпай кетуге болмас. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қошқарата ауылдық округінен тұрғындардың дені аудан орталығына және оған жақын орналасқан ауылдарға көптеп көше бастады. Мұның бір себебі, ауылдық округте көп жылдан бері ауызсу, табиғи газ мәселелерінің шешілмеуі. Сонымен қатар, тұрғындар арасындағы жұмыссыздық мәселесі бар болатын. Ал соңғы екі жылдың ішінде округтің орталығы Қошқарата ауылында ауызсу мәселесі оң шешіліп, сонымен бірге, округке магистральді газ құбыры тартылды.

Сәтін салса, биыл Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған ауылдарында кварталішілік газ тарту жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұл мақсатта қазынадан 100 миллионға жуық қаражат бөлініп, конкурсқа қойылып отыр. Онымен бірге, биыл Ақтасты және Қызтоған ауылдарындағы ауызсу мәселелері оң шешімін табатын болса, онда тұрғындар ешқайда көшпейді. Бұл туралы ауылдық округ тұрғындарының алдындағы есептік жиында аудан әкімі Олжас Қаржауов ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиевке тиісті тапсырмалар берді.  Айта кету керек, бұған дейін аталған екі ауылда да су қоры зерттелген.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, 2022 жылы атқарылатын жұмыстардың қатарында Қошқарата ауылындағы Б.Үсенов көшесінің жолын жөндеу, ауылға ағынсу әкелу, т.б. жұмыстар атқарылмақшы.

Сонымен қатар, тұрғындар жиын барысында Б.Момышұлы-Қызтоған бағытындағы автомобиль жолының (Көлтоған ауылынан Қошқарата бағытына қарай) нашарлығы, тұрғын үйлерде электр жарығының жиі өшуі және қуаттылығының төмендігі, Е.Сауранбекұлы көшесіне құм-шағал төсеу және жарықтандыру, Ақтасты ауылының оқушыларына ыңғайластырылған мектеп ғимараты мәселесін шешу, сонымен қатар, мал жайылымы мәселесін шешіп беруге көмек сұрады.

Есептік жиынды аудан әкімі Олжас Қаржауов қорытындылап, көтерілген мәселелердің барлығы алдымен зерделеніп, содан соң ғана оның шешілу жолдары қарастырылатынын баса айтып, ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды.

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданынан

Таңдаулы материалдар

Close