Basty bet

Әйел – отбасының да, қоғамның да ұйытқысы

Қосбөлтек ауылдық клубында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Алдымен Көкбастау ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтаевтың баяндамасы тыңдалды. Округ әкімі Қазақстан Республикасының 2023 жылға дейінгі гендерлік саясат тұжырымдамасының нысаналы индикаторына қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының ауылдық округте іске асырылу барысы туралы баяндады.
Сонымен бірге ауылдық округтің аналар алқасының төрайымы Қаламқас Жұмабекова “Ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі” тақырыбында баяндама жасады.
Қосбөлтек ауылының тұрғыны, кәсіпкер Күнсұлу Қамбарова жастарды еңбекке баулу, тазалыққа тәрбиелеу және бала тәрбиесі жайлы өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Күнсұлу Мұханқызы өз ойын адам баласы қай іске болсын шын ықыласпен, жақсы ниетпен кіріссе, барлығын үйренеді әрі алға қойған мақсатына жетеді деген пікірмен түйіндеді.
Жеке кәсіпкер, тігінші Рахима Изимбетова өзінің тігін цехының тыныс-тіршілігімен және жоспарларымен бөлісті.
Сөз сөйлеушілерді тыңдай келіп Анар Ахметова қоғамға өзінің ісімен, сөзімен, іс-әрекетімен үлгі болып жүрген іскер әйел-аналарға игі тілегі мен алғысын білдірді. Сондай-ақ наурыз айының басында Астана қаласында аталған комиссияның 25 жылдығына орай өткізілген форумнан түйген ой-пікірін жеткізді.
-Форумда әйелдердің еліміздің демографиялық саясаттағы, бала тәрбиесіндегі, көшбасшылықта, қысқасы, қоғамдағы рөлі мен орны жайлы жақсы айтылды.
Жалпы, басшылық қызметтерде әйелдердің үлесін арттыру мәселесі көтерілуде. Президенттің өзі бұл мәселеге көңіл бөлуі жайдан-жай емес. Себебі, әйел бар жерде тазалық, ұқыптылық, жауапкершілік бар.
Жалпы, адамның пиғылы мен ниеті өзгермесе, оның дүниетанымы да өзгермейді. Отбасында болсын, қоғамда болсын адамның ниеті, көзқарасы үлкен рөл атқарады. Адам отбасында, әулетінде, ортасында өзін сыйлатуы үшін бірінші өзі айналасын сыйлай білуі керек. Тату отбасында, әулетте береке болады. Ал, отбасы тату болса, игілікке толы болса, онда мемлекетімізде де береке болары сөзсіз.
Ер адам – түздің адамы. Ана – үйдің берекесі. Бала ананың құшағында, жанында жүріп өседі. Сондықтан әйел ақылды болуға міндетті. Себебі, әйелге жүктелген жүктің, жауапкершіліктің салмағы ауыр. Әйел-ана ойы да, бойы да таза, жүріс-тұрысы түзу, беделі жоғары болса, оны көріп өскен бала да саналы болады.
Өкінішке қарай, қазір WhatsApp чаттарда өзінің баласын, отбасын дұрыс ұстай алмай отырған кейбір әйелдер елдің проблемасын шешіп, ақыл айтып жатады. Әкімшілікке келіп, елді дүрліктіріп, бетбақтыққа салынып, ер азаматтардың жағасынан алып, туған баласын міндет етіп жататындар да кездеседі. Бұл – ұят тірлік, қазақ әйеліне жат іс-әрекет. Біз ақылымызды, ерік-жігерімізді еріншектікке, жалқаулыққа, бетбақтыққа, енжарлыққа айырбастап алмауымыз керек.
Даналарымыз “Жақсылық көрсең өзіңнен, жамандық көрсең өзіңнен, біреу қылды дегенді шығарамын сөзімнен” деген. Ұрпағымызға көрсеткен дұрыс емес іс-әрекетімізден опық жейтін бірінші өзіміз.
Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деген болмайды. Әрбір нәрсеге көңіл бөліп, керек жерде тоқтау айта білуіміз керек. Мәселен, қазір жас қыздар, тіпті оқушы қыздар сабаққа шашын жайып барады. Әдебиет пен тарихымызға үңілейікші, әйел заты қара жымылғанда ғана шашын жайған. Оның беті аулақ. Сондықтан күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде кетпей, бала тәрбиесіне көңіл бөлейік, сергектікпен қарайық,- деді Анар Садыққызы.
Комиссия мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев тарихымызға көз жүгіртіп, белгілі тұлғаларымызды тәрбиелеген аналарымыздың еңбегіне тоқталды. Бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жағдайларға тоқталып, бала тәрбиесіне байыппен қарауға шақырды.
“Тұлға” психологиялық көмек көрсету қорының төрайымы Зейнеп Дәуренова аудан орталығындағы санаулы дүкендерден ашқан “Қанағат” бұрышының мұқтаж отбасыларға тигізер көмегін айта келіп, көпшілікті осы бастаманың әрі қарай жалғасуына үлес қосуға шақырды.
Жиын барысында өзге қатысушылар да сөз сөйлеп, тағылымды отырысқа ризашылығын білдірді.
Комиссия отырысын Анар Садыққызы қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close