Basty bet

Аққан жұлдыз

«Әрбір ұлттың генефонының негізі-танымал тұлғалардан тұрады.Ұлттың ақыл-ойын, парасатын құрайтындар да осы топ, яғни, тұғырлы тұлғалар.
Олар – заманның желінен ықпайтын, шындықтан қашып бұқпайтын, сабыры үгілмеген, ұсаққа үңілмеген, көкірегі сыр-сандығын пендешіліктен таза ұстайтын азаматтар.
Тұлғалар – өмір-өзен қалай тулап жатса да, уақыт қандай өзгеріске түссе де арнасынан аумайды, тарихтың тамырын дәл басады. Ел басына күн туып, бағытын таппай жаңылғанда ең алдымен тұлғаларын іздеп табатыны, үлкен үміт артатыны да сондықтан болса керек».

Алатау мен Қаратаудың түйіскен тұсында орналасқан ауданымыздың табиғаты көрікті, берекелі де құнарлы өңірлердің бірі саналатын – Жуалы жер жаннаты, жұлдызы биік өлкеге заңғар биік Тәңіртаудың баурайы текті тұрақ болған, даласы бауымен астасып, өзен – көлмен ұштасып жатқан қасиетті туған жеріміз бәрімізге қымбат та қастерлі!
Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың дәстүрлі таным – түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың қария сөздерінде, яғни, шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. Қоғамның саяси – әлеуметтік, мәдени рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады. Содан да болу керек, қазақтың дәстүрлі философиялық пайымдауында өмірді өзгертуден бұрын, алдымен, адам санасын шыңдауға көбірек мән беріледі. Дәл сол сияқты шежірелік қоғам дамуының жалпы ахуалынан бұрын, алдымен адам туралы мағлұмат беру басты нысана болып отырады.
«Бір қалыпты тұрмайтын «ой-хой» өмір адамды күнгейіне де, теріскейіне де шығарады, ойын да, қырын да шарлатады. Жеке жанды ғана емес, табысқан топты да, қауым-халықты да сан сынынан өткізеді. Сүйініш пен күйініш кезектеседі. Өмір, тағдыр дейсің. Бәрін де бастан кешіресің. Әр істі оң не теріс деп те бағалайсың, топшылайсың. Өйткені, дұрыс болуы да, бұрыс болуы да мүмкін. Пендесің. Менің қағазға түсірген мына пікірлерім де – пендешілік түйсіктерімнің түйіндері» деген Ғаббас Қабыжұлының жазбалары есіме түсіп отыр.
Әрине, осыдан 38 жыл бұрын 16-18 желтоқсанда Қазақстан астанасында болған қанды шайқас халқымыздың тарихына тоң-тоң болған шері мен мұңы бар, қатпар-қатпар сыры бар күндер болып мәңгі хатталды. Қазақ жастарының бой көрсетулері ұлтшылдық сипатта болған емес. Мұның өзі Конституция кепілдік берген және қайта құру (перестройка) жариялаған азаматтық және саяси айқындаманы еркін білдіру правосын пайдаланудың алғашқы әрекеті еді, яғни жұмысшы жастар мен студенттер наразылығының тереңге бойлаған тамырлары тұрмыстың төмен деңгейінде, әлеуметтік әділсіздік пен әміршіл – әкімшіл жүйенің кемшіліктерінде жатқан болатын.
Сонымен қатар, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп, Г.В.Колбиннің жасырын және халықты наразылық тудыратындай түрде тағайындалуы жастар қозғалысына тікелей түрткі болғаны жасырын емес. Мұның өзі – республика халқының өмірлік мүдделеріне қатысты мәселелерді шешу кезіндегі «Орталықтың» өрескел өктемдігі деп қабыл алынды.
Бұл «желтоқсан оқиғасы» бойынша ақиқат жолының ауыр, шындықтың соқпағы шырғалаң екенін Талғат Айтбайұлы мен Тойболды Зейнәбіл сияқты редактор – құрастырушылардың «Алматы-1986 Желтоқсан» 3 томдық айғақ кітаптарында «Желтоқсан көтерілісі» көп томдық айғақ-кітаптарда толыққанды айтылып, жазылған….
Осы арқауы ортақ кітаптарға енген әралуан материалдардың өнбойындағы дерек – шындыққа, шындық – тағдырға, тағдыр – тәлкекке, тәлкек-әділетсіздікке, әділетсіздік – зорлыққа, зорлық – соққыға, соққы – қасіретке, қасірет – трагедияға ұласып кеткендей…
Осынау арқауы ортақ кітапқа енген әралуан материалдардың өнбойында қорқақтық – бұқпантайлыққа, бұқпантайлық – үрейге, үрей – сатқындыққа, сатқындық – құлақкестілікке, құлақкестілік – жандайшаптыққа, жандайшаптық – жауыздыққа, жауыздық – ездікке, ездік – екі жүзділікке, екі жүзділік – қарабеттілікке, қарабеттік – қылмысқа, қылмыс –репрессияға ұласып кеткендей…
Міне, сол оқиғадан кейін 38 жыл өтті. Елбасы өзі Алматы шаһарында Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік таңы» ескерткішін ашты, бұрынғы «Мир» проспектісі «Желтоқсан» көшесіне ауыстырылды…! Қатысқан «желтоқсандықтар» сол сәтте үлкен толғаныста болғаны, көздерінен аққан жастары тиылмай, өз-өздеріне әрең келгенін, қуаныш жасы екенін жиі еске алады. «Оқиғаға» қатысқан жуалылық – Сәду Нартайұлы Қалтаев туралы тереңірек ой-толғауымды жеткізгім келеді…
Алланың құдіретімен айрықша жаратылған жанның туғаннан өмірден өткенге дейінгі өмірбаянын әрбір мұсылман көкірегіне түйіп, көзінің қарашығындай сақтап білсе, нұр үстіне нұр болары хақ! Пайғамбарымыздың киелі сөздерінің әр лебінен шипа, пендесінің ауыр жолына тура бағыт-бағдар сайрап тұр… Біз әлімсақтан бері мұсылман халықпыз, құдайдың құлы Мұхаммедтің (с.а.у.) үмбетіміз, ол – анық дүние. Ата-бабамыз ислам дінін құрметтеп, баласын сүндеттеп, ақ некесін ардақтап өткен!
Әрбір адамда өз бойынан табылуын қалайтын сабыр, ұстамдылық, қанағат, дархандық, кішіпейілділік, батылдық сияқты көркем мінез – құлықтыр бар. Бұл адамды нағыз адам ететін асыл қасиеттер.
Осындай тұлғалардың өмірі жайлы қалам тарту, марапатқа ұсыну, еске алып, ардақ тұту – бақытты міндет. Қазақ деген ғажап халықтың руханиятын асқақтатуға, ұзақ жылдар бойы ұмытылмақ болған ұлттық құндылықтарымызды жаңартуға тамшыдай болса да үлес қосу – қасиетті борыш емес пе!?
Жуалы ауданының тумасы, Дулат тайпасының Шымыр руынан шыққан -«Желтоқсан-86» көтерілісінің қайраткері, жерлесіміз Сәду Нартайұлы Қалтаев азаматты ерекше еске алуды жөн көрдім. Жуалыдай табиғаты көркем, климаты қатал ауданымыздың азаматы Сәду Қалтаев бөлектеніп тұратын. Бір көргенде салқындау, сұстылау көрінгенімен, мінезі – тік, тұрақшылдықты ұнатып тұратын. Осы ерекшеліктерді Сәдудың бойынан бірден байқадым…
Мен 1987-1993 жылдарда ауданымыздың «Большевик» колхозында бас экономист лауазымын атқарып жүргенде, ЖаңаТеріс ауылында үйіміз «шарбақтас», әкесі Нартай Қалтаев колхоздың бас агрономы еді. Сонда Сәдумен танысып, сұхбаттасып үлгерген едім…
Жасымыздың айырмашылығына қарамай сырлас та, сыйлас та болған азаматпен жарастықта көрші болдық! Алматыдағы, Өскемендегі Тараздағы, Шымкенттегі, Қарағандыдағы жастардың басын қосып, аға ретінде, іні ретінде жанашырлық жасады, ақыл-кеңесін аямай, жақындастыруға, қорғауға асық боп, құштарланып тұрушы еді. Мен оның осы қасиеттерін қатты бағаладым, ұмытпаймын… Маған да «әсер» етті бұл қасиеттері, бар-жоғы мен онда 31- жаста едім. Жарқыраған жан дүниесі, кіршіксіз ақ көңілі, арамдықтан ада, тазалықты, тәрбиелілікті жоғары қоя білетін осындай азаматтарға әркім жақын жүргісі келеді ғой.
Сәду Қалтаев – 1962 жылы Ақбастау ауылында (Ясная Поляна) туған. Орта мектепті тамамдап, Германияда екі жыл әскери борышын өтеді. Алғыр, спортқа деген қызығушылығы басым болды. Әскер жылдарының өзінде ГДР-дан СССР-ге (Москваға) келіп жарысқа қатысып, жүлделі орын алған. Студент кезінде Минск, Киев қалаларына барып, жүлделі болған. Әскерден кейін Өскемен қаласының «Құрылыс – жол институтына» түсіп, 1986 жылы 16-18 желтоқсан көтерілісіне қатысып, тәуелсіздігіміздің Қайратпен, Ерболмен, Ләззатпен, Сабирамен, Камалмен қатарлас рухтас ақ таңдарын атырған, «отызға келмесе де орда бұзып, қырыққа келмесе де қамал алатын» қазақ жастарының өкілі, образы (бейнесі) ретінде қабыл алдым….
1986 жылы қамалып, 1987 жылы оқудан шығарылды. Сәду – қашан аяқтағанша қаншама ауыр күндерді бастан өткізді. Таққан «теріс» тұжырымынан соң ешбір мекеме жұмысқа алмады. Бірақ, өр мінезді батыл жас жігіт морт сынған жоқ. 1990 жылы «Желтоқсан» құрбандарын ақтағаннан кейін, жоғарғы оқу орнын 1991 жылы сәтті аяқтап, тамамдады. Алайда, сол бір «ауыр күндерден» қалған дақ оны ауруға шалдықтырды. Бірнеше жылдық дерттің салдарынан 34 жасар өрімдей жас мына фәниден аттанып, кете барды… Желтоқсанның ызғарлы желі осылай Жуалы жерінің бір боздағының өмірін ерте қиған-ды.
Әрине, жұрт анығын, ақиқатын біле жүрсін деген ой жыл сайын жеткізіліп келеді. Әйтпесе, ұзында кеткен өшім, қысқада кегім жоқ – демейме ел-жұртым. Тек, «жоғарыдағылардың» басқаны көзіне ілмейтін кеудемсоқтығы мен шама – шарқысына қарамай көрінген «кеменің» құйрығынан ұстайтын ұрыншақтығын көргенде, айдалада жүріп халық ұялатын, ал жастарымыз осының нәтижесінде жазықсыз жазаланды, ауруға ұшырады, дүниеден озды…
Сәдумен бір кездескенімде осы тақырыпта сөз өрбіттік. Сонда айтқаны, «Болған Желтоқсан оқиғасы бойынша ой жүгірттім, өзімше талдау жасауға ешқандай мүмкіндік болмады» – дейді. Өйткені, бұған дейін біз билік мінбелерден сөйлеген сөздерге, көрнекті жерлерге ілінген түрлі ұрандарға имандай сеніп келдік. Сөйтсек, мына дүние екі жүзділер мекені – деген өкініші де есімде.
Уақыт – ұстаз. «Содан бері менің өмірге деген көз қарасым өзгере берді. Өйткені, тоталитарлық биліктің ұлтымыздың тізгінін өзіне бермей, отарлау саясатының жаңа бір тәсілін ойлап тапқаны мені осылай ой-тұжырымдауға үйретті. Мен сол кезде 24 жаста болатынмын», – деп те күрсінгені жадымда…
…Иә, Сәдусыз 29 жыл өтіпті. «Өмірдің құны тіршілікпен, тіршілік құны құлшылықпен болса», Сәду Нартайұлының рухына тұрақты түрде құран бағышталып, әулеттің, отбасының, ауылдың тіршіліктері жалғасуда. Ол жаққан от сөнген жоқ, ол бастаған іс тоқтаған жоқ, ол сыйласқан барша туыс -ағайын, дос-жарандар қасында.
Әрине, ауыр мұң, айықпас азап арқалаған Сәдудің ата-анасы қалды. Раушан анасы есепті уақыты біткен күні өмірден озды. Нартай көкем көңілі құлазыса да, бақытты ғұмыр кешуде!
Көз көргендер – Сәдудің жақсы ісін, азаматтық болмысын әлі күнге дейін айтуда, баяндауда. Жуалы елімен бірге сонау шығыс өңірі – Өскеменде Семейде, Оңтүстіктегі Алматы мен Шымкентте, әулиелі Таразда тұратын Сәдуды білетіндер оны естен шығарған емес.
Бұл келер ұрпақ үшін керек дүние, өйткені, қазақ – іздеушісі бар ұрпақ!
Сәду Қалтаев жаңашыл еді, креативті бастамалары басым, нарық заманының көшінен қалмау үшін ізденіп, тың идеяларды жүзеге асыруға көп талпынды. Тәуекелшіл бола білді. Қаталдық бар еді, талапшыл да бола білді. Соңғы игілікті істерінің бірі – аудандағы мал базары. Сәду көп дос жинады, ел ағаларымен сыйласып үлгерді 34 жасына дейін. Туыстарын, бауырларын баулыды.
Әрине, ер есімі әлі де толық жазылып, зерттелген жоқ. Ол алдағы уақыттың аманаты.
Қазақ даналығында тағалы сөз бар: «Адамның бойында өкінбейтін алты қасиеті бар екен. Мейірімділік, ынсап, әділеттік, таза жүрек, адал еңбек және тату дос» – деген. Міне бұл азамат осындай еді…
Уақыт сыншы. Көп дүние өзгереді, өзгерді, жылдар өтті. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірде мұңаясың, көңілің күпті болып жылайсың, не болмаса күш қытығыңа тиіп күйінесің. Уақыт жылдам жылжуда. Өмірде қысқа. Өмірден өткен жандар жайлы еске алу, ол жайлы әңгіме ету емес. Дегенмен, Қалтаевтар әулеті, елі-жұрты бүгін алыстаған сайын асылға айналған, өмірден озған ұлдарының есімін ардақ тұтып еске алуда!
Әулетінің өмірін нұрлы, көңілдерін «гүлді» ете білді, нұрландырды. Сәду бар кезінде армансыз еді, алаңсыз еді. Әттеген-ай, армандары орындалмай қалды, мұраттары баянсыз болды. Дегенмен, перизат көңілі, кең пейілі, еліне деген шексіз махаббаты ағайынның жүрегінде мәңгі қалды! «Қолдан кетсе – жалбыз мұң, елден кетсе жалғыз мұң» деген, артындағы әулеті «жалғыз» емес екен. Дүниеге келгенде «құлыным» деп маңдайынан сүйген (иіскелеген) әкесі Нартай ақсақал бар!
Ауданның абзал азаматы, Шығыс өңіріне белгілі кәсіпкер, халықтың асыл қасиеттерін бойына ана сүтімен сіңірумен бірге, өзіне дейінгі қазақ зиялыларының үлгісімен орыс-қазақ оқуын соншама қомағайлана оқып, зейінін берсе де, ділін бермеген, сондықтан Сәдуден дүбәралықтың құттай да белгісін таба алмайтындай тұлға болып қалыптасып, үлгеріп кетті. Ұлттық рух қалай сезіліп тұрса, ұлтжандылығы да өзіне әдемі үйлесіп тұратындығын бауырлары Абай Баетов, Жандос Баетов, Ерғали сияқты азаматтар тілге тиек етіп келеді! Аурудың көңілін, қарттың жағдайын, жетімнің жай-күйін, саудың амандығын, ағайынның бүтіндігін сұрап жүрген осындай әулетте шаңырақ иелері де жеткілікті!
Әрине аудан халқына бұл «қазаның» салмағын саралап жатудың өзі артық. Өйткені, Сәду Қалтаев бауырымыздың адами өркениетте алған орны мен Семей, Өскемен Алматы өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық дамудағы кәсіпкерлік саласына қосқан үлесі қомақты. Ауданымыздың орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы бірден-бір «Сәду» мал базары да ауданымыздағы 49 елді-мекен тұрғындарының төрт түлік мал нарығына икемделуіне, «Отбасылық» бюджет қалыптасуына оң ықпал беріп келе жатқанын мақтанышпен айтуға әбден болады!
Сәду Нартайұлы – қандай азамат еді, қандай қасиеттермен елдің есінде қалды деген заңды, орынды сауалға аудан тұрғындарының, жастардың оң пікірлері басым болып тұр. Елдің пайымдауынша, біріншіден ол – намысшыл болыпты. Есіме түсіп отыр, ұлы тұлға, Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы) парыз туралы ұғымы да ұлттық ұғым. Адамның барлық азаматтық, пенделік қасиеттері туралы тәптіштеп жазған сұңғыла психолог – парызға келгенде айырықша тебіреніп кетеді екен. «Парыз –ерліктің жүрегі» деп бейнелейді. Баукең әлемде парыздан артық қуатты күш жоқ, әрі болмайды да деп түйеді.
Қазақтың ең ұлы, ең қасиетті сөзі – намыс. «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес, намысың үшін өлсең бопты» дегені де содан екен.
…«Желтоқсан» оқиғасын жаның тітіркенбей – түршікпей еске түсіру мүмкін емес. Жан-жүрегің де, ой-санаң да өзінен-өзі мұзға айналады екен. Еске түсірсең сұмдық шошисың әрі сұмдық сескенесің, сұмдық қапаланасың әрі сұмдық ызаланасың, сұмдық қайраттанасың әрі сұмдық асқақтайсың. Жан-жүрегіңдегі, ой-санаңдағы баяғы мұз тамырлар мен мұз организмдер, мұз сүйектер – Мәңгілік маздайтын Мұз алауларға – Тарих Алауларына айналып шыға келеді екен» – деп ойға алады белгілі атамыз Саулаубек Жұмабек:
«Мұны Жер жарып жұта алмайды екен…
Мұны Тау қопарылып баса алмайды екен…
Мұны Мұхит тасып тұншықтыра алмайды екен…
Мұны Жанартау өртеп, өшіре алмайды екен…
Сонымен, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп танып, Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенттің Жарлығымен 1991 жылы тарихи күн болып енгізілді!
«…Карл Маркс, әрине, ақылдан кенде емес. Кейбір айтқандары – шын данышпандық. Мысалы, оның «Надандық – дүлей күш. Сол надандық әлі талай сойқанның сойылы бола ма деп қорқамын» дегені – көрегендік. Содан бері де талай қырғын болып, талай қан төгілді. Надандықтан. Орасан кем дүние…» – деп кетіп еді Шерхан Мұртаза ағамыз «Бір кем дүние» жинағында…

Әбдікерім Уркумбаев,
«Желтоқсан-86» оқиғасының қатысушысы,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close