Basty bet

КІТАПХАНА – МӘРТЕБЕСІ БИІК КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ

24 қазан – Кітапханашылар күні. Әлемдік өркениетке қадам басқан Тәуелсіз Қазақстандағы кітапхана саласының тарихта айтулы орны бар екендігі баршаға мәлім. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылдың 18 қазанындағы №833 қаулысымен 24 қазан «Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесі ретінде бекітілді.

Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы.
Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады.
Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесін Қайсар Асылбеков басқарады. Қазіргі таңда ауданда 25 кітапхана жұмыс жасауда. Жалпы кітап қоры 30 1269 дана кітап, оның ішіндегі мемлекеттік тілде 17 0507 дана әдебиеттер бар.
Кітапханада 55 жоғары, 7 орта арнаулы білімі бар маман кітапханашылар еңбек етуде.
Оқырман саны 20298, кітап берілімі 345066, келім саны 162384.
Кітапханалар 32 атаудан тұратын, 250 дана газет-журнал алады. Атап айтсақ «Егемен Қазақстан», «Ақ жол», «Жас Алаш», «Жаңа өмір», «Қарахан», «Үкілім-Ай», «Айқын», «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» т.б. газет-журналдарға жазылды.
Ауыл тұрғындарын кітап оқуға тартудың ең тиімді жолы – кітапханалар жүйесін жаңғырту, оны заманауи құралдармен жабдықтап, өзге де цифрлы жобалар енгізу. Осы бағытта аудандық, ауылдық кітапханалардан 21 цифрландырылған ақпараттық орталық және төрт «Коворкинг» орталығы халыққа қызмет көрсетеді.
Кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, кітап мәртебесін көтеру, жастарға кітап оқуды насихаттау мақсатында оқырмандар «Кітапханаға кітап сыйла!» атты акциясы аясында барлығы 328 дана кітап кітапханаға сыйға берілді.
Сонымен қатар, кітапханаға оқырман тарту мақсатында көптеген қызықты іс-шаралар, байқаулар ұдайы ұйымдастырылып отырады.
Аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімі өздерінің тікелей міндеттеріне сай оқырмандарға ақпараттар беріп қана қоймай, зағип жандардың кітап оқуына көмектесіп келеді.
– Ғылым мен білімнің бұлағы – кітап. Кітап атаулының шоғырланған мекемесі -кітапхана. Кітапхананың қорын сақтаушы, оқырманға қызмет көрсететін кітапханашылар еңбегіне тоқталып өткен жөн деп ойлаймын. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кітапханашы бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жеткізуші, сонымен қатар кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі іс-шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, Қазақстанда ресми түрде бекітілген атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына арналған тақырыптық көрмелер қоюшы, оқырманның талап-тілегіне сай кеңес беруші, кітап пен кітапхананы, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы да – кітапханашылар бүгінгі қоғамға ең қажетті мамандық иесі.
Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деп, бекер айтпаса керек. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек,- деген Қайсар Құлжанұлы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымының атынан барлық кітапханашыларды 24 қазан – Кітапханашылар күні мерекесімен құттықтап, кітапханашыларға кәсіби шеберлік пен парасаттылық, еңбектеріне шығармашылық табыс тілейтінін жеткізді.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close