Basty bet

«ГЕНЕРАЛДАР ӨЛКЕСІНІҢ» БІР ПЕРЗЕНТІ

ҚР Ішкі істер органдарының дамуы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жуалылық генерал-майор Қайсар Сұлтанбаевтың қосқан үлесі қомақты

Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында ойып алар орны бар. Батыр туған тұлғаларымен жұлдызы биікте жарқыраған өр мінез өлкенің асыл қасиетін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес…
Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамып, ұлт қайраткері, жұлдызы нұрлы суреткер Шерхан Мұртазаның, қасиетті өлкенің жұлдызын зау биікте жарқыратқан «генералдар шоғырын» тудырған топырағы қасиетті Жуалы ауданының ел тарихы мен ұлт руханиятындағы орны ерен. Бұл өңірді былайғы жұрт: «Генералдар өлкесі» деп те тегін айтпаса керек-ті…

Ұлы Отан соғысының батыры, даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлының есімін сондай ерлік пен ұлтжандылықтың биік шыңы ретінде бүкіл қазақ халқы қастер тұтады. Батыр Баукең тек қана соғыста ерлік көрсетіп қоймай, бейбіт өмірдегі ерлікті, жауынгерлердің патриоттық өнегелері мен ерлік дәстүрін паш етіп, оны қаламмен жас ұрпаққа жазып қалдырды.
Ерлік пен елдіктің өнегесін көрсетіп, қаһарлы Ұлы Отан соғысы жылдарында «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған жуалылықтар қатарындағы – Владимир Вишневецкий, Феодор Кердань, Дмитрий Пахомов, Дмитрий Ковешников және «Даңқ» ордендерінің толық иегері, батыр жерлесіміз Тайыр Тастандиевтың ерлік істерін халқымыз ешқашан ұмытпақ емес…
Жуалы жұртшылығы алдыңғы толқын аға ұрпақтың әскери ісін жалғастырушы, есімін ел мақтан ететін 14 бірдей генералымен мақтанады. Сондықтан былайғы ел-жұрттың осынау қасиетті өңірді: «Жуалы – генералдар өлкесі» деп атайтыны бір жағынан түсінікті де.
Олар – Тәттібай Дүйсебаев, Александр Тромбачев, Дмитрий Ковешников, Тілепалды Ыбыраев, Есен Демесінов, Роман Чумаков, Бақытжан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диханбек Сатылғанов және Ғабит Миразов. Бұлар сөз жоқ, ізгілік өмір үшін сан ғасырларды күреспен өткізіп, Тәуелсіздік үшін күрескен батыр бабалардың қасиетті жолын жалғастырушылар.
2021 жылдың 7 мамырында Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында осынау қасиетті Жуалы өлкесінен шыққан даңқты генералдардың қатары екі бірдей генералмен толыққаны белгілі. Олар жуалылық қызметкер азаматтар – Арыстанғани Заппаров және Қуанышбек Үштаев. Аталған екі азаматқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Генерал-майор» арнаулы атағы (шені) берілді.
Иә, қасиетті Жуалы ауданынан шыққан танымал даңқты тұлғалар туралы ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелердің жиі айтылатынын жақсы білеміз. Жуалы жерінің табиғаты көркем, дегенмен сонысына қарамай қысы сондай қатал, ал көктемі жайдары болады. Сондай табиғаты ерекше әрі күрделі өңірде туған перзенттері шетінен өр тұлғалы, қайсар мінезді болып өсетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр…
Биыл да Жуалы ауданындағы «генералдар шоғыры» тағы бір азаматпен толықты. Бұл – үлкен қуаныш. Жуалы ауданынан түлеп ұшқан айтулы азамат, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында 35 жылдан бері табан аудармай тер төгіп, қызметін адал әрі жоғары жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Қайсар Сұлтанбаев 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесінің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Полиция генерал-майоры» арнаулы атағын алды. Қасиетті өңірдің даңқын асқақтатуға елеулі үлес қосқан жерлесіміз Қ.Сұлтанбаев 2023 жылдан бері Қазақстан Республикасының ІІМ-ның Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ендігі кезекте айтулы азаматтың өмір және еңбек жолына аз-кем үңіліп көрсек, Қайсар Сұлтанбаев 1968 жылы қасиетті Жуалы ауданына қарасты Шақпақата ауылында (бұрынғы Кременевка) туған. Осындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің (бұрынғы С.Киров атындағы ОМ) түлегі.
Мектепті үздік бітірген арманшыл жас ішкі істер органдарында қызмет етуді басты мақсат етіп, 1990 жылы Ресей Федерациясындағы КСРО Қызыл Жұлдыз орденді Рязань жоғары әскери автомобильдік-инженерлік училищесін де үздік бітіреді. Одан бөлек, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Қостанай заң институтын да жақсы үлгеріммен бітіріп, диплом алған.
Бүгінде «Полиция генерал-майоры» арнаулы атағына ие болған үлгілі қызметкер, айтулы жерлесіміз Қайсар Сұлтанбаевтың да еңбек жолы түрлі сатыдан тұрады. Ол өзінің мансап жолында кездескен қиындықтарды еңбекпен еңсеріп, жоғары тәжірибелі маман ретінде қалыптасты.
Алғашқы еңбек жолын 1990 жылы КСРО ІІМ-ның Ішкі әскер басқармасының моторландырылған полк взводының командирі қызметінен бастаған ол көп ұзамай 1992 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ-ның ішкі әскер жеке бригадасының автоброньды танк қызметінің бастығы қызметіне тағайындалады. Ішкі істер органдарында еңбек жолын бастап, аз уақыттың ішінде мол тәжірибе жинап, өзін жақсы қырынан көрсете білген Қайсар Сұлтанбаевтың 1999-2014 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарының Ішкі істер департаменттерінің (ІІД) жол полициясы басқармасының (ЖПБ) басшысы жауапты қызметін абыроймен әрі үлкен жауапкершілікпен атқарғаны өз алдына өр төбе деуге болады.
Аталған ведомство басшылығының ұйғарымымен тәжірибелі маман, білікті басшы Қайсар Сұлтанбаев 2015-2017 жылдары аралығында ҚР Ішкі істер министрлігінің Орталық аппаратында Автокөлік шаруашылығы басқармасын да жемісті басқарды. Одан 2017-2022 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Тыл департаментінің бастығы қызметін атқарғаны тағы бар.
Ел Тәуелсіздігі мен азаттықтың алтын бастауы болған 1990 жылдың басынан бері қарай ішкі істер органдарында жоғары қызмет сатыларынан өтіп, мол тәжірибе жинақтаумен қоса, білім-білігін жетілдірген Қ.Сұлтанбаев 2022 жылы Қазақстан Республикасының ІІМ-ның Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалса, 2023 жылдың наурыз айынан бастап ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Арнайы атағы – «Полиция генерал-майоры».
Әрбір азаматтың үлкен өмір жолы алтын бесік ауылдан бастау алатыны сияқты, бүгінде «Полиция генерал-майоры» атанған Қайсар Сұлтанбаевтың да балалық шағы қасиетті өңірге қарасты Шақпақата ауылында өтті. Онда ата-аналары, ерлі-зайыптылар – Әбілек пен Қалдыкүл Сұлтанбаевтар бұрынғы «Кременевский» совхозында қатардағы қарапайым еңбеккерлер болатын. Бірі ұжымшардың малын бақса, енді бірі түрлі жұмыстарды шаршамай атқарды. Отбасында алты бірдей ұл-қыз тәрбиелеген үлгілі әрі еңбексүйгіш ата-ана балаларының бойына жақсы тәлім-тәрбиенің нәрін сіңіріп, жоғары білім алуына да тікелей ықпал жасады.
Қайсар Сұлтанбаевтың өмір жолына үңілгенде, мына бір оқиғаны айта кетуге тиіспіз. Ол өмірге келген жылы ата-анасы Жуалы ауданының Мойынқұм ауданындағы жайлауында ұжымшардың қой отарын бағатын. Қайсар Мойынқұмда жуалылық малшы отбасының қараша киіз үйінде дүние есігін ашады. Қазақ киіз үйінің қасиеті осы емес пе, кейіннен оның айтулы азамат болып қалыптасуына да осы жайдың елеулі әсер еткені анық…
– Ағам Қайсар дүниеге келген жылы әкем мен анам Мойынқұм жайлауында совхоздың қойын баққан. Марқұм анамның айтуынша, сол жылдары қалың қар жауып, қыс қатты болады. Содан болар, үлкен ағам Қайсар жастайынан қайсар мінезді болып өсіп, еңбекке де ерте араласып, әкемізге мал бағуға көмектескен.
Ағамның адалдығы мен шыншылдығы өзінен кейінгі іні-қарындастарына жарқын үлгі болып, алдымыздағы адастырмас «темірқазық» бола білді. Оның «Полиция генерал-майоры» арнаулы атағын алған сәтінде әулетімізбен қуандық. Бұл – Ағамның Қазақстан ішкі істер саласындағы көпжылдық еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Ағам Қайсар Әбілекұлы отбасында жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ және балаларына өте мейірімді жан.
Ағам Қайсар отбасында ең үлкен перзент. Отбасында алты ұл-қызды тәрбиелеп, жеткізген әкем мен анам да 2019 жылы дүние салды. Әкем қой, сиыр фермасында еңбек етіп, алдыңғы қатарлы колхозшы болды. Анам туралы толықтыра кетсем, отбасында алты баланы тәрбиелеумен қатар, совхозда жұмысшы болып жұмыс атқарып, 45 жасында бала санымен зейнеткерлікке шыққан. Анамыз 14 жасынан бастап еңбекке араласып, колхоздың сиырын сауған екен. Небәрі төрт кластық білімі болса да ол ақылды, дана және биік парасатты кісі бола білді…
Әкем Әбілек Сұлтанбайұлы мен анам Қалдыкүл Төлетайқызы көзі тірісінде ұл-қыздарынан 19 немере, тоғыз шөбере сүйді. Анамыз «Күміс алқа» алқасының иегері болса, әкеміз тракторшы мамандығын бітіргенімен, кейіннен ұжымшарда алдыңғы қатарлы малшы болып еңбек еткені бар,- дейді Сұлтанбаевтар отбасының ең кенже қызы Гүлнара Әбілекқызы.
Қайсар Сұлтанбаевтың «генерал-майор» арнаулы атағын иеленуі – бір әулеттің ғана емес, тұтастай алғанда, ауданның мақтанышы. Ата-анасының бар үміті мен арманы – ішкі істер саласында қызмет атқаратын үлкен ұлының «генерал» атанғанын көру еді. Тағдырдың жазуына шара бар ма?! Өкінішке орай, ата-анасы ұлдарының биік тұғырға көтеріліп, Қазақстан полициясының арнаулы атағын алған қуанышты сәтін көре алған жоқ… Есесіне ұрпақтары аман.
Қазақстан Республикасы ІІМ-ның Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, «Полиция генерал-майоры», жерлесіміз Қайсар Сұлтанбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның Ішкі істер органдары жұмысының дамуына, білікті кадрлар дайындау ісіне және қоғамдық тәртіп пен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі қомақты. Айтулы азаматтың әлі де талай асқаралы асуларды бағындыратынына біз де сенім білдіреміз…
Қанатың талмасын, қасиетті Жуалының қайсар қыраны!!!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close